Өткен апталарда мұнай-газ компанияларының акциялары барлық әлемдік қор биржаларында өсті. Себебі британдық BP, америкалық ExxonMobil мен Chevron-ның табыстары өскен.
АҚШ пен Ұлыбританияда жаңа атом станцияларында қиындықтар пайда болды
Суретте АЭС әдемі көрінеді. Фото groupeadf.com сайтынан алынды
2,460
оқылды

Табиғи ресурстар өндіретін компаниялардың табыстарының өсуі жасыл энергия сарапшыларының сұрақтарын туғызуда. Financial Times басылымы бұл үрдістерді атом энергетикасымен салыстыра талдаған. Aikyn.kz халықаралық басылымдағы материалға сүйене отырып бұл мәселедегі ядролық реакторлардың орнын түсіндіреді.

Фото georgiapower.com сайтынан алынды

Өткен аптада АҚШ-та салынып жатқан Georgia Power  компаниясы Vogtle атом электр станциясын кеңейту жоспары кейінге шегерілгенін жариялады. Бұл Құрама Штаттардағы ең ірі атом электр станциясы саналады. 

Компания реактордың салқындату жүйесінде анықталған дірілге байланысты станцияның төртінші блогы наурыз айының соңына дейін электр қуатын өндіре алмайтынын айтты. Осыған ұқсас проблема 3-ші блоктың іске қосылуына да әсер еткен. Ол жеті жыл кешігіп қосылған соң өткен жылдың шілде айында жұмыс істей бастаған еді.

АҚШ пен оның одақтастарының көміртегі шығарындысыз энергиямен қамтамасыз ете алатын ядролық жаңаруға қол жеткізу әрекеттері тосқауылдарға тап болуда. АҚШ пен Ұлыбританияның атом энергиясын пайдалануға қатысты екі ірі жобасы артық шығындардың пайда болуы мен техникалық кедергілердің салдарынан үлкен қиындықтармен іске асырылуда.

Westinghouse компаниясының Қытайдағы AP1000 реакторлары. Фото Westinghouse Electric Company сайтынан алынды

Georgia Power  компаниясы Vogtle-нің 4-ші блогының проблемасы шешілгенін және ол екінші тоқсанда жұмыс істей бастайтынын жариялаған. Компания өкілдері бұл АҚШ-тың флагмандық жобасындағы кідіріс пен шығындар сериясының соңғысы болып табылады деп сендіруде.

Қазірдің өзінде станцияның шығындары оның болжанған бастапқы 14 миллиард долларлық құнынан екі есеге асып кеткен.

Атлант мұхитының арғы жағындағы Ұлыбританияның ядролық секторын қайта іске қосу жоспары да қиындықтармен іске асырылуда. Өткен айда француздық EDF компаниясы Ұлыбританияның жетекші Hinkley Point C электр станциясының құрылысы 2029 жылға дейін кейінге қалдырылғанын, оның құны бүгінгі бағамен 46 миллиард фунт стерлингке дейін көтерілгенін хабарлады.

Бастапқы бюджет £18 миллиард болған еді және 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған болатын. Бірақ жоба бірнеше рет сәтсіздіктерге ұшыраған.

Басты себеп Ұлыбританияда EDF-тің салып жатқан атом электр станциясы үшін жиналған миллиардтаған доллар қарыз болған сияқты. Бұл қарызды төлеу үшін Франция үкіметі Лондонға қысым жасауда.

Жаңа технологиямен салынған жоғары қысымды су реакторлары. Фото bizjournals.com сайтынан алынды

Екі жоба да жаңа технологиямен салынуда – жоғары қысымды су реакторлары – Ұлыбританияда EDF компаниясының EPR2 реакторы, ал АҚШ-та Westinghouse компаниясының AP1000 реакторлары қолданылады.

АҚШ-тың ресми өкілдері атом өнеркәсібінің елдің 2050 жылға дейінгі климаттық мақсаттарына қол жеткізу жоспарларының орындалмай қалу қаупі жоғары. Өйткені реакторларды салу ұзақ мерзімге созылады. Құрама Штаттардың ғасырдың ортасына қарай өзін таза энергиямен қамтамасыз ету үшін алдағы екі-үш жылда 5-10 атом электр станциясы салынуы керек. 

Westinghouse компаниясының пікірінше, AP1000 реакторлары бұрынғыларға қарағанда арзанырақ болуы керек. Өйткені оның көлемі кішірек және көптеген бөлшектерді құрылыс алаңдарында тапсырыс бойынша емес, зауыттарда жасауға болады. 

АЭС-тан радиациялық қауіп қашанда сақталады. Фото lirema.com сайтынан алынды

Қауіпсіздік тұрғысынан бұл ойынды толығымен өзгертеді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл АҚШ үшін жаңалық, бірақ әлем үшін жаңалық емес. Өйткені осы реакторлардың төртеуі Қытайда жұмыс істеп тұр және тағы алты AP1000 қондырғысы салынып жатыр.

Бірақ АҚШ пен Еуропа елдеріндегі ядролық реакторларды салу Қытайға қарағанда ұзағырақ. Сарапшылар батыс елдеріндегі реттеу, нарық құрылымы мен заңдық үдерістердегі айырмашылықтар шығындарды бірнеше есе өсіріп жібереді.

Атом энергетикасында осындай қиындықтар тіркеліп жатқанда, табиғи энергоресурстарға сұраныс өсуде. BP, ExxonMobil менChevron, Big Oil  сияқты мұнай алпауыттарының табысы да, нарықтық құны да өсуде.

Атом энергетикасында ескеретін мәселе

Қазақ қоғамында референдумға шығаруға дайындалып жатқан АЭС салу жоспары электр қуатын өндіруде өте тиімді болғанымен, болашақ станцияның қауіпсіздігі мен 40-50 жылдық пайдалану мерзімі аяқталған соң оны залалсыздандыру, консервациясы туралы отандық мамандар да, ғалымдар да үндемей отыр. Жұмысын бітірген реактордың проблемасы мен шығындары болашақ ұрпақтың мойнына артылатын болады. 

Коллаж kursiv.media сайтынан алынды

Сарапшылар Қазақтанда АЭС салу шығындары 10-15 млрд. доллар болады деген ақпарат таратуда. Ал оның қолданыс мерзімі аяқталған соң оны тоқтатуға, радиация сіңіп қалған жабдықтарын утилизациялауға қанша млрд доллар керек болады?

АЭС салуға референдум өткізілетін болса осы мәселелерді ашық жариялау халықтың қабылдайтын пікіріне ерекше әсер етері анық.

Қазақ жерінің шиікзатқа бай потенциалын пайдаланып, АЭС-тің орнына мұнай-газ немесе көмірге негізделген ірі 2-3 электр стансасын салған экономикалық, экологиялық жағынан, болашақ ұрпақтарға таза қоршаған орта қалдыру мақсатында едәуір тиімді болар ма еді!? 

Қазіргі технологияның даму қарқынымен жылу электр станциясынан шығатын көміртегін, басқа да зиянды элементтерді фильтрлермен ұстап қалу да қиын болмауы тиіс. Бұл да асықпай ойлануды, жан-жақты сараптауды қажет ететін мемлекеттік маңызы бар мәселе.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Anton Petrus

Қысқаша анықтамалық мәліметтер

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметтеріне сәйкес, Жапонияның шағын ғана 160 МВт қуат өндіретін Tokai-1 реакторын (32 жылы бойы жұмыс істеп, 1998 жылы өшірілген) тоқтатып, пайдаланудан шығаруға 1,04 миллиард доллар жұмсалады.

Ал АҚШ-тағы 436 МВт қуат өндіретін San Onofre жобасының реакторларын пайдаланудан шығаруға 4,41 млрд доллар жұмсалмақшы.

Сонда Жапонияның Tokai, АҚШ-тың San Onofre реакторларынан 5 есе үлкен 2,4 ГВт болады деп болжанған Қазақстанның АЭС-ын тоқтату мен утилизациялау, консервациялау шығындары 15-24 млрд доллар бола ма? Бұл сұраққа тек тәуелсіз халықаралық сарапшылар ғана жауап бере алады.