Қазіргі уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірлерде туындаған қиындық көп. Қордаланған мәселенің кесірінен шаруалар зардап шегіп отыр.
Депутаттар: Ауа райының кесірінен мал шаруашылығына зиян келіп жатыр
720
оқылды

Бұған байланысты Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарының атынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады. 

Құрметті Серік Мақашұлы! «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарының атына мал шаруашылығындағы соңғы кезде ауа райының салдарынан туындап отырған қиын жағдайға байланысты өтініштер түсіп жатыр.

Қазіргі кезде еліміздің бірнеше облыстарында (Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар) жайылымдарды мұз басуына байланысты табында жүрген жылқы малының өлу оқиғалары орын алып отыр.

Жауын аралас қардан кейін Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарында қысқы жайылымдардағы жағдай нашарлап кетті.

Былтырғы жылдың қуаңшылығына байланысты көптеген өңірлерде егіндік жерлер ғана емес, шөп оратын жерлер де зиян шекті. Сондықтан бүгінгі күні жем-шөптің мүлдем аздығынан жылқыларды үй маңында ұстау мүмкін болмай тұр.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Серік Мақашұлы, Мәжіліс депутаттары сізден жоғарыда айтылған облыстардың әкімдіктеріне төменгідей тапсырмалар беруіңізді сұраймыз:

Біріншіден: Ауа райының экстремалды қолайсыздығы жағдайында қыстау өткізу үшін облыс және аудан көлемдерінде жедел штаб құру. Шаруашылықтар мен малдың барлық түрлері бойынша шынайы ақпаратты нақтылау.

Екіншіден: Қажет болған жағдайда жергілікті аумақ бойынша Төтенше жағдай жариялау.

Үшіншіден:  Қолда бар мал азығын облыстық тұрақтандыру қорларына, ал қажет болған жағдайда «Азық-түлік корпорациясының» АҚ-ның жем-шөп қорларындағы жем-шөпті де пайдалануды ұйымдастыру.

Төртіншіден: Жем-шөп қоры жеткілікті көлемдегі шаруа қожалықтарынан ірі қара мал азығын жеткізу мен пайдалануды ұйымдастыру.

Бесіншіден: Жылқыларды жақсы жайылымдарға, соның ішінде орман қорындағы жайылымдарға ауыстыруды ұйымдастыру.

Алтыншы: Қажет болған жағдайда жайылымдардағы мұз бетін бұзу үшін механикалық өңдеуді ұйымдастыру.

Мал шаруашылығындағы жүйелі шара ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы орындармен бірлесіп жайылымдық жерлерді үстірт және түбегейлі жақсартуды кеңінен жүзеге асыруды ескере отырып еліміздің жем-шөп базасын жақсартудың кешенді бағдарламасын даярлауды сұраймыз.