Бүгінде МӘМС жүйесі бойынша халықтан көп шағым түсіп жатыр. Бірер ай бұрын ғана өткен Үкімет отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын реформалау қажет екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен еді. Осы жайында денсаулық сақтау саласының сарапшысы, елордалық №8 емхананың бас дәрігері Қанат Төсекбаевтің пікірін білдік.
Бас дәрігер: МӘМС-тің уақытылы төленбеуіне жұмыссыздық пен жалақының аздығы себеп
521
оқылды

Қанат Дүйсенбайұлы қор жұмысын реформалау бірден емес, сатылап, уақытылы жүзеге асырылатынын айтады.

«Қазіргі әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылғанына аса көп уақыт болмады, себебі бес жыл – жүйенің толыққанды жұмысы үшін әлі де жеткіліксіз. Сондықтан ынталандыру жұмыстарын қазіргіден де күшейте жүргізу қажет деп білемін. Меніңше, бұл мақсатқа қол жеткізуді министрлік бекіткен барлық клиникалық протоколдарды қайта қарастырудан бастау керек. Олардың арасында заманға сай келмейтін, моральдық тұрғыдан ескірген протоколдар бар», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, аталмыш құжаттар бойынша өткізетін қажетсіз анализдер саны өте көп. Кейбір протоколдар халықтың медициналық көмекті шектен тыс қолдануына итермелейді. Нәтижесінде, көмекке шынымен мұқтаж жандарға жетіспей қалу қатері туындауы мүмкін. Қанат Дүйсенбайұлы дәл осы тұсты ретке келтіруге   денсаулық сақтау саласының ғана емес, өзге де сала сарапшыларын тарту қажет екенін атап өтті.

«Екінші мәселе – тарифтердің толыққанды еместігі. Бүгінде  енгізілген тарифтер әртүрлі деңгейде. Кей тарифтер шамадан тыс толтырылған болса, ал салыстырмалы түрде қарағанда, амбулаториялық-емханалық жүйенің тарифтері аса төмен. Сондықтан бұл айырмашылықты жою керек. Тарифті сәйкесінше жөндеу керек. Одан бөлек, тарифтерді жасау методикасы транспарентсіз, толықтай қаржыландыруға қолжетімсіз, қолданыстағы ақша мөлшерінің қайдан шыққаны, былайша айтқанда, белгісіз. Методиканы жетілдіріп, транспаренттік деңгейін арттыру қажет», – дейді бас дәрігер.

Қанат Дүйсенбайұлы айтып өткен тағы бір мәселе  – жемқорлықпен күрес. Денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша қыруар қаражат бөлінетіні мәлім.

«Бұл дегеніміз – сыбайлас жемқорлық қауіп-қатері жоғары деген сөз. Медициналық көмектің қай медициналық мекемеге бөлінетінін және оның көлемін жергілікті комиссия шешеді, алайда ол комиссия құрамында кім жұмыс істейтінін, қабылданған шешімдердің қандай құжатқа негізделгенінен хабарсызбыз. Мұның бәрі әлі де болса түсініксіз. Бізге ашықтық жетіспейді», – деді ол.

Сондай-ақ медицина саласында цифрландыруға аса көңіл бөліну көзделген. Десе де сарапшы барлық жүйені бір-бірімен байланыстыру қажеттігін айтты. Бас дәрігер атап өткендей, цифрландырусыз барлық процесті бірдей бақылау мүмкін емес.

«Цифрландыруда ақаулар шығып жатқаны да жасырын емес. Бұл да Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмысына әсерін тигізіп отыр», – дейді маман.

Бұдан бөлек, Қанат Дүйсенбайұлы тұрғындардың 83 пайызы сақтандырылғанын, басқа 3,5 млн адам әлеуметтік медициналық жүйемен қамтылмағанын жеткізіп, оған кедергі фактілерге тоқталды.

«Қор жұмысы туралы айтар болсам, қателік жүйеде де бар, уақытылы қаражат төлемей отырған тұрғындар да бір себепке кіреді, себебі жүйенің толыққанды жұмысы үшін менеджментті ілгерілету маңызды. Халықты 100 пайыз қамтуға тұрғындардың қаржылық деңгейінің төмендігі де кедергі, яғни аз жалақы немесе жұмыссыздық. Екіншіден, ағарту жұмыстарының төмендігі. Әлі де болса, әлеуметтік сақтандырудың не екенін, қалай жұмыс істейтінін түсініп, білмей жатқандар бар. Сондықтан үгіт-насихат жұмыстарымен айналысу қажет», – деді ол.

Сарапшы сондай-ақ мүлдем сақтандыру жүйесін пайдаланбайтындар барын екенін сөз етті. Сөз соңында маман мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелеріне деген сенімділікті арттырудың маңызын атап өтті.