Жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге тәуелділігі үлкен проблемаға айналды.
Жаңадан қалыптасып келе жатқан баланың психологиясына желілердің зиянды әсеріне мамандар қатты алаңдаулы
16 жасқа дейінгі балалар енді әлеуметтік желіге шыға алмайтын телефон ұстайды
Әлеуметтік желіге шыға алмайтын телефон. Фото Shutterstock сайтынан алынды
4,160
оқылды

Британдық BBC News басылымы 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желі қолданбаларын пайдалануға тыйым салу қажеттігі туралы мақала жариялады. Шетелдік басылымға сүйене отырып, Aikyn.kz жас балаларды әлеуметтік желінің шырмауынан шығару жолдарын талдайды.

Британдық ресми органдар «16 жасқа дейінгі телефон» идеясын қолдауда. Фото Getty Images сайтынан алынды

Жақында британдық ресми органдар «16 жасқа дейінгі телефон» идеясын қоғамдық ұйымдармен бірлесіп талқылай бастады. Балалар құқығы жөніндегі комиссар Рэйчел де Соуза желідегі қауіпсіздікті күшейту үшін ата-аналар ұсынған «16 жасқа дейінгі телефон» идеясы мен балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу керек дейді.

Рэйчел де Соуза ханым балаларға телефон ұстауға тыйым салу қиын болатынын, бірақ «қарапайым телефондарды» насихаттау үшін көп нәрсе істеуге болатынын айтады.

Теориялық тұрғыдан бұл балалар ата-аналарымен байланыса алатын, бірақ әлеуметтік желіге қосыла алмайтын телефондар болуы мүмкін.

Рэйчел де Соуза бейсенбі күні BBC-ге берген сұхбатында: «Қауіпсіз телефондар жасау үшін Apple мен Google-ге сенуге бола ма?», – деген сұрақтың да қиын екенін ескертеді.

Премьер-министр Риши Сунак Ұлыбритания парламентінде. Фото news.sky.com сайтынан алынды

Премьер-министр Риши Сунак бұрын «Интернеттегі қауіпсіздік» туралы жаңа заң балаларды желіде қорғауға жеткілікті күшті екенін айтқан болатын.

Оның айтуынша, жаңа заң мемлекеттік Ofcom агенттігіне «әлеуметтік медиа компанияларымен сөйлесуге және балалардың желідегі зиянды контентке ұшырамауын қамтамасыз етуге» құқық береді.

Ата-аналар қауымдастығы 16-ға толмаған балаларға смартфондар арқылы әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салуға және ата-аналарды балаларының желідегі іс-әрекеттеріне бақылауды күшейтуге шақыруда. Бұл жерде ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік артылатын сияқты. 

Отбасы бос уақытын бірге, телефонсыз өткізгені дұрыс. Фото IStock сайтынан алынды

Балалар жөніндегі уәкіл бұған дейін де балалардың интернеттегі зиянды контентті қолдануына қатысты алаңдаушылық білдірген болатын. Оның айтуынша, оның командасы сауалнамаға қатысқан 13 жастағы балалардың жартысы әлеуметтік желілерде зиянды контентті жиі көретінін анықтаған.

«Мен балалар 18-ге толғанша ондай контент көргенін қаламас едім», – дейді Рэйчел де Соуза ханым. 

Мына видеоны әрбір ата-анаға балаларымен талдауға кеңес береміз: Ал ата-аналар қолына смартфон тиген баладан оны қайтарып алу мүмкін еместігін де біледі. Лондонның шығысындағы Хакни қаласында тұратын Джеймс Тернхэм BBC Radio арнасына берген сұхбатында балаларының интернетте отыратын уақытын шектейтінін айтады, бірақ оны үлкен қиындықпен істейтінін мойындайды.