Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тартуда алдыңғы орындарда келеді. Бұл FDI Standouts Watchlist ұйымының жыл сайынғы зерттеуінде мәлім болған мәлімет.
Инвестиция игілік көзіне айналса игі
коллаж: Елдар ҚАБА
1,825
оқылды

Аталған зерттеуде 2023 жылғы макроэкономикалық даму және тікелей шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші бойынша топ – ондыққа кірген мемлекеттердің көшін Камбоджа бастаған. Одан кейін Филиппин, Кения, Ирак, Намибия тұрса, бізден кейінгі жетінші орынға Әзербайжан тұрақтапты.

Былтырғы жылдың қорытынды есебінде елімізде экономиканың өсімі 5,1%-ды құрады. Соңғы екі жыл қатарынан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің жылдық көлемі 26-28 млрд доллар болды. Соңғы онжылдақтағы жоғарғы өсім осындай. Бірақ тоқмейілсейтін кез емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастау керегін айтты. Яғни, жұмысқа жаңа серпін қажет. Өйткені негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азаюда. «Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін. Сондықтан ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек», – деді Президент. 

Мемлекет басшысы бұл ауқымды міндетті жаңадан құрылған инвестиция­лық штабқа жүктейтінін жеткізді. Ол үшін инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйені қалыптастыру қажет.

2029 жылға қарай Қазақстанның экономикасының көлемі 450 млрд долларға жетуі тиіс. Ол үшін еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын 6%-дық өсімді көрсетіп отыруы керек деген сөз. Макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар ел тұрғындарының нақты табысы да қарқынды түрде көбеюі тиіс. Ауқымы зор амбициялы мақсат. 

Алайда ішкі-сыртқы инвестицияны көбейту туралы міндет айтарлықтай орындалмай жатыр. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев айқын бастамалардың межелі мерзімінде һәм өз деңгейінде орындалмауын, жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен деп есептейді. «Мысалы, көптеген облыстардың отыз жылдан бері дотацияға қарап, тіпті аудандардың облыс пен республикалық бюджетке кіріптарлығы инвестиция тарту мен экономикалық дамуға деген жайбасарлықтың салдары. Географиялық платформа, табиғи ресурстар сай келіп тұрса да дамымай қалған ауылдар мен аудан, қалалар осының дәлелі. Оның үстіне бюрократия­лық кедергілер де ірілі-ұсақты бизнестің қай түрін болса да тежеп келеді», – деді депутат.

Президент жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбеннің сөзінше, өңірлер бөлінісінде тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп ағыны Атырау облысы мен Алматы қаласының үлесінде. «Алайда статистика көрсетіп отыр­ғандай, 2023 жылдың соңғы ІІ және ІІІ тоқсанында динамика төмендеді (Атырау облысы – 2023 жылдың І, ІІІ тоқсаны аралығында 2,3 млрд, 1,2 млрд, 1,9 млрд АҚШ доллары). Сондай-ақ 2022 жылға дейін жақсы динамика көрсеткен Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылы ағын төмендеді. Ең аз көрсеткіш Жамбыл және жаңадан құрылған облыстарда байқалады. Өңірлерге жеке инвестициялар ағыны үшін әкімдердің жауапкершілігін жүктеу және арттыру инвестициялық саясаттағы тәсілдерді өзгертеді.  Бірақ айта кету керек, бұл проблема мемлекеттік реттеу және басқару жүйесі сияқты жаһандық проблеманың көрінісі. Сондықтан мемлекеттік басқаруды жаңғырту қажет»,– дейді сарапшы.

Әділ әрі бәсекеге дайын экономиканың талабы – заңдылықтың сақталуы.

Елімізге тартылған инвестицияның ел ішінде тамыр жаюы үшін бірқатар мүмкіндік жасалуы тиіс. Дегенмен инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетігінде қиындатылған талап көп. Заңгер Қанат Қожабек алдымен сол талаптарды жұмсарту қажет екенін айтады. «Арнайы инвестициялық жобаларда да, қарапайым инвестициялық жобаларда да қойылатын талап күрделі. Әсіресе, мемлекеттік қолдауға қол жеткізуде бюро­­кратиялық кедергілер өте көп. Екін­шіден, Инвестиция­лық комитет қазір Сыртқы істер минис­трлігінің құзыретінде. Ал ол министрліктің өңірлерде өкілдіктері жоқ. Менің ойымша, ол комитет Ұлттық экономика министрлігінде болғаны жөн. Болмаса арнайы уәкілеттік беріп жеке агенттік ретінде құрса дұрыс болар еді. Үшіншіден, ірі жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға ғана емес, шағын және орта бизнес­ті жүзеге асыратын инвесторларды да қолдауды күшейткен дұрыс», – дейді заңгер.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атқарушы   органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізуді қысқартып, нақты нәтижелі жұмыс істеуге көшуі тиіс деп атап көрсетті. Бұдан былай мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда, Президентке есеп берілуі керек. «Әкімдер инвестиция тартудың орнынан ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады», – деді Президент.

Ескі әдет демекші, аймақ әкімдерінің инвестормен жұмыс істеу тәртібінде әлі күнге дейін әкімшілік кедергілер кездесіп отыр. Бас прокуратураның мәліметінше, Ақмола облысында испаниялық инвестор 3 жыл бойы жер ала алмаған соң, Қазақстаннан кетпек болған. Прокурорлардың араласуынан кейін барып, 63 млрд теңгенің жобасы жұмысын бас­таған. Ведомствоның дерегінше, қазір прокурорлар жалпы құны 7,5 млрд доллар тұратын мыңнан астам жобаны сүйемелдеуде. «Жоба құрамында Жалпыұлттық пулдың 1 011 жобасына кіретін 32 шетелдің және 40-тан астам отандық ірі инвесторлар бар. Барлық инвестициялық жоба зерделеніп, оларға жан-жақты құқықтың баға берілді. 94 инвестордың құқығы қорғалды. Олардың ел экономикасына салған салымдарының жалпы құны 1,4 трлн теңгені құрайды», делінген Бас прокуратураның мәліметінде.

ҚСЗИ сарапшысы Әсел Әбен өңірлерде бюрократияның кесірінен инвестжобалардың орындалу мерзімі мен жал­пы жоспары бұзылып отырғанын айтты. «Мәселен, нысанның құрылысын бастау үшін әртүрлі инстанциялардан 60-тан астам рұқсат қажет. Сонымен қатар ин­же­­нер­лік желілерге қосылу, жер учаске­­­сін алу және тағы басқа проблемалар бар».

Жаңа жоба бастаймын деген кәсіпкердің жолын байлап, жоспарын бұзатын кедергілер тек өңірлерде ғана емес, орталықта да кездеседі. Мысалға, Бас про­куратура Kazakh Invest-мен бірлесіп ат­қарған жұмыс барысында Ақмола облысында инвестордың жұмысына бөгет жасау фактісін анықтаған. Мал азығын дайындайтын зауыт пен құс фабрикасын салу жөніндегі жобаның келісу мерзімін Ауыл шаруашылығы министрлігі  негізсіз созбалаңға салған. «Прокуратураның ара­ласуынан кейін инвесторға оң қорытынды берілді, соның арқасында жоба жүзеге асырылуда. Ал министрліктің департамент басшысы тәртіптік жазаға тартылды», – делінген ведомство мә­ліметінде.

Мемлекет басшысы кеңейтілген оты­рыста Инвестициялық штабтың жұ­мысы жарты жылда бір қорытындыланып, әр министр мен әкімнің атқарған жұмысына нақты баға берілетін болатынын атап айтты. «Талап қатаң болады», – деді Қ.Тоқаев.

Президенттің айтуынша, елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты – Ұлттық инфрақұ­­­­рылым жоспары. Бұл құжат сапалы әзір­ленуге тиіс. Қ.Тоқаев Үкіметке инфра­құрылым жоспарын қайта қарауды тапсырды. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашынов атқарушы билік кіріс пен шығысты тиімді жоспарлай алмауынан нәтижелі жұмыс істелінбей жатқанын айтады. «Елімізде  үш аймақ қана донор болып отыр. Шығындарының 90 пайызын мемлекет субсидиялайтын облыстар бар. Тек 10 пайызы ғана өзін-өзі, онда да негізгі төлемді мемлекеттік қызметкерлердің жалақысынан алатын табыс салығынан төлейді. Бұл жерде қарапайым математикамен қарайтын болсақ, аудан бюджеті төрт миллиард болатын болса, он пайызы, яғни төрт жүз миллионы – табыс салығы деген сөз. Яғни, жаңа кә­сіпорындар ашылмайды, өнімдер өндірілмейді немесе қайта өңделмейді, жұмыс орындары көбеймейді. Осыдан келіп урбанизм мәселесі туындайды. Жұмыс жоқ, адамдар қалаға асығады, баспанаға кезекке таласады. Мұның барлығы инфрақұрылымның жоқты­­ғынан. Соның салдарынан қарызға батып өмір сүріп жатырмыз», – дейді ол.

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін жаңа Премьер-Министр Олжас Бектенов Президенттің тапсырмаларын іске асыру жөнінде шұғыл кеңес өткізіп, алдағы негізгі міндеттерді пысықтап ал­ды. Қаржы министрлігіне он күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізу міндеті тапсырылды. Нәтижесінде, аса маңызы жоқ шығындар айтарлықтай қысқартылуы тиіс. Осы он күн ішінде еліміздегі барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорындары өңдеуге бағытталған өндіріс құрудың нақты жоспарын ұсынулары тиіс. Бұл ретте, өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды түбегейлі арттыруы қажет.  

«Дәл қазіргі кезеңде әрбір күннің қадірін дұрыс түсініп, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Әйтпесе, жаһандық бәсекеге ілесу қиын бо­­лады», – деді Мемлекет басшысы Үкі­меттің кеңейтілген отырысында. Жаңа Үкіметке жүктелген ең негізгі міндет азаматтардың жақсы тұрмысқа қол жет­кізуін қамтамасыз ету. Ол үшін инвес­тицияны игілік көзіне айналдыра білу аса маңызды.

Бауыржан БАЗАР