Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек орман өртінің алдын алу мен онымен күрес тақырыбына байланысты уәкілетті органдарға сұрақ қойды.
Депутат: Неге қылмыстық іс қозғалмаған?
Baq.kz
5,699
оқылды

Орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес тақырыбына арналған Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа, Бас прокуратура өкіліне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкіліне мынадай сұрақ қойды:

Менің 2 сұрағым бар. Біреуі – Ерлан Нысанбаев, сізге; екіншісі – осындағы құқық қорғау органдарына. Алдымен Ерлан Нысанбаев, сізден бастайық. Сіз «лесхоздардың бәрін әкімшіліктен бізге қайтарса жақсы болар еді» депсіз. Бірақ та ТЖМ-нің материалына сәйкес, тек 2023 жылы өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін 1210 әкімшілік протокол рәсімделіпті. Ал тікелей сол сұраққа жауап беретін орман комитеті бар болғаны 50 ғана фактіні анықтады. Соған қарағанда уәкілетті орган 10 есе аз фактілерді анықтап отыр. Не уәкілетті органның шамасы жетпейді, не болмаса бұл өкілеттіліктерді ТЖМ-ге берейік онда. Алысқа барудың қажеті жоқ. Іле Алатауы саябағын білесіз ғой, өзіңіздің басқаруыңыздағы ұйым. Іле Алатау саябағында эко посттың өзінде орманшылар орманға қауіп төнген кезеңде буклеттер таратуы керек. Ол буклетке бюджеттен ақша бөлінеді. Бірақ өкінішке қарай ешкім оны таратпайды. Ол факті бойынша бірнеше рет қылмыстық іс қозғалған. Ал өртке қауіпті кезеңде Іле Алатауына барсаңыздар, кәуәп дайындап жатады. Мұны инспекторлар тексермейді. Бұл жерде енді мынадай сұрақ туындайды. Егер өкілеттілік лесхозды сіздерге берсек, мұндай үлкен өкілеттілікті атқара аласыздар ма? Бұл – бірінші сұрақ. Екінші сұрақ: құқық қорғау органдарына. Бас прокуратура, антикор қатысып отыр мұнда. Қарап тұрсам, 5 облыста  2021-2023 жылдары орман өртінен 14 адам қайтыс болыпты. Сол кезде 183 млрд теңге мемлекетке шығын келді, экологияға зиян әкелді, 5 қылмыстық іс қозғалыпты. Бірақ өкінішке қарай табиғат қорғау полициясы, табиғат қорғау прокуратурасының, әкімдердің, әкім орынбасарының үстінен ешкім қылмыстық іс қозғап жатқан жоқ. Бізде қылмыстық кодекс ие қызметтік іске немқұрайлық деген бап бар, қызметтік іске әрекетсіздік деген бап бар. Неге қылмыстық істер қозғалмаған?-деді депутат Бақытжан Базарбек.