Сыр өңірінде жылыжай жыры таусылар емес. Бұл жоба 12 жылдан бері сағызша созылып келеді. Ал оған бөлінген қыруар қаржының бүгін-ертең қайтарымы болар түрі көрінбей тұр.
Жылыжай жыры бітер ме?
380
оқылды

Жалпы, бұл бастама ең алғаш 2012 жылы қолға алынған бола­тын. Сол кезде осы жоба аясында халықты арзан бағада көкөніс өнім­дерімен қамтамасыз ету көзделген еді. Алайда көпке арман болған көкөніс егу жұмысы іс жүзінде өз нәтижесін көрсеткен жоқ. 

Мәліметке сәйкес, сол уақытта 120 жылыжайды салуға 700 млн теңгеге жуық қаражат жұмса­лыпты. Бұл қаржыға халықты арзан көкөніске қарық қылады делінген жылыжайлардың қаң­қасы тұрғызылған. Бірақ жоспар­лы жұмыстар өз деңгейінде жүзеге аспай, жылыжай нысаны қараусыз күйде қалып кеткен. Бүгінде жыл­дап көңіл бөлінбеген жылыжай кешенінің күйі қашқан. Нысан­ның жабындылары сынған, жылу батареялары да тот басып, жарам­сыз күйге түскен. 

Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, осыдан 12 жыл бұрын көп­­шілікті қуанышқа бөлеген жылыжай осы күні жетімнің күйін ке­шіп тұр. Арзан көкөніспен жа­рыл­қайды деген бірегей жоба аяқсыз қалып, халыққа бірде-бір өнім бұйырмаған. Тұрғылықты халық «қыруар қаржы желге ұшқаны ма?» деп налиды.

Осы орайда аталмыш жобаға бастамашыл болған «Аграрлық несие корпорациясының» Қызыл­орда облыстық филиалы да қорда­ланған мәселені жоққа шығар­майды. Жылыжай жұмысының жүйеленбеуінің өзіндік себебі бар екенін алға тартады.

«Бұл жоба 2012 жылы  Қызыл­ор­да қаласы тұрғындарын қол­жетімді бағада көкөніспен қамта­масыз ету мақсатында қолға алын­ды. Соған орай сол кездегі  «Ауыл шаруашылығын  қаржылай колдау қоры» АҚ тарапынан 120 шағын-жылыжай комплексін салуға 660 млн теңгеге жуық қаражат жұмсал­ды. Соның негізінде  жылыжай­ларды салуға өтініш танытқан кәсіпкерлерге лизингке беруге шешім қабылданған. Алайда сол уақыттағы таңдалған кәсіпкерлер лизинг шартына сәйкес міндет­темелерді орындамауына байла­нысты лизинг шарты бұзылды. Ал 2015 жылы  шағын жылыжай кешенін «Ауыл шаруашылығын қаржылай колдау қоры» АҚ қабылдау-тапсыру актісі бойынша қайта қабылдады. Соған сәйкес, шағын жылыжайлар бойынша ағылшын және голланд әдістері­мен cатып алу рәсімі өткізілгені­мен, оған қатысуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің болма­уына байланысты сатып алу рәсімі  жүргізілмеді. Бертін келе 2017 жылы 70 шағын жылыжайды, ал 2021 жылы 50 шағын жылыжайды іске қосу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жаңа тапсырыс берген кәсіпкерлерге лизинге берілді. Алайда қазір жаңа лизинг шартымен алған кәсіп­керлер шарт бойынша қарас­тырылған төлемдерді өтей алма­уына байланысты сотқа талап-арыз жіберу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лизингтік шарт бойынша жылыжайларға лизингке алған кәсіпкерлер жауапты болып келе­ді», – деп түсіндірді филиал бас­шысының орынбасары Нұрмәди Әлібаев.

Жалпы, бір кездері жарнамасы жер жарған жылыжай жобасына тұрғылықты халық зор үмітпен қарағаны жасырын емес. Себебі осы арқылы қала тұрғындарының 65 пайызын арзан көкөніс өнім­дерімен қамтамасыз етуге мүмкін­дік артады деп сендірді. Бұл жайын­да сол уақытта облыс әкім­дігінде өткен Қызылорда қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңей­тілген мәжілісте қала әкімд­ігінің мәлімдегені ел есінде бо­лар.

Сол кездегі мәліметке сәйкес, арзан көкөніспен қамтамасыз етуге негізделген жылыжай жоба­сы толық іске қосылса, жылына 500 тоннадай өнім жиналады деп жоспарланған. Осы арқылы аймақ жұртшылығының қыс мезгілінде арзан көкөніске деген қажеттілігін толық өтейтіні де айтылды.

Содан бері талай жыл тек тұрумен тозып жатқан жылыжай жұмысы жанданса деген көптің тілегі бар. Өз кезегінде «Аграрлық несие корпорациясынан» жылы­жай жобасының келешегі төңі­регінде де сұрап көрдік.

«Шағын жылыжайды қайта іске қосу үшін қанша қаражат қажет болатынын есептеу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жылыжай кешеніне техника­лық зерттеу материалын дайын­даған. Нәтижесінде, оны қайтадан іске қосу үшін қомақты қаражат қажет екені нақтыланды. Сол себептен қазір жылыжайларды қайта іске қосу мәселесі қаралып жатқан жоқ. Бұған дейін екі жылыжай бойынша инвесторлар мен клиенттерді іздестіру жұмыс­тары жүргізілгенін айта кеткен абзал. Сонымен қатар облыс әкім­дігіне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына, Ауыл шаруашылығы басқармасы секілді бірқатар жауапты орынға хат жолданды. Бірақ жылыжайларды іске қосып, өз бизнесін жүзеге асырғысы келетін кәсіпкерлер бой көрсетпей отыр. Нақты уақытта соттың қарауында жатқан талап-арыздың шешімі күтілуде. Алдағы уақытта жылыжайларды қайта қабыл­дағаннан кейін іске қосатын, қалпына келтіретін және кәсіппен айналысатын инвесторларды іздестіру жұмыстары жалғасады», – деп түсіндірді бұл жайында фи­лиал басшысының орынбасары.

Бұған дейін үмітінен күдігі ба­сым жобаны ара-тұра жандан­дыруға ниет білдіріп, көкөніс егуді қолға алғандар да болған. Бірақ түрлі себеппен бастаған ісін соңына дейін жүргізе алмай, жар ортадан тастап кетіпті. Соның салдарынан қыруар қаржы қар мен жаңбыр суынан тозып, желге ұшып жатыр. 

Айтпақшы, жылыжай жобасы алғаш басталған тұста қала әкімі қызметін атқарған Нұрлыбек Нәлібаев бүгінде облыс әкімі лауазымын тізгіндеп отыр. Соған орай Сыр жұрты аймақ басшысы­нан бір кездері аяқсыз қалған бірегей жобаны қайта жандан­дыру­ға ықпал жасайды деп үміт­пен қарайды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы