Депутат орманшылардың әлі де аз жалақы алатынын айтты.
Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысына бар-жоғы 9 мың теңге қосылған
azattyq-ruhy.kz
741
оқылды

Орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес тақырыбына арналған Үкімет сағатында Парламент Мәжілісінің «АMANAT» фракциясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев орманшылардың жалақысына 9 мың теңге ғана қосылғанын айтты. Депутат осыған байланысты сұрағын Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа қойды.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, орман шаруашылығындағы жұмысшылардың жалақысы бар-жоғы 80 мың теңгеге жетпейтінін айтты.

"Үкімет мүшелерінің орманшыларға айтқан уәдесі өтірік болды. Орманшылармен кездескен соң депуттаттық сауал жолдадым. 100 пайыз жалақысы көтерілген орман шаруашылығындағы басшылар, директорлар, орынбасарлар, инженерлер, инспекторлар екені анықталды. Былтыр орман шаруашылығындағы өрт сөндірушілер 64 349 теңге алып жүрді. Бүгін олардан 1 қаңтардан бастап қанша қосылды деп сұрасам, 9 мың теңге қосылды дейді. "80 мың теңгеге жетпейтін ақша аламыз" деп отыр. 2025 жылы жалақы көтерілгеннің өзінде 164 808 теңге болады екен. Оның пайызын алып тастағанда 140-135 мыңның шамасында болады. Бұл – орманшылардың жұмысын бағаламау. Оларға немқұрайлы қарау", – деді депутат.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл мәселе тағы да қаралатынын жеткізді. "Осы жолы жасап жатқан есеп бойынша, штатта жоқ өрт станциясындағы жұмыскерлердің жалақысын 10 пайыз көтеруді есебін дайындап жатырмыз. Еңбек министрлігімен келісіп, тағы нақтылаймыз. Ақпанның аяғы мен наурызда нақты белгілі болады. Олар нақты 60 мың теңге алмайды. Тағы қосылатыны бар, 100 мыңның үстінде алады. Окладтың көлемі 60 мың теңге. Сендерге қосылам, екі есе емес, үш есе қоссақ та қарсы емеспіз", – деп жауап берді министр.