Тікұшақтың шағын түрі болашақта ірі қалаларда такси қызметін атқаруы мүмкін. Әуе таксилерін жасайтын компаниялар өз өнімдерін нарыққа ұсына бастады.
Ұшатын такси жасалды
eCopter әуе таксиінің қолжетімді түрі болуы мүмкін. Фото FlyNow Aviation сайтынан алынды
2,595
оқылды

Электр қозғалтқыш орнатылған әуе таксилері қоғамдық көліктің бір түріне айналуы мүмкін екенін newatlas.com сайты жазды. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz көліктің мұндай түрі ірі қалаларда ыңғайлы көлік бола ма деген сұраққа жауап іздейді.

Әуе таксидің қызметінің бағасы жердегі таксимен бірдей болады. Фото FlyNow Aviation сайтынан алынды

Қазіргі уақытта бірқатар компаниялар eVTOL (электрлі тік ұшып көтерілу және қону) «әуе таксилері» бойынша жұмыс істеуде. Олардың көпшілігі біздің көзіміз үйренген квадрокоптер дрондардың үлкен нұсқаларына ұқсайды. Дегенмен сарапшылар eCopter-дің нақты пайдалану ықтималдығы жоғары екенін айтуда.

Австриялық FlyNow Aviation стартапы әзірлеп жатқан eCopter автопилоты екі қарама-қарсы айналатын винттерді (бірінің үстінде бірі орналасқан) қамтитын электрлік қозғалтқышы бар ұшу аппаратын таныстырды.

Бұл қондырғыны ЕурОдақ-тың авиациялық қауіпсіздік агенттігі электрлік тікұшақ ретінде қабылдауы мүмкін. FlyNow мәліметтері бойынша, eCopter қолданыстағы классификацияларға жақсы сәйкес келетіндіктен, оны сертификаттау дрон тәрізді көп роторлы әуе таксилеріне қарағанда әлдеқайда жылдам және оңай болуы керек.

eCopter-дің сынақ моделі. Фото FlyNow Aviation сайтынан алынды

Сонымен қатар, бұл ұшу аппаратының беріліс қорабында қозғалатын бөліктер мен жалпы жабдық аз болады. Бұл оның салмағын, материалдық шығындар мен күрделілікті азайтады. Нәтижесінде, басқа әуе таксилерінің көпшілігімен салыстырғанда, eCopter өндіру, сатып алу және пайдалану арзанырақ болады, сонымен қатар батареяның жұмыс істеу диапазоны да ұзағырақ болады деп болжануда.

FlyNow әуе кемесінің бір және екі орынды нұсқаларын, сондай-ақ жүк таситын үлгісін шығаруды жоспарлап отыр. Үшеуі де бір негізгі әуе корпусы негізінде жасалады, яғни әрқайсысын нөлден жобалау немесе жеке жинау қажет емес. Бұл да шығындарды төмендетуге көмектеседі. Ұшақтың «такси ақысы» жердегі таксиде төлейтін ақыдан айтарлықтай көп болмайды деп күтілуде.

FlyNow-де әлі ұшатын прототипі болмаса да, компания толық жабдықталған, толық ауқымды эксперименттік модельді сәтті сынақтан өткізді. Компания eCopter-тің барлық үш нұсқасы да бір рет қуаттаудың арқасында 50 км қашықтыққа дейін 130 км/сағ жылдамдықпен ұша алады. Және үш модельдің де максималды пайдалы жүктемесі 200 кг деп есептелген.

eCopter автопилот жүйесі оны алдын ала жүктелген бағдарлама бойынша бір жерден екінші жерге ұшып апарады. Сонымен қатар электрлі тікұшақ басқа ұшу аппараттарымен немесе ірі құстармен соқтығысудан автоматты түрде сақтандыратын жүйемен жабдықталған.

FlyNow бас директоры Юрген Грейл eCopter коммерциялық өндірісін 2026 жылы бастау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Алдымен жүк үлгісі жасалады, өйткені оны лицензиялау оңайырақ, содан кейін жолаушылар нұсқалары шығады.

Компания қазіргі уақытта бұл тікұшақты әуе таксиі немесе әуе жүк операцияларында пайдалана алатын коммерциялық серіктестермен келіссөздер жүргізіп жатқанын жариялады.