35 жасқа дейінгі кәсіпкерлер үшін 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру бағдарламасы қарастырылған.
Семейдегі өрт: Әкім зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетінін айтты
Фото: gov.kz
387
оқылды

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев «Ақшың» сауда үйіндегі өрттен зардап шеккен кәсіпкерлердің бастамашыл топ өкілдерімен кездесті. Жиында қажетті құжаттарды жинау, субсидия, жалға алу және әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда полиция бөліміне 296 өтініш түсті. Мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Бұл процеске барлық құзырлы орган жұмылдырылған», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Зардап шеккендерге облыс әкімдігі қажетті мемлекеттік қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, 35 жасқа дейінгі кәсіпкерлер үшін 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру бағдарламасы қарастырылған. Екінші деңгейлі банктерге өрт салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің несиесін төлеуді 3 айдан 6 айға дейін кейінге қалдыру туралы хаттар жолданды, өз өнімдерін өткізу үшін кәсіпкерлерге сауда орындары ұсынылды. Жергілікті университеттер өрттен зардап шеккендердің отбасыларына 6 айға дейін оқу ақысына жеңілдіктер жасайды.

Сондай-ақ жұмыссыз қалғандарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін штаб ашылды. Штаб Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада орналасқан.