Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жағдай бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.
Халық жылусыз қалды: Степногор ЖЭО-да тағы да апат болды
Фото: ТЖД
1,425
оқылды

Степногор ЖЭО-да апат болып мыңдаған тұрғын қыс ортасында тағы да жылусыз қалды, деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Жылу электр орталығындағы апаттың салдарынан тұрғындар жылусыз әрі электр жарығынсыз қалғаны белгілі болды. Тұрғындардың айтуынша, KEGOC желісіндегі үзілуге байланысты Степная қосалқы стансасында 7 жерде ажыратылу болған. Апаттан құтқару жұмыстары басталды. Аталған жағдайды Жылу электр орталығы басшылығы да растады. 

«10 қаңтарда күндізгі 13.27-де KЕГОК-та 220кВ желісінде электр энергиясының ажыратылуы болды. 14.07-де электр энергиясы қалпына келтірілді. Ал 14.15-те бесінші энергетикалық қазан мен су қыздыру қазандығын жылыту басталды. 14.20-да жылу трассасындағы айналымды қалпына келтіру үшін желілік сорғылар іске қосылды. «Степногор Теплотранзит» сорғыларды іске қосуда», - деп жазды Степногор жылу-электр орталығынан. 

Степногор қалалық әкімдігі қала тұрғындарын түсіністік танытып, сабырлы болуға шақырды. 

Аталған жағдайға байланысты Энергетика министрлігі де пікір білдірді. Министрлік мәліметінше, жылу электр орталығында технологиялық ақау болған жоқ. 

«Қазір жылу электр орталығына электр қуатын беру қалпына келтіріліп, жылу желісіндегі температураны көтеру жұмыстары басталып кетті. Тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етудің бұзылуын болдырмау үшін желілік судың айналымы ұйымдастырылған», - деді Энергетика министрлігінен. 

Министрлік аталған факті бойынша Ядролық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті тексеру жүргізуді бастағанын мәлімдеді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы