«AMANAT» партиясы борышкерлердің қаржылық төлем қабілетін оңалту бағдарламасын қабылдауды ұсынды.
«Ауыл аманаты»: Елдің экономикалық айналымына 1 миллионнан астам адамды қайтаруымыз қажет
755
оқылды

Аталмыш жоба қарастыратын мүмкіндіктерге қажетті дағдыларды оқу, қайтарымы бар гранттар, өндірістік жабдықтарды алуға мүмкіндік беретін лизинг бағдарламасы жатады. Осы және өзге де мәселелерді «AMANAT» партиясының мүшелері несиесі бар борышкерлер үшін «Ауыл аманаты» жобасының аясына енгізуді ұсынды.

Түрлі дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, 1,7-2 миллион отандасымыздың мойнында 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Бұл шамамен халықтың 10%-ын, экономикалық белсенді азаматтардың азды-көпті 20%-ын құрайды. Олардың басым көбі бейресми жұмыс істейді. Демек бұл онсыз да саны азаймай отырған көлеңкелі экономиканың үлесін арттыра түседі. Сонымен қатар мұндай азаматтар мемлекеттің жеңілдетілген несие бағдарламаларына қол жеткізе алмайды.

«Ең бастысы: оларға балық емес, қармақ беру керек. Қоғам бұндай жағдайға тап болған отандастарымызға қол ұшын созуға тиіс. Сондықтан біз «Ауыл аманаты» жобасының қолданыс аясын кеңейтіп, борышкерлердің қаржылық төлем қабілетін оңалтудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды ұсынамыз. Азаматтарға арнап өндірістік жабдықтарды алуға мүмкіндік беретін лизинг бағдарламасын ашып, сондай-ақ жоба менторларының бақылауымен қайтарымы бар грант құралын пайдалануымыз қажет. Егер борышкер 12 айдың ішінде қаржы институттарынан алған несиені тұрақты төлеп отырса, ондай азамат «қара тізімнен» шығарылып, заңдастырылуы керек. Осылайша елдің экономикалық айналымына 1 миллионнан астам адамды қайтаруымыз қажет. Өкінішке қарай бұған мемлекеттің қолдауынсыз қол жеткізе алмаймыз», – деді партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.