ІІМ-нің “Сұңқар” арнайы жасағының жауынгерлері Дубайда өткен THE UAE SWAT Challenge турнирінде бес күн бойы бақ сынасты. Бұл туралы Polisia.kz. хабарлады.
ІІМ арнайы жасағы Дубайда өткен турнирде бақ сынасты
309
оқылды

ІІМ арнайы жасағы аталмыш турнирге осымен екінші рет қатысты. Биыл жауынгерлер әлемнің 41 елінен қатысқан 74 команданың ішінен 6-орынды қанжығаға байлады.

Жарыстың барлық кезеңі тартысты өтті. Арнайы бөлімшелердің қызметкерлері әртүрлі тактикалық тапсырмаларды орындады. Атап айтсақ, тактикалық дағдыларды, интеллектуалды шоғырлануды және физикалық төзімділікті тексеруге бағытталған шабуыл және құтқару операцияларын жүргізді.

Сынға толы додада Қазақстан жауынгерлерінің бірі ауыр жарақат алып қалды. Алайда бұл кедергіге қарамастан, арнайы жасақ қызметкерлері жарыс кезінде батылдық пен табандылықты, бірлік пен бауырмалдылықтың нағыз үлгісін көрсетті.

Арнайы жасақ алғашқы үш кезеңнен сәтті өтіп, жүлделі 1 және 3-орындарды иеленген болатын. Бірақ төртінші деңгей олар үшін оңай болмады. Жауынгерлердің бірі тапсырманы орындап жатқанда аяғынан жарақат алды. Алайда ол бұған қарамастан жарысты тоқтатпады. Оны әріптестері жарты жолда қалдырмай, межелі жерге дейін сүйеп алып келді. Сонымен, команда барлық кезеңді бірге өтіп, толық құрамда мәреге жетті. Соңғы кезеңде команда мүшесі ауыстырылды.

Сонымен қатар шетелдік әріптестермен байланысуда аудармашы ретінде ІІМ Интерпол қызметкерлері көмектесті. Айта кетейік, THE UAE SWAT Challenge – күш құрылымдарының арнайы күштері арасында өткізілетін бейресми әлем чемпионаты. Оны “Арнайы жасақтар олимпиадасы” деп те атайды. Бұл жарыстың басты міндеті – арнайы мақсаттағы отрядтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру.