«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы ел азаматтарының қаржылық сауаттылығын арттыруға негіз қалайды. Аталмыш жоба өткен жылдан бері 8 өңірде екпінді жүргізілуде.
«Қарызсыз қоғам»: Сыр өңірінде 8 мың азаматты оқыту жоспарланып отыр
830
оқылды

Партия пәрменімен қолға алынған бірегей жоба Halyk Bank банкімен бірлесе жүзеге асырылып отыр.  Осы кезге дейін бағдарлама шеңберінде 65 мыңнан астам азамат қаржылық сауатын жетілдіру курстарынан өтуге мүмкіндік алған. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында да «Қарызсыз қоғам» жобасының қоғам алдындағы тиімділігі жоғары екенін ерекше атап өткені мәлім. Осыған орай  оның игілігін бүкіл ел сезінуі үшін ауқымын кеңейтуді шегелеп тапсырды. 

 

Бүгінде бағдарламаны жүзеге асыруда тиісті органдармен арнайы меморандум әзірленіп, 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан Қаржыгерлерінің қауымдастығы және Микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы жобаны іске асыруға күш салып отыр. Азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін барлық өңірде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды.

«Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылық курстары еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып, 800 мыңға жуық адамды оқыту жоспарлануда. Жобаға қатысатын 800 мың адамның 150 мыңы өздеріңіз секілді азамат  болса, 100 мыңы студент және 550 мыңы мектеп оқушысы. Осы арқылы әрбір қатысушы қаржылық сауаттылығын арттырып, қарызсыз қоғамда өмір сүру қағидатын қалыптастыруға мүмкіндік ала алады», –  деді Қызылорда қаласында өткен алғашқы оқу семинарының ашылу салтанатында сөз алған партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.

Жалпы, «АМАNАТ» партиясының Орталық аппараты бұған дейін халықтың қаржылық сауатын арттыратын мамандар үшін арнайы оқыту өткізді. Оған 150 қаржылық сарапшыны дайындады. Оның қатарында Қызылорда облысы бойынша дәріс беретін 5 қаржы сарапшысы бар. Солардың бірі «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша менеджері, сертификатталған тренер, ментор – Наталья Валентиновна Мишукова. 

«Биыл  жоба аясында Сыр өңірінен 8 мың азаматты оқыту жоспарланып отыр.  Соның ішінде Қызылорда қаласымен қатар, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында дәрістер басталды. Мұндай дәрістер кезең-кезеңімен барлық аудандар мен Байқоңыр қаласында да ұйымдастырылатын  болады. Осы орайда айта кеткен абзал, «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіп ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ  бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ оқу процесіне қатысушыларға заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді», –  деді  өз сөзінде «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша менеджері Наталья Мишукова.

Аталмыш жоба аясында Сыр өңірінде алғашқы 250 азамат дәріс алуды  бастап кетті. Қатысушыларға 5 күн бойына қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша дәріс жүргізіледі. Дәріс күндізгі форматта өтеді және бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Кез келген азамат курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының қалалық немесе аудандық филиалына хабарласуы тиіс.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы