Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі тиіс.
Президент Үкімет пен әкімдіктер берілген мүмкіндікті дұрыс қолданбайтынын айтты
470
оқылды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында тұрған негізгі міндет жайлы айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер өзіне берілген құзыретті тиісті деңгейде қолданбайтынын атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Былтыр экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Алдыңғы Үкімет осы бағытта біраз жұмыс істеді. Кеше мен бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайыловқа алғысымды білдірдім. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды. Себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сол себепті Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 млрд долларға жеткізуіміз керек екенін айтты.

– Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, – деп айтты Тоқаев кеңейтілген отырыста.

Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілген. Алайда, бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кетті. Мұндайды доғару керек.

– Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды. Қазіргі жағдайда экономикамыздың мейлінше еркін дамуына мән беруіміз қажет. Елімізді дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн. Мен былтырғы Жолдауымда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Сондықтан бүгін мен қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталамын, – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.