Ақмола облысы бойынша бірнеше өңірде «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқыту басталды.
Алаяқ арбауына түспеудің жолы бар
814
оқылды

Атап айтар болсақ, Көкшетау, Степно­горск, Қосшы қалалары және Целиноград, Бурабай аудандарында халықтың қар­жылық сауатын арттыру­ға бағытталған жұмыстар жүр­гізілуде.    

«Қарызсыз қоғам» жобасы  − «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған тұрғындар, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады. Сондай-ақ борышкерлерге тегін заң көмегін көрсету жоспарланған. Бүгін Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалалары және Целиноград, Бурабай аудандарында басталған оқытуға 171 азамат келді. Жалпы, 2024 жыл бойы Ақмола облысында 8 200 адамды оқыту жоспарланған. Оқыту жыл бойы облыстың барлық аудандары мен қалаларында бір­неше кезеңмен өтеді. Оқуға тіркелу аудандық, қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімдерінде жүргізіледі.

Оқу курсы барысында қатысу­шылар қаржылық сауаттылықты арттырып қана қоймай, алаяқтар­дың арбауына түспеудің жолдары да айтылады. 

Былтыр еліміздің 8 өңірінде «Қарызсыз қоғам» пилоттық жоба ретінде өз жұмысын бастады. Сәй­кесінше, ол өз тиімділігін көр­сетіп, жалпыхалықтық бағ­дар­ламаға айналды. Былтыр 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, жоба игілігін бүкіл еліміз көруі үшін оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биылдан бастап 17 өңір мен 3 республикалық маңызы бар қаланы қамтитын жобада 150 мыңдай адамды оқыту көзделген.