Алматы облысында «Қа­рызсыз қоғам» жобасы аясында 9 мыңға жуық адам тегін қаржылық сауа­тын арттырмақ.
9 мың адам дәріс алды
848
оқылды

Бұл туралы облыстық «AMANAT» партиясы филиа­лының төраға орынбасары Аслан Кубентаев мәлімдеді.

«Биыл өңірде «Қарызсыз қоғам» жобасының кезекті оқыту кезеңі басталды. Жыл соңына дейін 8 500 азаматтың қаржылық сауатын арттыру жоспарланған. Қазір Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар, Жамбыл, Іле және Ұйғыр ауданында оқу курстары басталып кетті. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданынан 1 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Былтыр осы жоба аясында 8 мыңнан астам өңір тұрғыны қаражатын тиімді басқаруды және шығындарды оңтайландыруды үйренді», – дейді Аслан Кубентаев.

Ал Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі, ментор Айгүл Жай­лы­баеваның айтуынша, ауыл азаматтары қаражатты үнемді әрі тиімді жұмсауды бірте-бірте үйреніп келеді. Курс қа­тысушылары кіріс-шығысты есептей білуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды, дұрыс мақсат қою жайлы пайдалы мәліметтер алады. 

Қатысушыларға түрлі дәрістер беріліп, тіпті үй тапсырмасы да орындатылады екен. Сондай-ақ өз кәсібін бастағысы келетіндерге, табыс табудың түрлі жолдары көрсетіліп, өзге де пайдалы мәліметтер берілмек. 

Оқу жұмыс күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жалға­сып, курстарды қаржылық-экономикалық білімі бар және аудиториямен байланыста бола алатын сарапшылар жүргізеді. Сондай-ақ борышкерлерге тегін заң көмегін көрсету де жоспарланған.

Берік БЕК