Былтыр Ақтөбе облысында 87 тұлғаға қатысты 61 іс түсіп, 106 тұлғаға қатысты 64 іс аяқталған.
Судья: Сотталушылар көбіне есірткіні полицейлер салып жібергенін айтады
8,023
оқылды

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2022 жылы 105 тұлғаға қатысты 66 іс түскен. 7 тұлғаға қатысты 7 іс өткен жылдан қалған. 81 тұлғаға қатысты 60 іс аяқталған. Оның ішінде 79 тұлғаға қатысты 58 іс бойынша үкім шығарылған. 78 тұлға сотталған, 1 тұлға ақталған, прокурорға 2 іс қайтарылған, 31 тұлғаға қатысты 13 іс келесі жылға қалған.

Ал 2023 жылы болса 87 тұлғаға қатысты 61 іс түсіп, 106 тұлғаға қатысты 64 іс аяқталған. Оның ішінде 105 тұлғаға қатысты 63 іс бойынша үкім шығарылған, 100 тұлға сотталған, 2 тұлға ақталған, 2 тұлғаға қатысты 2 іс қысқартылған, прокурорға 1 іс қайтарылған, 12 тұлғаға қатысты 10 іс келесі жылға қалған.

Қаралып жатқан істердің санатына келсек, істердің негізгі бөлігін жеке адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар (адам өлтіру, зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер), халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (заңсыз есірткі айналымына қатысты қылмыстар) құрайды.

Қаралған істерден бүгінгі күннің өзекті мәселесі заңсыз есірткі айналымына қатысты істер болып тұрғаны көрінеді. Соның ішінде есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатымен жасалатын қылмыстар.

Осы жерде, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарының соттылығына жататын Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің (әрі қарай ҚК) 297-бабының 3-бөлігімен қаралатын істерге ерекше назар аудару қажет.

ҚК-нің 297-бабымен есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу үшін жауаптылық көзделген.

1. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу – мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, алты жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) бірнеше рет;

3) аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған;

4) лауазымды адам қызмет бабын пайдалана отырып жасаған;

5) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы;

6) қоғамдық орында жасалған іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырындағы №3 «Есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты істер бойынша заңнаманы қолдану туралы» Нормативтік қаулысында бұл заттарды заңсыз айналымға түсіргені үшін жауапкершілік белгілейтін заңдарды қолдану нақты әрі жеткілікті түсіндірілген.  

Нормативтік қаулының 2), 2-1), 3), 9) тармақтарына сәйкес, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді сатып алу, басқа тауарға немесе затқа айырбастап алу, қарыздың орнына беру, қарызға немесе сыйға алу, тауып алғанды иелену т.б. заңсыз алу деп түсіну керек.

Өткізу мақсатында заңсыз сақтау пиғылымен жасалғаны жөнінде мәселені шешу үшін бұл заттар, сол тектестер анық өткізуге дайындалғандығын дәлелдейтін айғақтар жинағын арқау ету керек (мысалы, жоғарыда көрсетілген заттар, сол тектестер көп мөлшерде табылса, оларды өзі ғана қолданатынын жоққа шығаратын жағдайда, бөлшектеу, оларды дайындайтын және бөлуге арналған құралдар мен жабдықтардың болуы, кінәлінің өзі есірткіні қолданбайтындығы фактісі т.с.с.). 

Есірткі, психотроптық сол тектестерді прекурсорларды бір тұлғаның билігінен басқа тұлғаларға заңсыз өткізу немесе берудің кез келген осы бағыттағы тәсілін заңсыз өткізу деп түсіну керек (сату, сыйлау, қарызын өтеу, айырбастау, қарызға беру, басқа тұлғаға укол салу сонымен бірге байланыссыз тәсілмен, «тығындарды» қолданумен, интернет ресурстарды және электрондық әмияндарды пайдалана отырып т.с.с.).

Мәселе, жастардың бұл қылмысқа көптеп тартылуы. Яғни, жас адамдардың синтетикалық, психотроптық аса ірі мөлшердегі «мефедрон», «альфа PVP» сияқты заттарды аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау және өткізуі.

Жастар осындай жолмен жылдам әрі көп табыс табуға ұмтылады. Олар көбіне өздері есірткі тұтынбайды. Басты мақсат  оңай жолмен жылдам, көп табыс табу. Ал ұсталған жағдайда сотпен оларға кемі он жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Әрине, олар кейін өкінеді, бірақ кеш.

Мына бір сотта қаралған қатардағы бір істі мысал ретінде алсақ.

2023 жылғы наурыз айында А. ұялы телефон арқылы «Telegram» желісіне кіріп, заңға қайшы екеніне қарамастан «@1Hunder» аккаунт қолданушысымен хат алмасу арқылы тергеп-тексерумен анықталмаған «Red Bull» аккаунт қолданушысына өзінің аккаунты арқылы тіркеліп, тергеп-тексерумен анықталмаған «Telegram» қосымшасындағы «Maks» аккаунт қолданушысымен соңғының жіберген психотропты заттардың орналасқан мекенжайы арқылы психотропты заттарды алып, оны әрі қарай Ақтөбе қаласы бойынша жасырып, таратып, әр жасырған психотропты заттардың тұрған жерін ұялы телефоны арқылы фотосуретке түсіріп, координатасын, яғни орналасқан мекенжайын және суретті «Telegram» қосымшасындағы тергеп-тексерумен анықталмаған «Maks» аккаунт қолданушысына жіберіп жұмыс істеуге, жалақысын «Биткоин Кошелек» қосымшасы арқылы алып отыруға келіскен.

2023 жылғы 07 маусымда «Telegram» қосымшасындағы аккаунтына «Maks» аккаунт қолданушысы жіберген Ақтөбе қаласы көшесінде тал маңында жасырылған аса ірі мөлшердегі «мефедрон» психотропты заттарын алып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, психотроптық затты өткізу мақсатында заңсыз иемденген және өзі тұратын пәтерде заңсыз сақтаған. Содан аталған аса ірі мөлшердегі психотропты заттарды 1 граммнан бөліп, өткізуге дайындап қойған.

2023 жылғы 08 маусымда сағат 11:37 шамасында А. Ақтөбе қаласы, бау-бақша ұжымындағы жер телімі маңында үстіне киген кофтасының қалтасында 1 дана қызыл түсті изолентаға оралған «zip-lock» пакетіне салынған ірі мөлшердегі психотроптық зат – мефедронды, жалпы салмағы – 0,75 грамм, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, өткізу мақсатында, заңсыз сақтаған.

2023 жылғы 08 маусымда сағат 15:26 шамасында А. адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, өткізу мақсатында, аса ірі мөлшерде тұрғылықты мекенжайында фольгамен оралған қызғылт түсті пластмасса қасығына салынған салмағы – 0,01 грамм, 2 бумада қара түсті изолентаға оралған ішінде «zip-lock» пакетіне салынған салмағы – 2,00 грамм, түссіз полимерлік пакетке салынған, салмағы – 9,53 грамм, сары түсті полимерлік пакетке, оның ішінде түссіз полимерлік пакетке салынған, салмағы – 932,09 грамм, түссіз полимерлік пакетке салынған, салмағы – 65,48 грамм, жалпы салмағы – 1009,11 грамм психотроптық зат – мефедронды заңсыз сақтаған. 

2023 жылғы 08 маусымда сағат 21:39 шамасында А. 5 бумада қара түсті изолентаға оралған ішінде «zip-lock» пакетіне салынған, салмағы – 5,52 грамм, 25 дана  «zip-lock» пакетіне салынған, салмағы – 25,94 грамм, 20 дана  «zip-lock» пакетіне салынған, салмағы – 20,41 грамм, 20 бумада қара түсті изолентаға оралған ішінде «zip-lock» пакетіне салынған, салмағы – 20,73 грамм, барлығы 70 дана қара түсті изолентаға оралған ішінде «zip-lock» пакетіне салынған, жалпы салмағы – 72,6 грамм психотроптық зат – мефедронды Ақтөбе қаласы, бау-бақша ұйымының аумағында жасырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде заңсыз өткізген.

Осылайша, А. адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде жалпы салмағы 1082,46 грамм психотроптық зат – мефедронды, өткізу мақсатында заңсыз иемденген, сақтаған және өткізген.

А. сотпен ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1,3,5-тармақтарымен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

А. жас келіншек, артында 3 баласы, жолдасы қалды.

Мұндай істерді сотта қараудың ерекшелігі дәлелдемелерге қатысты болып келеді.

Бірінші полицияға түскен хабарламаның тіркелуі, уақытына мән беру қажет. Содан кейін оқиға орнына қарау жүргізу, алу, тінту жүргізу тәртіптерінің қатаң сақталуы қажет. Негізгі дәлелдемелердің бірі медициналық сараптама қорытындылары. Дәлелдемелердің сарапшыға түскен кездегі жағдайы, анықталған зат түрі, салмағы мұқият тексерілуге жатады.

Істердің басым көпшілігі бойынша ұсталған сәтте сотталушылардан алынған ұялы телефондар басты дәлелдеме ретінде танылады. Себебі телефонның мазмұны тексерілгенде сотталушы мен психотропты затты сатушы (Макс, МаксКазах және т.б.) арасындағы Телеграмм желісі арқылы жүргізілген хат алмасулар анықталады. Бұл жерде сотталушылардың закладчик ретінде қалай жұмысқа орналасқанын, тағылымдамадан өткенін, қалай закладка жасау керектігін, координаталар жасауды үйренгенін, оны үйрететін тыңғылықты нұсқаулықтар жіберілгенін, психотроптық затты алғанын, жасырғанын, тапсырманың орындалғаны туралы есептер, заттардың орналасқан координаталары мен суреттері сияқты қылмысты нақты растайтын дәлелдемелер алынады.

Бұл санаттағы істерді қарау кезінде сотта бірқатар сұрақтар туындап жатады. Мысалы, телефонның мазмұнын тексеру кей жағдайда соттың санкциясымен, ал көбіне санкциясыз жүргізіледі. Заттай дәлелдеме ретінде алынған ұялы телефонның ішін қарау тергеу сотының санкциясынсыз жүргізу себебін тергеуші күдіктінің өзі жазбаша рұқсат берді деп түсіндіреді, іске өз қолымен жазған рұқсаты тіркеледі. Телефондағы мәліметтер іс үшін өте маңызды. Бірақ бұл жерде азаматтың жеке басына (тайна личной жизни, переписки, интимная сторона) қатысты құқықтары бұзылады. Ал адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, психотроптық затты өткізу мақсатында деген айыптау осы телефондағы дәлелдемелерге негізделеді.

Сонымен қатар сотталушылар көбіне психотпроптық заттарды полиция қызметкерлері өздері салып жіберді, арандатушылық орын алды деп жатады. Істі қарау кезінде полиция қызметкерлерінің үстінен сотталушылардың арызы бойынша тергеп-тексеру де қатар жүргізіліп жатады, кей жағдайларда тінтуге сот санкциясы алынбай қалатыны да кездеседі.

Сондықтан сотта дәлелдемелерді зерттеуге және бағалауға аса мән беріледі.

Алайда мұндай істердің сотта көптеп қаралатыны, жастардың бірінен соң бірі түрмеге кетіп жатқаны даусыз.

Бұл жерде басты мәселенің бірі және бірегейі  әлгі «Макс», «Red Bull» атты және т.б. заңсыз есірткі саудасымен айналысатын тұлғалардың қылмыстық әрекеттеріне ұзақ уақыт бойы тосқауыл қойылмай отыруында.

Қылмыстық қудалау органдарымен «Макс», «Red Bull» және тағы басқа көптеген заңсыз есірткі саудасымен айналысатын тұлғалардың интернет желісіндегі қызметіне тыйым салынса, шектелсе бұл келеңсіз жағдайлардың аз да болса алдын алуға болар ма еді. Бірақ бүгінгі күні бұл орындалмай отыр. Себебі есірткі бизнесінің өте ірі пайда әкеледі, сондықтан олар да оңайлықпен алдыра қоймасы анық. Бүгінгі күні сотта жауаптылыққа тек курьерлер, закладчиктер, фасовщиктер ғана тартылуда, ал нағыз ұйымдастырушылар, интернет желісі арқылы басқарып, жүргізіп отырғандар жауаптылықтан тысқары қалып отыр.

Сондықтан осы бағытта жұмысты жандандыруды проблеманы шешудің бір жолы деп есептеуге қажет.

 

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы        Н.Бақтығалиев