Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин “Digital Almaty-2024” алаңында брифинг өткізіп, журналистердің сауалына жауап берді.
Қазақстанда өнеркәсіпті цифрландыру үшін геологиялық ақпарат жинақталған платформа құрылды
1,237
оқылды

Форумның негізгі тақырыбы: "Х Индустриясы: Болашақтың цифрлық эволюциясы". Цифрлық даму министрлігінің басшысы өнеркәсіп секторын цифрландыруда атқарылған жұмыстар жайын айтып берді. Қазақстанда геологиялық ақпарат цифрланған Minerals.gov.kz платформасы құрылды.

"Бұрын геологиялық ақпарат дөңесшелерде және кеңес дәуірінің архивтерінде сақталған. Қазір мұның бәрі сканерленіп жатыр. Қазірдің өзінде осындай 30 мың есепті сканерлеп, геокординаттарға байлап, порталға қолжетімді етіп шығардық. Жер қойнауына қызығушылық танытатын компания енді тиісті құрылымдарға барып жүруге міндетті емес, бар болғаны Minerals.gov.kz порталына тіркеліп, қажетті ақпаратты ала алады. Сондай-ақ, онда лицензия алуға, жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін өтінім беруге және, әрине, есептерді және басқа да ақпаратты тапсыруға болады",  – деді министр.

Бағдат Мусин басқа мемлекеттердің отандық цифрлық шешімдерге айтарлықтай қызығушылық танытқанын айтты. Мысалы, форумға Африканың  Того Республикасы мен Сьерра-Леоне елдерінен цифрландыру министрлері қатысты. Шетелдік делегаттар мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бөлігінде қазақстандық тәжірибені қабылдауға мүдделі.

"Қазақстан Республикасы электронды үкімет бойынша әлемде 28-орынды, ал онлайн сервистер бойынша 8-орынды алады. Бұған дәлел - басқа ел өкілдерінің біздің қандай әрекет ететінімізді, мемлекет пен бизнес арасындағы және мемлекет пен азаматтарымыз арасындағы ортаны жақсарту үшін қандай жаңа шешімдер қабылдайтынымызды білу үшін IT-форумдарға келуі", - деді Бағдат Мусин.

Брифинг барысында журналистер Цифрлық даму министрлігінің басшысынан карьерлердегі немесе шахталардағы төтенше жағдай кезінде кәсіпорын қызметкерлерінің орналасқан жерін бақылауға арналған цифрлық шаралар туралы сұрады.

"Шахталарда немесе кәсіпорындарда заманауи технологияларды пайдалану үшін, мәселен, адам құтқару үшін экскаваторлардан немесе басқа жабдықтардан жедел ақпарат беретін өнеркәсіптік интернет қажет. Шахталар, геологиялық барлау жұмыстары, карьерлер, ірі кәсіпорындар қалалардан тыс жерде орналасқан. Бұл базалық станция мен 4G немесе 5G технологиялары болған кезде, сәйкесінше аймақты қамту жоғары жылдамдықта жүреді. Барлық машиналар, барлық қауіпсіздік каскалары, ұялы телефондар датчиктермен жабдықталуы мүмкін, осы байланыс арқылы ақпаратты диспетчерлік пунктілерге өздігінен де, басқару пультімен де жібере алады", — деп жауап берді Бағдат Мусин.

Бағдат Мусин мұндай жабдықтың өте қымбат екенін, сондықтан бүгінде отандық өнімдерді шығарып, шетелдік өндірушілерге тәуелділікті азайту мақсаты тұрғанын атап өтті.

"Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының басшысы Бауыржан Канкин “Digital Almaty-2024” форумының көрмесінде отандық стартаптардың өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша шешімдері ұсынылғанын айтты.

"Қазірдің өзінде олардың табысты жобалары бар. Бұған Шұбаркөл, Polymetal, Ақтөбе Мыс компаниясы сияқты көптеген компаниялар жатады. Қазақстандық шешімдер арқасында орнату құны арзандайды, сондықтан көптеген компаниялар геолокацияны анықтап қана қоймай, ақылды каскаларды орнатады. Толығырақ тоқталсақ, олар қысымды, адамның қимылын, яғни оның қозғалған-қозғалмағанын анықтайды. Егер қызметкер бір минут немесе одан да көп уақыт бойы қозғалмаса, тиісінше бірден диспетчерлік пунктіге бірдеңе дұрыс болмай жатқаны туралы сигнал беріледі", - деп түсіндірді Бауыржан Канкин.

Форум аясында отандық IT-өнімдер бизнесіне қатысу үлесін арттыруға бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды. Сонымен, Binance халықаралық крипто биржасы Biometric.vision стартапымен келісімге қол қойды. Енді азаматтарымыз ЖСН бойынша онлайн-сәйкестендіру арқылы ірі крипто-сервисте тіркеле алады.

Айта кетейік, форумның алғашқы екі күнінде 20 мыңнан астам адам қатысты. Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстан Үкімет басшыларының қатысуымен ЕАЭО пленарлық отырысы өтті. Сонымен қатар, 30-ға жуық панельдік сессия өтті. Іскерлік бағдарламаға барлығы 300-ге жуық спикер қатысады, олардың 70-і шетелдік сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар.