Жетісу облысының орталығы Талдықорғанмен қоңсылас орналасқан, Арқас Алатауының тамаша бір қойнауына қоныстанған кеншілер елді мекені Текелі қала атанғалы біраз тарихты бастан өткерді.
Текеліні тұралатқан түйткілдер
1,222
оқылды

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының атынан батыстан төнген басқыншыларға қарсы атылған әрбір оқтың үшіншісі осында жасалған дегенді тарихтан оқитынбыз. Қойнауы кенге толы болған шырайлы шатқалды бойлай қоныстанған қаланың үйлері мен тағы басқа ғимараттары бір көшенің бойында орналасқаны тағы бар. Бұрын Қонаев атындағы орталық көше ұзындығы бойынша Қазақстанда бірінші орында делінетін. Қазіргі кезде нешінші орында екенін тап басып айта алмаймыз. 

Қалай болғанда да, өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін «Мәскеулік қамқорлықта» болғандықтан, бұл шаһарда тұруға екінің бірінің қолы жете бермейтін. Сондықтан да «жергілікті ұлттың саны саусақпен санарлықтай еді» дейді қаламен бірге жасасқан байырғы тұрғындар. Таудың кені де таусылып, шахталар тереңдеп кеткен соң, бұрынғыдай айрықша қолдау ұмытылғаннан кейін заманында жан-жақтан жиналған тау-кен мамандары, жұмысшылары атамекендеріне немесе жақсы тұрмыс іздеп басқа жақтарға көшіп кетті. Олардың орнын негізінен еліміздің алыстағы қазақы аудандарында тұрған жергілікті жұрт пен алыс-жақын шетелдерден атақонысына қайта оралған қандастар басты. Соның арқасында жергілікті ұлттың саны артты. Алайда кені таусылған, қалақұрастырушы кәсіпорындары жұмысын тоқтатқандықтан немесе шалажансар күйге түскендіктен, мұндағы тірлік оңайға соққан жоқ. Жұрт шамасы жеткенше, өмір көшінен қалмауға тырысты. Таулы жерде табылған басқа кәсіптердің көзін игере бастады. Текелінің тасына дейін өңделетін болды. Тоқтап тұрған тау-кен байыту комбинатының мүмкіндігін пайдалану жолдары қарастырылды. Жылыжайға ден қойылды. Туризмге түрен салынды. Орта Азиядағы бірден-бір ашытқы зауытының жұмысын тоқтатпауға күш салды. Әйтеуір, тірлік ағынын үзіп алмау жолында қарекеттер жасалды. Қалаға басшылыққа тағайындалған әкімдердің әрқайсысы шамалары жеткенше тырысып бақты. Қазір де Текелінің жағдайы тым кері кетіп тұрған жоқ. Облыс халқымен бірге замана көшіне ілдебайлап ілесіп келеді. Жаппай көшу доғарылып, тұрғындар саны тұрақтады. Мәселелер де біртіндеп реттелуде. Бір алаңдарлығы жылдар бойы тұрғындарды мазалап келе жатқан бірнеше түйіткілдің түйіні тарқатылар емес. Олардың басында жарты ғасырдан астам өндіріліп, өңделген кеннен қалған зиянды қалдықтар­дың үйінділерінен тұратын, бүгінде тізбек-тізбек жоталарға айналған қалдықтар қоймасы алабы тұр. Экологтер мен жергілікті жұрт оның зияндылығы туралы дабыл қаққалы отыз жылдан асты, содан бері тағайындалған облыс, аудан әкімдері күн мен желдің, жауын-шашынның әсерінен мүжіліп, ауамен, сумен айналаға таралып, жұртты білдірмей улап жатқан қалдық төбелерді өңдеуден өткіземіз, құртамыз дейді де, ақыр соңында сиырқұйымшаққа салып, ауыздарын құр шөппен сүртіп орындарынан кетеді. Тек қаланы бірнеше жыл басқарған Бақтияр Өнербаев қана нақты қарекеттер жасап көріп еді. Онысы жүзеге аспады. Өйткені қалдық төбелерде кейбіреулердің көздеген жеке мүддесі бар сияқты. Білетіндердің айтуынша, қалдықтар қоймасындағы үйінділерде алтын мен күмісті қоса алғанда, әлемде сирек кездесетін бағасы аса қымбат элементтер бар. Көзін тауып, қайта өңдеуді қолға алса, пайда көл-көсір болады. Мүмкін соның ықпалы болар, әйтеуір әкімдер ештеңе істей алмады. Уәдеден қадір қашқан кезеңде, халық та жалықты. Бүгінде облыс, қала әкімі тұрғындар алдында есебін бергенде бұқара бұл сұрақты кекесінмен қоятын болған. 

Текелідегі 1942-1996 жылдар аралығында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеген қорғасын-мырыш комбинатынан шыққан қалдықтардан құралған, сырт көзге қауіпсіз болып көрінетін үйінді төбешіктер 69,3 гектарды алып жатыр. Мұндағы техногендік минералдық қалдықтың көлемі – 34 мың тонна. 

«Қыс мезгілінде аса қатты зияны жоқ деп ойлаймыз. Өйткені қалдықтар қар астында қалады да, айналасындағы көлшіктер мұзға айналады. Алайда күн жыли салысымен қар мен мұз ериді. Су жерге сіңіп, топырақты ластайды. Таза ауызсу көздерін бүлдіреді. Сол топырақта өскен шөпті мал жейді, су ішеді, жеміс-жидек, көкөніс өседі. Оларды біздер тамақ қыламыз. Арғы жағы айтпаса да түсінікті. Ал жаз айларында сәл жел тұрғанда жаман иіс айналаны тұмшалап тастайды. Демала алмай қаламыз. Отыз жыл болды осы мәселе айтылғалы, әбден түңілдік», – дейді қала тұрғындары. 

Тәуелсіздік алған жылдарға дейін қалдықтар қоймасының қауіпсіздігі қадағаланып, сақтандыру, залалсыздандыру шаралары қолданылып келген. Одан кейін барлығы ұмыт қалып, бүгінде Текелінің экологиялық проблемасына айналды. Жергілікті тұрғындар ауаның лас екенін айтып, жиі бас ауыратынына шағымданады.

«Бұрын бұл қоймаға сәл де болса көңіл бөлінетін, қазір онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Қыста онша білінбейді. Көктем туысымен басталады. Сол қалдық қойма тұрған жақтан жел тұрса, шаң басып, жаман иіс шығады. Ал қаланың екінші бөлігінде қатты сезілмейді. Менің бірнеше балам бар. Солардың болашағына алаңдаймын», – дейді Наталья есімді тұрғын.

Жетісу облысы Экология депар­таментіндегілер де қалдық қойманың зияны болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қалдықтар қатерлі ісікті қоса алғанда, бірқатар аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін. Үйінді төбешіктердегі техно­генді минералды түзілістер, қорғасын мен мырышты қоса алғандағы ауыр металдар ластану көзі болып, қоршаған орта мен адам өміріне кері әсерін тигізеді. Олар кеуіп, құрғағанда желмен ауаға тарайды. Жаңбыр жауғанда сумен топыраққа сіңеді. 

Жетісу облысы әкімдігінің мәліметінше, 2018 жылы облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Текелі қаласының күл-шлак қоймасын рекультивациялауға жобалық-сметалық құжат жасаған. Оған жергілікті бюджеттен 18 миллион теңге жұмсалыпты. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 2020 жылы 484,5 миллион теңге бөлінген. Жобаны жүзеге асыру үшін «Жанай құрылыс-7» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Алайда жобалаушы тарапынан бірқатар мәселе ескерілмегендіктен жоба толыққанды жүзеге аспаған. Сол жылы 92 миллион теңгеге жұмыстың 25%-ы орын­далып, қалған ақша мемлекетке қайтарылған. Жобалық-сметалық құжаттамада шахта суын бұру, судың құрамына талдау жасау сияқты маңызды мәселелер мен рекуль­тивацияға қолданылатын топырақты тасы­малдау шығындары есептелмегендіктен жұмыс аяқталмаған.

Қаланың қазіргі әкімі Алмас Әділ қалдық қойма мәселесін реттеу жолы әлі табыл­мағанын айтады. 

– Біз әлі нақты шешім шығарған жоқпыз. Бірақ қазір бұл экологиялық мәселе емес. Өйткені қалдықтың бетінде су бар. Егер су жоқ болса, қалдықтар желмен көтеріліп, ішіндегі улы элементтер жұртшылыққа залалын тигізетін еді. Десе де, біз мемлекет тарапынан рекультивация жасауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар инвестор тартып, бұл мәселені нақты шешуді қарастырамыз, – деген әкім қыс соңынан жаз келетінін, мұз еріп, су кеуіп кететінін, жел тұрып, жаман иістің ауамен таралатынын, жаңбырдан соң сумен жерге сіңіп, топырақты ластайтынын түсініп отырмағандай. Соған қарағанда, отыз жылға жуық қордаланған мәселе әлі шешілмейтін сыңайлы. 

Текелідегі тағы бір мәселе – заманында қазынаның қыруар ақшасына салынып, Қазақстандағы ең ірі жылыжайлардың бірі атанып, атағы алысқа тараған «Green House – Зеленый дом» жылыжайы. Әлі есімізде, Алматы облысының орталығы Талдықорғанға қайта оралған 2000 жылдардың басында сенбілік жәрмеңкелерде осы кәсіпорынның қияры мен шағын себеттерде өсіп тұрған дәмдегіш шөптерін жұрт жапатармағай сатып алатын. Кейіннен бұл жылыжай раушан гүлдерін өсіруге көшті. Ақыр соңында, есігіне қара құлып ілініп, жабылып тынды. Сонда «Қазагроқаржы» арқылы бөлінген миллиардтар қайда кетті, қайтарымсыз қалды ма? Алты гектарға жуық алқапты алып жатқан, өз алдына бір дербес кәсіпорын болып саналатын жылжай кезінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарына 1,1 млрд теңге несие беріліп, екі жылда қайтарымы болады деп есептелген. Жылыжай Талдықорған қаласы мен маңайдағы аудандарды айтпағанда, ірі мегаполис саналатын Алматыны да қызанақ пен қиярға қарық қылады деп жобаланған. Сол кездегі ең озық технология бойынша голландтық және ресейлік жабдықтар орнатылған. 

Қазір Текелі қаласындағы жылыжайды «Боран» күзет агенттігі қарауылдайды. Ешкімді кіргізбейді, маңайына жоласаң қуады. Әзірге сырты аман, ішінде не болып жатқанын біле алмадық. Әйтеуір, жұмыссыз тұрғанына жылдар өтті. 

Моноқала әкімі Алмас Әділ «жылыжай­дың болашағы қашан жарқын болады?» деген сауалмен мазалағандардан «инвестор іздеп жатырмыз» деген жаттанды жауаппен құтылады. Бұл жолы да содан тайқымады. Оның айтуынша, жылыжайдың жұмыс істемей тұрғаны елмен бірге оның да жанына батады. Қазірге дейін жобаны жандандыру үшін 3 инвестор келіпті. Ресейлік, голлан­диялық және қазақстандық компаниялар шығынның көп екенін айтып, бас тартыпты. Нысандағы жабдықтар әбден ескірген. Оның өзіне 1,5-2 млрд теңге қаржы жұмсауға тура келетін көрінеді. Сонымен қатар инвесторға «ҚазАгроҚаржы» АҚ алдындағы 2 млрд теңгеге жуық қарызын өтеуі тиіс. Мұндай шығын кез келген инвесторды үркітері анық. 

– Жалпы, жылыжай өндірісі үшін 4-5 гектар жер жеткіліксіз. «Green House – Зеленый дом» серіктестігі әу баста межеленген 11 гектарға 6 гектарға жуық қана жылыжай салды. Қазір тұралаған сол нысанға инвестор қарастырып жатырмыз. Егер жобаны жандандырса, жан-жақты қолдауға даярмыз. Жылыжай жанына көгілдір отын желісін жеткіздік. Бұрынғыдай тек орталық жылу желісін пайдаланбайды. Одан өзге жанынан 11 гектар жер қарас­тырып, нысанның аумағын ұлғайтуды да ой­лас­тырудамыз. Дегенмен инвесторларды жылыжайды қайта қосудан бас тарттыратын жай – қаржы. Бұл нысанның қашан қо­сылатынын дөп басып айта алмаймын, – дейді Алмас Әділ.

Сонымен, текеліліктерді тұралатып тұрған бұл мәселелердің шешімі қашан шешімі табылатыны әзірге белгісіз. Бастысы, үміт үзілмесін дейік. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы