Сот қаулысымен кәмелетке толмаған баланың анасы кінәлі деп танылды.
Атырауда 20 күн бойы сабаққа бармаған баланың анасына айыппұл салынды
Фото: baq.kz
1,629
оқылды

Атырауда 3-сынып оқушысы 20 күн бойы сабаққа бармаған. Баласы сабақтан себепсіз қалғаны үшін анасына айыппұл салынды, - деп хабарлайды Aikyn.kz

«Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды. Сотта анықталғандай, құқық бұзушы Ж.-ның ұлы, 3-сынып оқушысы дәлелсіз себептермен 20 күн бойы сабаққа қатыспаған. Оқушының анасы Ж. кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оған білім беру, сондай-ақ күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот отырысында құқық бұзушы Ж. өзінің кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты. Сот қаулысымен кәмелетке толмаған баланың анасы кінәлі деп танылды.

«Сот құқық бұзушының жеке басын, отбасылық және материалдық жағдайын, құқықбұзушылықтың сипатын ескере отырып, оған 24 150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындады», - деп жазылған хабарламада. 

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.