«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша «AMANAT» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов өз баяндамасын оқыды.
Әділ Жұбанов: Нарықтағы бағаны анықтау әдісі жетілдіріліп жатыр
Parlam.kz
923
оқылды

Қаралып отырған заң жобасы Қазақстан Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 856 қаулысына сәйкес 2023 жылғы 4 қазанда енгізілді.

2023 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан  Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында заң жобасы бірінші оқылымда тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 37-тармағының орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірінші. Нарықтағы бағаны анықтау әдістерін қолдану жетілдіріліп жатыр. Халықаралық мәміленің сипатына байланысты осы немесе басқа әдісті дәлірек анықтау ұсынылады, бұл салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Екінші. Нарық диапазонын анықтау механизмі қайта қаралды. Шектен тыс мәндерді қоспағанда, диапазонды нақты бағаларға дейін тарылту ұсынылады.

Үшінші. Капиталды шығару бойынша бақылауды күшейту үшін тараптардың өзара байланысын анықтау кеңейтілді.

Төртінші. Елдің тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік бағасын бақылау көзделеді.

Бесінші. Есеп беру талаптары өзгереді. Енді жергілікті есептілікті ұсыну міндеті резидент емес, тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге жүктеледі. 

Құрметті депутаттар!

Мәжілісте атқарған жұмысқа оралатын болсақ, жалпы заң жобасы бойынша жұмыс тобына 30-ға жуық ұсыныстар келіп түсті. Барлық ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдар, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтар, сондай-ақ коммерциялық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырыстарында қаралды.

Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында жекелеген нормаларды жетілдіру мақсатында бірқатар түзету  қабылданды. Оның ішінде мониторингке жататын мәмілелер мен мониторингі бойынша есептілік ұсынылатын мәмілелер арасындағы аражікті көздейтін, негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі талаптарға қатысты норманы нақтылайтын түзетулер қабылданды.

Сондай-ақ жұмыс тобы заң жобасын заң техникасының қағидаларына сәйкес келтіру мақсатында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады.

Салыстырмалы кесте 26 қабылданған позициядан тұрады. Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. 

Осы айтылғандарды ескере отырып, Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда қабылдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберуді ұсынады.

Қолдауларыңызды сұраймын.