Оқу алаңдарының өсу қарқыны студенттер санының өсуіне ілесе алмай тұр.
Депутаттар ЖОО-дағы оқу-зертханалық алаң жетіспейтінін айтты
751
оқылды

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Қазақстанның білім беру саласында өткір тұрған мәселелердің бірі – жоғары оқу орындары инфрақұрылымының оқу-зертханалық алаңдарына шамадан артық күш түсуін ескере отырып, келешекте олардың жетпей қалу қаупін қозғап,  алдын алуды сұрап, Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Депутаттың айтуынша, 2015-2016 оқу жылдары еліміз бойынша ЖОО меншігіндегі оқу ғимараттарының жалпы ауданы  5 145 мың шаршы метр, оның ішінде тікелей оқу процесіне пайдаланатын оқу-зертханалық үй-жайлардың ауданы 2 661 мың ш/м құраған. Биылғы оқу жылының басындағы жағдай бойынша оқу-зертханалық алаңдардың ауданы 4,4%-ға өсіп, 2 781 мың шаршы метрге жеткен. Осы кезеңде ЖОО студенттерінің жалпы саны 459 мың адамнан 592 мың адамға, яғни 30%-ға дерлік өсіпті.

Оқу процесіндегі орын тапшылығы жалға алынған алаңдар есебінен жабылуда. Егер 2015-2016 жылдары 145 мың ш/м үй-жай жалға алынса, бүгінде жалға алынған аудан көлемі – 1 111 мың ш/м құрап, 7,6 есеге өскен! Осы жерде айта кететін жайт, көп жағдайда жалға алынған үй-жайлар мемлекеттік білім беру стандарттарына қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Жекелеген өңірлерде жағдай ерекше алаңдатарлық. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында биылғы оқу жылының басында жалпы оқу алаңдарының 100%-ы дерлік жалға алынған. Алматы мен Астана мегаполистерінде де оқу-зертханалық алаңдарының мәселесі күрделі. Мәселен, Алматы қаласында 2015-2016 оқу жылдарында ЖОО студенттерінің саны 128 мыңнан, биылғы оқу жылында 186 мыңға дейін, яғни 45%-ға артқан. Осы кезеңде оқу алаңдарының жалпы ауданы  765 мың шаршы метрден 864 мың шаршы метрге дейін 12,8%-ға ғана өскен. Яғни, оқу алаңдарының өсу қарқыны студенттер санының өсуіне ілесе алмай тұр. Астанадағы жағдай да осындай, – дейді Берік Бейсенғалиев.

Оның айтуынша, 2030 жылға дейін еліміз бойынша жоғары білім алушы студенттердің саны 800 мың адамға дейін өсетінін ескерсе, оқу алаңдары көлемінің баяу өсу көрсеткіштері аудиториялар мен лабораториялар тапшылығына әкеледі.

"Сәйкесінше, бірінші кезекте оқу процесінің сапасына теріс әсерін тигізері анық. Осылайша, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын жақсарту, осы саладағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Аталған сұрақты шешуге серпіліс беретін әдіс ретінде жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын салуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (ГЧП) тетігін қолдануға болады деп санаймыз. Осы ретте, қазірдің өзінде студенттердің 55%-ы мемлекеттік емес жоғары оқу орындарында оқитынын ескере отырып, бұл бастама тек мемлекеттік (ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің немесе ведомстволық жоғары оқу орындарына) жоғары оқу орындарына ғана емес, жекеменшіктерге де қатысты қолданылуы тиіс. Осы орайда  «Қаржы орталығы» АҚ-ның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану бойынша тәжірибесін меншік нысанына қарамастан, ЖОО-ның жаңа оқу корпустарын салуда да пайдалануды ұсынамыз, – деді ол.