Қазақстанда шағын және орта бизнестің экономикаға қатысуы 36,5%-ға дейін өскен.
Елімізде бизнесті қолдаудың жаңа бағдарламасы әзірленді
1,700
оқылды

Алдағы уақытта елімізде «Бизнестің Жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары біріктіріледі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Біздің министрлік «Бизнестің Жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі бағдарламаны әзірледі. Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға баса назар аударылды»,  деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысындағы баяндамасында. 

Министрдің сөзінше, жаңа бағдарлама 6 бағыттан тұрады: «Микрокәсіпкерлік», «Шағын және орта кәсіпкерлік», «Өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтердегі шағын, орта және ірі кәсіпкерлік», «Моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік», «Әлеуметтік кәсіпкерлік», «Қор биржасы».

«Осы бағыттар шеңберінде жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджет бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылады. Бағдарлама субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және қаржылық емес қолдаудың өзге шараларына біртіндеп көшуді көздейді»,  деп атап өтті спикер.

Шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын субсидиялау жөніндегі жаңа тәсілдер нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшу арқылы субсидиялаудың сараланған әдісін көздейді. Мәселен, алғашқы 3 жылда субсидиялауды ескере отырып, түпкілікті қарыз алушы  8%, төртінші жылы – 9%, бесінші жылы  10% мөлшерлеме бойынша қаржыландырылады.

«Бұл тәсіл бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және бизнестің нарықтық қаржыландыру тетіктеріне біртіндеп көшуін жүзеге асыруға мүмкіндік береді»,  деді Ә. Қуантыров. 

Жалпы, Қазақстанда шағын және орта бизнестің экономикаға қатысуы 36,5%-ға дейін өскен.