Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті Төрағасының орынбасары Хао Минцзинмен кездесті.
Екіжақты ынтымақтастық
810
оқылды

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Қытай арасында ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан достық пен өзара қолдауға негізделген белсенді саяси диалог қалыптасқанын атап өтті. Стра­тегия­лық ынтымақтастықтың ны­ғаюына екі ел басшыларының өзара сенімге табан тіреген қарым-қатынасы зор ықпалын тигізіп келеді. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапарлары нәтижесінде 28 екіжақты құжатқа және 78 ком­мерциялық келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ палата Спикері парламентаралық деңгейдегі өзара іс-қимылды халықаралық ұйымдар аясында да одан әрі арттырудың маңызды екеніне назар аударды.

«Біз – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысымен ынтымақ­тастықты дамытуға және заңнамалық бағытта тәжірибе алмасуға мүд­де­ліміз. Екі елдің заң шығарушы органдарында парламентаралық достық топтары құрылған. Нақты әрі өзекті мәселелерді шешу жолында осы топтардың әлеуетін пайда­лануымыз керек. Бұл ретте достық топтарына мүше депутаттардың қатысуымен өзара сапарлар ұйымдастырудың және тұрақты комитеттер арасында байланыс орнатудың маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіне қатысты ауқымды мәселе­лерді де талқылады. Сауда-эко­номика­лық және мәдени-гумани­тарлық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға да баса мән берілді. Атап айтқанда, инвестициялық ынты­мақ­тастық, туризм, сумен қамта­масыз ету және тағы басқа бағыттар бойынша өзара байланысты жандандыруға қатысты тың бастамалар сөз болды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының реформа­ларын заңнамалық тұрғыдан қамта­масыз ету үшін Палата атқарып келе жатқан жұмыстар жөнінде айт­ты.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Қытайдың буддизм және даосизм қауымдастықтарына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне жүйелі түрде қатысып және Форум идеяларын қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде Хао Минцзин Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси жаңғыртуларды жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол түрлі діндер арасында диалог қалыптастыру және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін ілгерілету жолында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы маңызды рөл атқаратынын айтты.