Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов бұл мәселені Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалына көтерді.
Атыраулықтарға экологиялық зардап үшін өтемақы төленуі мүмкін
1,228
оқылды

Мәжіліс депутаты сауалында атыраулықтарға 50 пайыздық экологиялық үстемақы төлеп, оны жергілікті бюджет есебінен жүзеге асыруды ұсынған. «Қаңтар айының алғашқы күндері Атырау облысында тұрғындармен кездесіп, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдадық.

Қазіргі таңда шұғыл шешімді талап етіп отырған атыраулық жерлестерімнің мәселесі – экология мен соның аясында төленетін өтемақыларды енгізу. Парламент қабырғасына келген 9 айдың ішінде осы экология мәселесін үнемі көтеріп, жауапты министрлікпен бірнеше мәрте кездестім.

«Есеп беретін – Үкімет» қағидасына сәйкес әзірге 700 мың атыраулықтың уәжін бүгінгі Үкіметтің еститін түрі жоқ. Өңірдің экологиялық проблемаларының өршуіне бірнеше мәселенің негіз болып тұрғаны мәлім. Оның ішінде, облысымыздағы мұнай және газ өндірудің әсерінен болатын экологиялық проблемалар. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздің атмосферасына 131 млн тонна улы, ластаушы қалдықтар шығарылды. Бұған дәлел, өңірдің медициналық ахуалы және өңір тұрғындарының денсаулығының нашар хәлде екені айғақ. Мысалы, Атырауда онкологиялық науқастар мен нәресте өлімінің көрсеткіш республикалық есептен шамамен 30 процентке жоғары. Бұл – қауіпті көрсеткіш», – деп атап өтті депутат.

Сонымен бірге, депутат 2030 жылға дейін Атырау мұнай өңдеу зауытын қала сыртына көшіру, «Азғыр» әскери-сынақ полигонының адамдар ағзасына теріс әсері мәселелерін көтерді.

«Атырауды экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, заңдық негізде экологиялық өтемақыларды енгізуіміз керек. Оған дейін, жоғарыда аталған нақты мысалдарды, сондай-ақ, халықтың денсаулық көрсеткіштерінің өте нашар екенін ескере келе, жақын арада жергілікті бюджет есебінен атыраулық тұрғындарға – кемінде 50 пайыздық экологиялық үстемақы төлеуді енгізуі керек», – делінген депутат Әділ Жұбановтың Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА