Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия былтыр атқарған жұмысын қорытындылап, биылға арналған міндеттерді айқындады.
Әйел мен бала құқығын қорғау: Ұлттық комиссия жұмысын қорытындылады
847
оқылды

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева Мемлекет басшысы қол қойған жарлыққа сәйкес, комиссия мүшелерін ротациялау болғанын айтты. Оған қоса Ұлттық комиссияның бұрынғы мүшелеріне жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, қатысушыларға жаңа мүшелерді  таныстырып, оларға бірқатар міндет жүктеді.

Сонымен ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссияның құрамына Эльмира Каримова, Ләззат Қалтаева, Тілектес Адамбеков, Альфия Адиева, Ренат Зулхаиров, Шолпан Каринова, Муслим Хасенов енді.

«2023 жыл комиссия қызметінде табысты, нәтижелі болды. Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарға сәйкес ұлттық комиссияның өткен жылғы қызметі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге баса мән беріп, билік пен азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар арасындағы сұранысқа ие диалог алаңына айналды. Ұлттық комиссия сарапшыларының қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленіп, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді», - деп атап өтті Аида Балаева.

Комиссия төрағасының сөзінше, 2023 жылы отбасылық, гендерлік мәселелерді талдау, өңірлік ерекшеліктерді бағалау және оның шешімін дайындау үшін Ұлттық комиссияның сараптамалық топтарының өңірлерге бару тәжірибесі енгізілді.

Мониторинг және сараптамалық талдау қорытындысы бойынша жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер мен жазғы лагерьлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, келеңсіздіктерге тосқауыл қою, сондай-ақ балалар арасындағы буллинг пен суицидті алдын алу бойынша бірқатар бастама әзірленді.

Әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі істермен айналысатын адвокаттар мен заңгерлерге арналған арнайы әдістеме әзірленді. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларына жедел әрекет ету алгоритмі дайындалып, мемлекеттік органдардың тәжірибесіне енгізілді. 

Зорлық-зомбылық құрбандарына тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін "One Stop Service" жобасы іске қосылды. Жоба аясында әйелдер мен балаларға қатысты 36 қылмыстық іс бойынша қолдау көрсетілді. Резонанс тудырған 11 іс ерекше бақылауға алынды.

Әлеуметтік маңызы бар 7 жоба, оның ішінде "Самұрық-Қазына" АҚ-мен бірлесіп, 3 қайырымдылық жоба іске асырылды. Олардың қатарында Astana hab-пен бірлескен It-Aiel бағдарламасы бар. Бағдарлама 2 мың жұмыссыз әйелге табыс көзін арттыруға және  фрилансерлік платформаларда ақша табуды табуды  үйрену арқылы қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. «Томирис» ұзақ мерзімді білім беру жобасы қалалар мен ауылдық жерлердегі табысқа жеткен қыздар мен әйелдерді қолдауға бағытталған.

Тағы бір табысты жоба шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсету және тексеру үшін іске қосылған «Саламатты Қазақстан» пойызы.

Отбасы, гендерлік саясат және демография мәселелері бойынша 12 зерттеу ұйымын біріктіретін ұлттық консорциум құрылды. Өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары, отбасын қолдау орталықтары және зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары ашылды. Анықтама үшін  "сенім телефоны" жұмыс істейді.

Отбасы және гендерлік саясат саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі міндеттерге ерекше назар аударылады.

Комиссия Қазақстанды халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде одан әрі ілгерілету жөніндегі міндеттерді орындады. Ұлттық комиссия базасында шоғырландырылған мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ның жалпы қорытындылары беделді халықаралық алаңдарда талқылауға ұсынылды.

Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарды ескере отырып, ұлттық комиссия отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырып отыр.

Жиын соңында комиссия төрағасы Аида Балаева Ұлттық комиссия жұмысының алдағы күн тәртібін белгіледі. Министр биылға арналған бірқатар негізгі басымдық құқықтық мәдениетті және заң бұзушыларға қарсы көзқарасты қалыптастыру, түрлі мақсатты топтармен қоғамдық талқылауды дамыту, адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі міндеттерді атады.