Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов Қазақстанда вейпті таратуға тыйым салу керегін айтып, мәселе көтерді.
Жасөспірімдердің вейпті тұрақты шегуі алаңдатарлық жағдай – Дәулет Тұрлыханов
851
оқылды

Вейп тұтыну, электронды темекіге, әсіресе, жасөспірімдер арасында сұраныс бар. Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында осы негізгі норма көзделген заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жолданды. 

Депутат Дәулет Тұрлыханов «Қазақстан балалар қоры» жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесін де айтты. 

«Сауалнамада апта сайын астаналық және алматылық жастардың шамамен 80 пайызы сатып алатыны айтылған. Сұмдық емес пе?! Ал оның құрамында не бар екені белгісіз. Өйткені елімізде оның құрамын зерттейтін лаборатория жоқ. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020 жылдан бері вейп сатылуы 300 есеге өскен. Енді осыған заң арқылы нақты тосқауыл қойылды», – дейді депутат.

Зиянды заттарға сұраныс күннен-күнге көбейіп барады. Солардың бірі – кальян, қорқор түтіні. Бұл да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті. Тіпті, жасөспірімдердің өзі топталып кальян шегіп, айналасын көк түтінге көмеді. Кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизатор, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашиш те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан бір жан жоқ. Соның салдарынан бүгінде отбасымызбен қоғамдық жерге барып тамақ ішу мүмкін болмай қалды. Айналамыз көк түтін, оның заңсыз екенін ескеріп жатқан кәсіпкер жоқ. Бұл – дабыл қағарлық жағдай.

Вейпинг артериялық қысымның артуына ықпал етеді, миокард пен инсульттің даму қаупін арттырады. Темекінің осы түрін қолдануға әлемнің 35 елінде қатаң тыйым салынған. Электронды темекідегі никотин жас баланың миына 8 секундта әсер етіп, оның тамырын тарылтып, жүрегіне ауыртпалық түсіреді. Сондай-ақ елімізде ересек тұрғындардың 21%-ы темекі тартады. 11-15 жастағы жасөспірімдердің вейптерді тұрақты түрде шегуі - 10%-ды, энергетикалық, тәтті сусындарды ішуі -17,5%-ды, артық дене салмағының таралуы 15%-ды құрайды.

Темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциздің ставкалары көтерілді.

Атап өтілген мәселелерді ескере отырып, депутат мына мәселелерді шешуді ұсынды:

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс.

Үкімет елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет.