Алдағы көктемгі егіс жұмыстарын партия өз қадағалауына алды. Ал оны жүзеге асыра алмаған мәслихаттағы фракция депуттары мандатынан айырылатын болады. Бұл туралы өткен аптада партияның орталық аппаратында өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектор мәселелері бойынша республикалық кеңес пен Партиялық бақылау комитетінің бірлескен отырысында айтылды.
Көктемгі егіс – партия назарында
689
оқылды

Жастар қанатына дейін шет қалмауға тиіс

Мәжіліс депутаттары – республикалық кеңес төрағасы Нұржан Әшімбетов пен комитет төрағасы Павел Казанцев төрағалық еткен жиынға Мәжіліс депутаттары, сарап­шылар, Энергетика министрлігінің, «Азық-түлік корпорациясының» және тағы да басқа тиісті тараптардың өкілдері, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Қазақстанның бидай одағы» ЗТБ Өндіріс комитетінің жетекшісі Талғат Алдажаров, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ  басқарма төрағасының орынбасары Дамир Қалдыбаев шақырылды. Сондай-ақ өңірлердегі партия бөлімшелері мен ведомс­тволық бағынысты ауыл шаруашылығы ме­кемелері онлайн форматта қатысып отырды.

«2023 жыл еліміздің ауыл шаруашылығы саласы үшін төтенше қиын және сәтсіздікке толы жыл болды. Сондықтан мұнда шешімін күткен проблема өте көп. Оны шешуге біздің партия түгелдей атсалысуы керек. Тіпті, жастар қанатына дейін шет қалмауға тиіс. Бүгінде біздің қатарымызда 800 мың адам бар. Олар барлығы 3 829 бастауыш ұйымға біріксе, соның ішінде 2 485 бастауыш ұяшық аудандарда орналасқан. Сол себепті де көктемгі егіс науқанына дайындық жұ­мыс­тары кезінде қандай да бір проблемалар анықталса немесе пайда болса, бірден фи­лиалға немесе Партиялық бақылау коми­тетіне хабарласуын сұраймын. Сондай-ақ мен мәслихаттардағы біздің фракция депу­таттарын жергілікті жерлердегі бастауыш ұйымдармен анағұрлым тығыз әрі жедел жұмыс істеуге шақырамын. Егер сіздер ты­ғыз байланыс ұстап отырмасаңыздар, бүкіл жұмыс нәтижесіз қалуы мүмкін. Ал атқарыл­ған жұмыстар есебін біз қатаң сұрайтын бо­ла­мыз. Тіпті, мандаттан айыруға дейін бара­мыз. Мұндай жағдайлар бізде болған. Егер жұмыс істегілеріңіз келмесе немесе іс­­тей алмасаңыздар, орынды босатыңыздар, кім жұмыс істей алады – соған жұмыс бе­ріңіз­­­дер», – деді сөз басында Партиялық ба­­­қы­­лау комитетінің төрағасы Павел Казанцев.

Одан соң қатысушылардың баяндамасы тыңдалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілі дайындық жұмыстарымен таныстырып өтті. Оның айтуынша, биыл еліміздегі егіс алқаптарының жалпы көлемі 24,1 млн гек­тар екен, яки былтырға қарағанда 5,2 мың гектарға артық. Десе де, әртараптандыру мақсатындағы монодақылдарды азайту іс-шарасы да жалғасып жатқандықтан, бидай алқабы 64,3 мың гектарға қысқарған. Ал күнбағыс, мақсары және қыша сияқты майлы дақылдар көлемі 52,2 мың гектарға артпақ. Сүт шаруашылығын дамыта түсу мақсатында жем-шөп дақылдарының алаңын тағы 3,2 мың гектарға, яки барлығы 62,5 гектарға кеңейту жоспарлануда. Соны­мен қатар суды көп қажет ететін дақылдарды егу алқабы қысқартылуда. Биыл күріш 4,7 мыңға азайтылып, 95,6 мың гектарға, ал мақта 16,4 мыңға азайтылып 100 мың гектарға егілмек. Сөз сыңайына қарасақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егістік жұмыстарына дайын сияқты.

«Жергілікті бюджеттерден тұқым шаруа­шылығына – 12,8 млрд, минералды тыңайт­қыштарға – 32,5 млрд, ал пестицидтерге 33,7 млрд теңге субсидия қарастырылған. Сонымен қатар айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін «Кең дала» бағдарлама­сы бойынша 140 млрд теңге көзделген. Ал форвардтық сатып алу бағдарламасын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен «Азық-түлік корпорациясының» жарғылық капиталын ұлғайтуға 40 млрд теңге қаржы бөлінбек», – дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

АШМ өкілінің айтуынша, 2024 жылғы егін егуге 2,4 млн тонна тұқым қажет екен. Оның 92%-ы дайын, яки фермерлер 2,2 млн тонна жаздық дақыл қорын жинап қойған. Сараптамаға соның 1,4 млн тоннасы түссе, тексерілген көлемінің 79,1%-ы кондиция­ланған, демек тұқымға жарамды деп та­нылды. Олар егу стандартының 1-ші және 2-ші класына сәйкес келеді. Ал минералды тыңайтқыштар бойынша биылға қажет 718,8 мың тоннаның 56%-ы елімізде өн­діріледі. Олар – 400 мың тонна аммиак селитрасы мен аммофос сынды отандық өнімдер. Агротехникаларға келсек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 149,8 мың трактор, 4,9 мыңнан астам егіс кешен­дері, 76 мың тұқым сепкіш және 219 мың топырақ өңдеу құралы бар. Олар қазір 80%-ға дайын. Сондай-ақ арзандатылған дизель отынының қажеттілігі 340 мың тонна. Олар нарықтағы бағадан 15%-ға арзан, яки литріне 250 теңгеден берілетін болады.

Мемлекеттік қаржы мардымсыз

Одан соң сөз алған «Қазақстанның ас­тық одағы» ЗТБ Өндіріс комитетінің жетек­шісі Талғат Алдажаров АШМ-ның да­йындық жұмыстарын жоққа шығарды деуге болады. Ол еліміздің агросекторы жыл сайын қаржы тапшылығынан зардап шеге­тінін алға тартты. Өйткені шаруалардың шығындары жеткілікті көлемде өтелмейді. Ал беріліп отырған қаражат мардымсыз.

«Ұлттық статистика бюросының дерек­тері бойынша, 2024 жылы астық өндіру­шілерге ауыл шаруашылық дақылдарының негізгі 11 түрін егу үшін шамамен 864 млрд теңге қажет екен. Ал жыл сайын шығындар кем дегенде 25%-ға өсіп отыратынын ескерсек, биыл бұл сома шамамен 1 трлн-нан асады деуге болады. Ендеше мемлекеттің көктемгі егіс жұмыстарына бөліп отырған 180 млрд теңгесі, жалпы қажеттіліктің тек 17%-ын ғана жаба алады. Сонда жылдағыдай қаржыдан тапшылық болғалы тұр. Шын­дығын айтқанда, ұзақ жылдардан жалғасып келе жатқан бұл ахуал еліміздің ауылшаруа­шылық саласын пұшайман күйге сап қойды. Мәселен, астық өндіруге жұмсалатын шығындар жыл сайын 25-40%-ға өседі. Ал нарықтағы астықтың бағасы өспейді. Содан келіп егіннің алқабы қысқарып, шығымы азайып келеді. Сонымен қатар сапасы да төмендеп барады. Өйткені өзіндік құны жоғары болғандықтан, отандық өнім ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетсіз. Астық өндірушілер өндірісті да­мыт­пақ тұрмақ, қарапайым агротех­ноло­гияларды сақтауға да дәрменсіз», – дейді ол.

Талғат Алдажаровтың айтып отырған сөзінің жаны бар. Неге десеңіз, бидай ал­қаптарының қысқарып бара жатқанын ми­нистрлік өндірісті әртараптандыру, со­ның ішінде монодақылдарды азайту саяса­тымен де бүркемелеуі әбден мүмкін. Өзімізді-өзіміз қамти алатын мүмкіндігіміз бола тұра, сырттан астық импорттауымыз да көп нәрсені аңғартса керек. Оның бір себебі – тұқым жетіспеушілігі.

«Бізде тұқым мәселесі өткір тұр. Өйткені бидай себу үшін шамамен 2 млн тонна қажет, бірақ кондициялық тұқымдардың нақты қоры 1,2 млн тонна ғана. Тапшылық – 800 мың. Сол үшін де Үкімет тұқым ретінде «Азық-түлік корпорациясының» резервін­дегі 400 мың тонна тауарлық бидайды бер­гелі отыр. Бірақ көп сарапшы ол жарамайды дейді. Себебі элеваторға сақтауға тапсыр­ғанда олар  араласып кеткен әртүрлі сұрып­тағы бидайлар. Яки пісіп-жетілу уақыты да, басқадай ерекшелігі де әртүрлі. Сондықтан оны себуге болмайды», – дейді «Қазақстан­ның бидай одағы» ЗТБ Өндіріс комитетінің жетекшісі Талғат Алдажаров.

Оның айтуынша, көктемгі егістікке дайындықты дұрыстап жүргізу үшін қысқа мерзімде бірқатар проблеманы шешіп үлгеру қажет. Олар – 15 ақпанға дейін тұқым алуға ақша бөлу, соның ішінде форвардтық сатып алу арқылы. Диқандар ол тұқымдарды өздері таңдап алуы керек. Сондай-ақ тұқымды им­порттауға салынатын Қосылған құн са­лығынан бір жылға босату қажет. Жыл сайын пестицидтер алуға 90 млрд теңге көлемінде тауарлық кредит беріледі. Биыл шаруаларда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан бидай өсірушілерге өсімдікті қорғау құралдарын жеткізіп берушілер алдындағы қарызынан құтылуға ақша тауып беру керек. Тағы бір маңызды мәселе – мемлекет қарастырып отырған 180 млрд теңгені 500 млрд-қа дейін өсіру. Сонда мемлекеттік қамтуды 50%-ға жеткізуге болады екен. 

Проблеманың түбірі – тұқымда

Пробеламалар тізбегін келесі кезекте сөз алған «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ  басқарма төрағасының орынбасары Дамир Қалдыбаев та жалғас­тырды.

«Бүгінде елімізде бидайдың үздік 35 сортының 16-сы ғана қазақстандық, қалған 19-ы шетелдік. Өкінішке қарай, мұндағы жағдай нашарлап барады, сол себеп отандық сұрыптар азая беруі мүмкін. Өйткені 16 сұрыптың тек бесеуі ғана таза отандық өнім, қалғаны аралас. Оның өзінде де олардың сипаттамалары ескіріп барады. Себебі ірік­теп шығару жұмыстары жақсы жүрге­німен, жерсіндіру жұмыстарында қиындық көп болып тұр. Әлемде климат қатты өзгеріп келеді. Суы көп жылдар бізде 30 жылда бір болса, қуаңшылық кезеңдер бес жылдың үш жылында кездесіп отыр. Сондықтан да біз ыстыққа төзімді сұрыптарды іріктеп шы­ғаруы­мыз керек. Мәселен, дәл қазір бізде тұтастай Солтүстік Қазақстан бойынша ре­кордтық ылғал қоры бар. Топырақ қабаты­ның метрлік өлшемімен алсақ ол – 130-180 мм. Оны әр сорт әртүрлі қабылдауы мүмкін. Тәжірибеміз көрсеткендей, сол жерге егіл­ген көп пайдаланылатын шетелдік сұрыптар жаз уақытында жаңбыр жаумаса да 5-6 центнер берген болса, ал біздің тұқымдар 12-13 центнер берді. Өйткені олардың та­мыры тереңге кетеді», – деді ол.

Оның айтуынша, қазір тұқымға деген сұраныс Ресей тарапынан да өте жоғары болып тұр. Сол себепті тұқым экспортына тыйым салынған. Бұл – өз шаруаларымызды қорғау үшін керек шара. Бірақ еліміздегі диқандар  шетелден арзан тұқым импорттауға құмар боп тұр. Оның өнімділігіне кепілдік жоқ. Сол себепті жұмсаған шығындарын қайтара алмай қалуы әбден мүмкін екен.

Баяндамашылардан кейін сөз алған Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев көктемгі жұмыстарды жыл басында талқылап отырудың себебін ертерек қамдану мақсатымен түсіндірді. Сол кезде анықталған немесе пайда болған проблема­ларға уақытында ден қоюға болады.

«Біздің аграрийлерді биыл да түрлі се­беп­тен туындаған үлкен қиындықтар күтіп тұр. Олар – мемлекеттік қолдаудың уа­қытында берілмеуі, тұқым жетіспеушілігі, содан келіп егістік алқаптардың қысқаруы, агротехнологияларды сақтамау, егіннің аз шығуы, одан қалды өнімді өткізудегі кедер­гілер, соның ішінде астық бағасының тө­мендігі, оған ілес белшеден қарызға бату, тех­никалық парктің тозуы және тағы бас­қалар. Мұның соңы азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне, яки әлеуметтік кикілжің­дерге алып келуі мүмкін. Әрине, мемлекет бұл мәселелерді шешу үшін республикалық деңгейде кешенді іс-шараларды жасап жатқаны рас. Бірақ жергілікті жерлерде бюрократия, немқұрайдылық, қызметіне салғырт қарау, шала ұйымдастыру, баяулық белең алып тұр. Айталық, бөлінген қаражат әдетте шаруаға көктемнің соңында, дән егу нау­қаны аяқталған соң жетеді. Ал бұл уақыт­та олар несие алып, қарызға батып отырады. Сол себепті субсидия берудегі проблема­ларды жою керек. Біріншіден, бұл баяулық, ақпараттық түсіндіру жұмыстарының кем­шіндігі. Көптеген аграри оны қалай рәсімдеу керегін түсінбейді. Тіпті, рәсімдеу жүйесінің өзі жетілдіруді қажет етеді», – дейді Мәжіліс депутаты.

Бұл ретте партия кешенді түрде әрекет ететін болады. Тиісті мемлекеттік органдар бұрыннан келе жатқан жүйелі проблемалар­дың түйінін тарқатып қана қоймай, осы жолы бүгінгі мәселелер де жекелеген өңір немесе ауданда жергілікті жерде шешімін таппақ. Жер-жердегі жағдаймен танысу үшін өткен аптада ПБК-нің жұмыс тобы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыста­рында болған екен. Сол кездерде де бүгінгі айтылған көптеген мәселені зерделеп қайт­қан. Соның ішінде ірі ауыл шаруашылығы нысаны «Атамекен Агро» холдингіне барып қайтқан. 

«Сол сапарымызда көп мәселені анық­тадық. Соның тез шешуді қажет ететіні – тұқым тапшылығы. Проблеманың күр­делілі­гін айқындау үшін мысал кел­тірсем, хол­динг­тің өзінің тұқым шығаратын зауыты бар. Бірақ соның өзінде ішкі нарыққа сатуға немесе экспортқа шығармақ тұрмақ, өз­деріне тұқым жеткізе алмай отыр. Бұл көк­тем уақытында кейбір өңірде егістік науқаны тұралап қалуы мүмкін екенін білдіреді.

Тағы бір мәселе, былтыр егін бітік шық­пағандықтан, көп фермер шығынға ұшы­рады. Олар осы уақытқа дейін қарыз беру­шілерімен есеп айырыса алмай отыр. Сон­дықтан тез арада дотациялар мен субси­диялар керек. Бірақ жаңағы айтқанымдай, мұндағы жұмыстар өте баяу. Шындығына келгенде, бұл мәселені біз былтыр мамыр айында көтерген болатынбыз. Бірақ «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып отыр. Бұл тұста бірінші кезекте ұсақ және шағын ша­руа қожалықтарының қаржылық мәселесін шешу керегіне назар аудартқым келеді», – деді Партиялық бақылау комитетінің төра­ғасы Павел Казанцев.

Жиын төрағасынан соң өңірлердің пікір-өтініштері тыңдалып, депутаттар баяндамашылар мен шақырылған тарап өкілдеріне сұрақтар қойды. Соның ішінде жер-жерлердегі агросала өкілдерін алаң­дататыны бірінші кезекте қаржы екенін аңғардық. Ақша мәселесі шешілсе, басқа мәселе де шешілмек. Осы ретте сөз алған депутаттардың да, сарапшылардың да сын садағына іліккені Ауыл шаруашылығы министрлігі болды. Десе де, әзірге сынға шын көңілмен ден қойған ведомство өкіл­дерін байқамадық. Ал одан қандай нәтиже шығарарын алғашқы соқаның дауысы, түреннің тартысы көрсетпек. Десе де, партия оларды тырп еткізбек емес! Егіс жұмысынан бастап, орақ науқанына дейін министрлікті қадағалауда ұстайтын болады.

Нұрлан ҚОСАЙ