Сот шешімі заңды күшіне енді.
Бурабайдағы Rixos қонақүйіне 4,8 млн теңге айыппұл салынды
Фото: tengrinews.kz
801
оқылды

Бурабайдағы «Rixos» қонақүйіне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін 4 830 000 теңге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Бурабай аудандық сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысымен „Burabay Hotel Management“ ЖШС әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін, атап айтқанда ҚР халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының, сондай-ақ адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан гигиеналық нормативтердің талаптарын бұзғаны үшін кінәлі деп танылды (ӘҚБтК 425-бабының 2-бөлігі). Сот ЖШС-ге 4 830 000 теңге көлемінде айыппұл салды», — деп түсіндірді Kazinform тілшісінің сауалына Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.

2023 жылғы 13 қыркүйекте Бурабай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы «Rixos» қонақүйін тексеру барысында бактериялық ішек инфекциясын анықтаған.

Одан қонақүйдің 21 қызметкері зардап шекті.

Сотта ЖШС өкілі кінәсін мойындап, аталған кемшіліктер толық көлемде жойылғанын түсіндірді.

ЖШС мынадай талаптарды бұзған:

  • кесу жабдықтары, өндірістік үстелдер мен ыдыстар таңбаланбаған, оларды ауыстыру қажет;
  • дайын ет өнімдеріне сапа куәлігі және сәйкестік туралы декларация жоқ;
  • «Коспа» жарамдылық мерзімі өткен өнімдер табылған;
  • кондитерлік өнімдер таңбалаусыз сақталған;
  • бактерицидтік шамның жұмыс істеген уақыты есепке алынбаған;
  • ас блогының қызметкерлеріне күнделікті тексеру жүргізілмеген;
  • тексеру кезінде 13 қызметкерде «St.aureus» бары анықталған.
  • ІТТБ және ПФ-дағы 5 жуу сынамасында ішек таяқшасы тобындағы бактерия анықталды.

«Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы 2-бөлігінің санкциясы ірі кәсіпкерлік субъектісіне 2 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды көздейді. Сот кодекстің 819-бабы 2-бөлігін қолдана отырып және ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескере отырып, айыппұлды 30 пайызға қысқартты», - деп толықтырды ведомстводан.

Сот шешімі заңды күшіне енді.