«Тараз» десе, өкінішке қа­рай, тоқсаныншы жылдар­дағы бұзақылар мен бергідегі тен­тектер еске түсе­тін кездер бо­лады.
Жастар қылмысы жаға ұстатады
656
оқылды

Кейінгі жылдары жас­өспірімдердің, тіпті кол­ледж­­дер мен мектеп қабыр­ға­сындағы оқушылардың қыл­мысы көптеп тіркелуде. Күні кеше облыстық кәмелет­ке тол­мағандардың істері және олар­дың құқықтарын қорғау жө­нін­дегі комиссияның отыры­сын­да да жасөспірім­дер ара­сын­дағы қылмыстар күн тәр­ті­бі­не көтеріліп, тір­кел­ген көр­сет­кіш көптің жаға­сын ұстатты. 

267 студент колледжішілік, 93 жеткіншек полиция есебіне алынған

Облыс әкімдігі Білім басқар­масы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың сөзіне сүйенсек, былтырғы 12 айда кәмелетке толмағандар жаса­ған қылмыстар 2022 жылмен са­лыстырғанда 28,1 пайызға кеміген көрінеді. Алайда тізімге алынған жастардың көрсеткіші көңіл көн­шітпей тұр. Мәселен, былтыр 267 студент колледжішілік есепке алынса, 93 жеткіншек полиция бөлімінің есебіне қойылған. 

М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбектің айтуынша, былтыр жасөспірімдер арасында 92 қыл­мыс тіркеліпті. Оның 4-і жоғары оқу орнының студенті болса, 29-ы мектеп қабырғасында, 53-і кол­ледждерде білім алуда. Байқап тұрсаңыздар, тіркелген 92 қылмыс­тың жартысынан көбін колледж студенттері жасаған. Арнаулы орта оқу орнына мектептің 9-сы­ны­бын аяқ­таған соң қабылдайты­нын ес­керсек, 14-15 жастағы бала­лардың бұзақылыққа баруына не себеп екенін түсіну қиын. Мұнысы «Бала – үйде, қылығы – түзде» деген­дей, ата-анасының бақы­лауы­нан шы­ғып, еркіндігі өз қо­лына тиіп, бе­тімен кетуі ме? Әлде кол­ледждер студенттерінің тәртіп мәселесіне немқұрайды қарап отыр ма? 

«Парасат» колледжі көш бастап тұр

Облыстық кәмелетке толма­ғандар істері және олардың құқық­тарын қорғау жөніндегі комиссия­ның отырысында қай колледждің студенттері қылмысқа жиі бара­тын­­дығы да ашып айтылды. Об­лыстық білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, кәмелетке толмағандар қылмысы бойынша «Парасат» колледжі 19 дерекпен көш бастап тұр. Одан кейін «Бо­лашақ» және Жамбыл меди­ци­налық жоғары колледжінің әр­қай­сысында 7 деректен тіркелген. «Аспара», Жамбыл политех­никалық жоғары колледж­дерінде 5 қылмыстан орын алған. 

Сонда бір жылдың ішінде 92 қыл­мыс тіркелді деп есептесек, айы­на орта есеппен 7-8 заңбұзу­шылық тіркеліп отырған. Бұл дегеніңіз – аптасына кем дегенде 1-2 студент қылмыс жасайды деген сөз. Ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп, бар үмітін соларға артып отырған ата-ана үшін бұл – жантүршік­тірерлік статистика. 

Бір жасөспірімнің үстінен 6-7 қылмыстық іс қозғалған

Әдетте, кінәні өзімізден емес, өзгеден іздеу қанымызға сіңген дерт­ке айналды ғой. Жастар қыл­мысы бойынша көш бастап тұрған «Парасат» колледжінің басшы­лығы да бар мәселені мектептерге сырғытып, өздері сүттен ақ, судан таза шығуға тырысуда. 

– Көп жағдайда балалар мектеп қабырғасында бұзақылығы бойын­ша есепке алынып, содан кейін біз­ге келіп жатады. Сондай-ақ бас­қа білім ордаларынан колледж­ге ауысып келіп жататын жастар көп. Содан біздің арнаулы орта оқу орнымыздың көрсеткіші жағым­сыз көрініс табуда. Бұдан бөлек, 

1 баланың өзі бірнеше қылмыс жасайтын жайттар болып жатады. Мәселен, 1 студентке қатысты 6-7 қылмыстық іс қозғалған деректер бар. Ол қылмыстардың дені –бұзақы­лық, бопсалау, мал ұрлығы сынды заңбұзушылықтар. Қазір біз колледжге түсетін үміткерлердің мінез-құлқын зерделеп, осы ба­ғытта ауқымды жұмыстарды қолға алып жатырмыз, – дейді «Парасат» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбаян Шыңғысханқызы. 

Ал М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас­қарма мүшесі, әлеуметтік-мә­дени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек жұмыссыз­дықтың өсуі, ата-аналар жауап­кершілігінің аздығы сынды мәселелер жастар қылмысының артуына себеп бо­лып жатқанын алға тартады. 

Облыс әкімдігі Білім басқар­масы басшысының міндетін ат­қарушы Мұхит Нысанбаев болса, жеткіншектердің жүгенсіз кетуі балаға бақылаудың жоқтығы деп отыр. Алайда ол бақылауды кім және қай жерде жасау қажет екенін атап өтпеді. 

Жастар атысып, қаза тапқандар да бар 

Негізі, Жамбылдағы жастар қылмысы талай жылдан бері жаға ұстатып келеді. Алдыңғы жылы мектеп оқушылары бір-бірімен атысып, соңында жасөспірімдер ауру­ханадан бір-ақ шыққанын ел ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ бір жасөс­пірімді өзге мектептің білім­герлері таяқтың астына алып, одан қалса пышақтап, баланың ауру­ханаға жетпей жан тәсілім еткені де та­лайдың төбе шашын тік тұрғызған. Ал Талас ауданында 16 жасар жа­с­өспірім 14 жасар жет­кіншекке пышақ сұғып алса, Т.Рысқұлов ауданында 15-16 жасар жастардың жанар-жағармай бе­кеттеріне ұйым­дасқан қарақшы­лық шабуыл жаса­ғаны бүкіл об­лысты дүр сілкіндірді. 

Бұдан бөлек, Тараз қаласын­дағы 13 жасар мектеп оқушысы токсиндік мас күйінде 4-сынып оқушысын зорлауға әрекет етпек кезінде, баумен буындырып өл­тіріп қойғаны да талай ата-ананы шошытты. 

 

P.S.

Жалпы, мұндай жағдайларды тізе берсең өте көп. Жасөспірім­дерге қарсы жасалған қылмыс та терең ойға қалдырып отыр. Был­тыр мұндай қылмыс саны 125 дерекке жетіп, 17,9 пайызға өскен. Ең сора­қысы, жас жеткіншектерге қарсы жыныстық сипаттағы 53 қылмыс тіркеліп, бұл 2022 жылмен салыс­тырғанда екі есеге өсіп кеткен. 

Сондық­тан жасөспірімдер арасындағы қыл­мыстарды әркез жіті назарда ұстаған жөн. Кінәні өзгеден іздеп, бар мәселені біреуге сырғытып қою оңай. Алайда одан жастар арасын­дағы қылмыс азаймайтыны анық. Ал сол жапа шеккен жасөс­пірімнің орнында ертең сенің де балаң болуы бек мүмкін екенін құзырлы һәм би­лік өкілдері ұмыт­паса екен дейміз....

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы