«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мә­селелері жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Білім мен медицинаға ортақ мәселе көп
733
оқылды

Отырыста партияның «Ха­лықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасында биыл жүзеге асырылатын жобалар бойынша білім және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жаңғырту жоспарлары ту­ралы Батыс Қазақстан облысы Білім, Денсаулық сақтау, Құ­рылыс басқармаларының хабар­ламалары тыңдалып, кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қаналиев баяндады.  

Баяндамаға сәйкес, биыл бірқатар медициналық нысан күрделі жөндеуден өтпек. Нақты айтар болсақ, Жаңақала ауда­нындағы Сарыкөл, Аққұс, Жуалыой, Мұқыр ауылдарындағы 5 меди­циналық пункт, Бөкейорда ауданындағы Көктерек, Жетібай, Шонған, Әжен ауылдарындағы 4 медициналық пунк, «Облыстық психикалық денсаулық орталы­ғының» №4 корпусының ғима­раты және облыстық көпбейінді аурухананың №11 корпусындағы 2,3 қабаттары толық жөн­деледі. 

Келесі сөз БҚО Білім бас­қармасы басшысының орынба­сары Аяжан Жүнісоваға берілді. Жауапты мекеме басшысы орын­басарының мәлімдеуінше, облыс бойынша білім беру нысандары ішінен 76-сы күрделі жөндеуді қажет етеді, соның ішінде 26 нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары сараптамадан өтті. Бүгінде 4 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталды (Бөкей ордасы ауданы Жәңгір хан мек­тебі, Казталов ауданы Казталов мектеп-лицейі, Бәйтерек ауда­нының Чувашин мектебі, Тасқала ауданы Амангелді мектеп-бөбек­жай-балабақша кешені). Соны­мен қатар осы жылы 6 мектептің (Орал қаласындағы 4 мектеп, Ақжайық және Бәйтерек ауда­нындағы 2 мектеп) жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» пилоттық жо­басы бойынша биылғы жылы 9 мектептің құрылысы жоспар­ланғанын атап өтті. 

Жиынды қорытындылаған БҚО Құрылыс басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Нүркен Молдашев өткен жылы 12 медициналық нысан пайда­лануға берілгенін айтып, осы жылы 5 медициналық нысан (Ақжайық ауданы Базартөбе ауылында ДА, Бөрлі ауданы Қарағанды ФАП, Қаратөбе ауданы Үшағаш ауылында МП, Жаңақала ауданы Мәштексай ДА, Сырым ауданы Бұлдырты ауы­лында ДА) құрылыс жұмыс­тары жүргізілетін болады. 

Бұдан басқа, 3 эталондық жоба (Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында ФАП, Бөрлі ауданы Облавка МП, Шыңғырлау ау­даны Ащысай ФАП) мемле­кеттік сараптамадан өтуде. Жыл соңына дейін 12 медициналық нысан (2-ауыспалы, 10-жаңа эталондық жоба) пайдалануға беріледі. Сөйтіп, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерде 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысын толықтай аяқталу мүмкіндігіміз бар екенін айтты.

Берік БЕК