Павел Казанцев шаруаларға жергілікті бюджеттен субсидиялауға қаражат бөлуге кететін уақытты барынша қысқартуды ұсынды.
Павел Казанцев: Егін шаруашылығындағы мәселені назардан тыс қалдырмау керек
773
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің және партиялық бақылау комитетінің бірлескен отырысы кезінде 2024 жылғы егіс науқанына дайындық шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«АМАNАТ» партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуынша, шаруалар үшін өзекті мәселенің бірі бағаның төмендігіне қатысты болып отыр.

«Мысалы, бір бөлке нанның орташа құны – 200 теңге, ал өсірілмейтін және жалпы өндіріс шығындарын бірнеше есе аз талап ететін бір бөтелке ауыз су орташа есеппен 400 теңге тұрады. Шаруалардың пікірінше, әділ баға беріп, шығынды өтеу қажет. Әйтпесе, орта және шағын фермерлер орасан шығынға ұшырайды немесе бізде азық-түлік бағасы қатты көтеріледі. Сонымен қатар, егіске дайындық мәселесіне жан-жақты, әрі қарай тереңірек үңілуге шақырамын. Атап айтқанда, егінді қорғау, тыңайту, суару және т.б. проблемаларды назардан тыс қалдырмау керек», – деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, өткен жылы егіннің дұрыс шықпауы салдарынан шаруалар айтарлықтай шығынға батқан.

«Мысалы, олар өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізетін компанияларға төлем жасай алмайды. Салдарынан өткен жылдан бері көптеген шаруа қожалықтарының үлкен қарызы бар. Демек, егіс науқаны сапасы мен көлемі жағынан салыстырмалы түрде жақсы өткеннің өзінде шаруалар егінді зиянкестер мен арамшөптерден тиімді қорғай алмайды. Соның нәтижесінде жаңа егін түспей, шаруалар қайта қарыз алуға мәжбүр», – дейді ол.

Депутат атап өткен негізгі бағыттардың бірі  – суару жүйесі мен су ресурстары.

«Қазір бұл мәселені көтеру арқылы біз алдағы егіс науқанына дайындық шаралары мен өнімділікті одан әрі арттыру жұмыстарына бастамашылық жасап қана қоймай, жергілікті атқарушы органдарды су тасқынының алдын алу шараларымен бірге қарастыруға шақырамыз. Егін жинау науқанына келсек, маусым-шілде айларында да бұл мәселені міндетті түрде көтереміз. Қорытындылай келе, биылғы жылы ауылшаруашылық өндірісі және онымен байланысты барлығы ерекше партиялық бақылауда екенін тағы бір мәрте еске салғым келеді», – дейді Казанцев.