Прокуратураның 20 жылдан кейін таратқан ақпараты бойынша, Болат Назарбаевқа жер Қордай әкімдігінің және Қордай ауылдық округі әкімінің шешімімен берілген.
«34 гектар»: Болат Назарбаевқа тиесілі Қордайдағы базардың жері мемлекетке қайтарылды
556
оқылды

Марқұм Болат Назарбаев 2004 жылы Қордай ауданынан алған 34 гектар жер ақыры мемлекетке қайтарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

 

Прокуратураның 20 жылдан кейін таратқан ақпараты бойынша, Болат Назарбаевқа жер Қордай әкімдігінің және Қордай ауылдық округі әкімінің шешімімен берілген. Тұңғыш президенттің інісі ауданы 34,3017 га жерді өзінің «Қарасай БН-Тараз» ЖШС қарасты «Барыс-2» сауда кешеніне қызмет көрсету үшін алған.

Жамбыл облысының прокуратурасының мәліметі бойынша, учаскені беру кезінде оның тәртібі бұзылған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы ерекше қорғалуға жататын ауданы 22,25 гектар суармалы егістік жерлердің бір бөлігі базардың қарамағына өткен.

«Осыған байланысты аудан прокуратурасы аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің актілерін, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және күшін жою туралы сотқа талап-арыз берді. Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен «Қарасай БН-Тараз» ЖШС-мен Қордай ауданы әкімдігінің Жер қатынастары бөлімі арасындағы 24.07.2007 жылғы №81 және №82 жер учаскелерін сатып алу-сату, жер учаскелерін өтеусіз беру туралы «Қордай Инвест» ЖШС-ның барлық шарттары жарамсыз деп танылып, күштері жойылды», – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, сот қаулысы 2023 жылғы 28 желтоқсанда заңды күшіне енді, мемлекеттік актілердің күші жойылды.