Бүгінде 300-ден астам адам алған несие қарыздарын өтеп, толық жапқанымен кепілге қойылған мүлік құжаттарын рәсімдей алмай, көптеген қиындықтарға тап болған.
Депутат қарызын толық өтеген азаматтардың кепілдікке қойған мүлкінің құжаттарын қайтару мәселесін айтты
434
оқылды

Түркістан облысы Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Отырар, Сауран, Сайрам және Шардара аудандарының жеке кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары әлеуметтік желі арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалы басшыларының заңсыз әрекеттеріне алаңдаушылық білдірген. Осы ретте Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев тұрғындардың жолдаған талап-өтініштерін Бас прокурор Берік Асыловқа сауал ретінде жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Мәжіліс депутаты қаңтар айында Түркістан өңіріндегі қалалар мен аудандар тұрғындарымен кездесу барысында да көпшілік несие берушілердің негізсіз әрекеттеріне наразылық білдіргенін айтты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Басты міндет – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою керек. Мемлекет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады" деген болатын.

Жоғарыда аталған азаматтар 2015 – 2018 жылдарда мал шаруашылығын өндіру мен дамыту үшін топтарға бірігіп, Түркістан облыстық филиалынан делдалдық және жеке тұлғалармен жұмыс істемейтін «Арыс несие», «Наурыз-несие»», «Отырар несие» және «Яссы-несие» кредиттік серіктестіктері арқылы 5 жылға 6 %-бен несие алып, кепілге өздерінің жылжитын және жылжымайтын мүліктерін қойған", – деді ол.

Бүгінде 300-ден астам адам алған несие қарыздарын өтеп, толық жапқанымен кепілге қойылған мүлік құжаттарын рәсімдей алмай, көптеген қиындықтарға тап болған. Соған байланысты көпшілігі берешектерін 3 жыл бұрын жауып тастаса да, әлі борышкерлер есебінен шығарылмағандықтан, басқа банктер мен несие ұйымдарынан қаражат ала алмайды және мүліктерін де сата алмайды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (бұдан әрі – Корпорация) өкілдері несие алушылардың мерзімі өткен міндеттемелері болғандықтан, ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қазіргі кезде олардың кепіл мүлкін босатуға мүмкіндігі жоқтығын айтуда.

Нақтылап айтқанда, «біріккен серіктестіктердің әр мүшесі несиені толық өтеген жағдайда ғана кепілдікке қойылған мүлік құжаттары қайтарылады» деп отыр.

Мемлекеттің басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелерін шешу, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу және жұмыссыздықты қысқартуға бағытталған шараларды жүзеге асыру.

Түркістан өңірінде ірі индустриялық өндірістер жоқ, негізінде, тұрғындардың 85%-ң әлеуметтік-экономикалық жағдайы тікелей агроөнеркәсіпке байланысты және олардың негізгі табыс көзі.

Несие берушілердің орынсыз әрекеттері жұмысы мен табысынан айырылған адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп, олардың күн өткен сайын тұрмысы қиындап бара жатқанын атап өткен жөн", – деді Қ.Балабиев.

Сонымен қатар, олар несиелерін толық өтесе де, кепілге қойған мүліктерінен себепсіз айырылып қалу қаупі де бар. Осылайша депуат адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі де өз кесірін тигізіп отырғанын айтты.

"Осы орайда, халыққа бір көзден несие берудің орнына, Корпорация мен оның Түркістан облыстық филиалы жеке тұлғалармен жұмыс істемейтін делдалдық және күмәнді кредиттік серіктестіктердің көмегіне неліктен жүгінгені түсініксіз. Олардың осындай ұшқыр әрекеттерінен адамдар зардап шегуде.

Азаматтардың Конституциялық құқықтары шектелуіне наразылық білдіруі орынды. Олар алған несиелерін толықтай өтеген және делдалдық кредиттік серіктестіктердің жұмысы мен қарыздары үшін жауап бермейді.

Адам құқығы әрбір қазақстандықтың сана-сезімінде, іс-әрекетінде әрқашан бірінші орында тұруы қажет және адам құқығы қашаннан ең биік құндылық болып қала беретіні сөзсіз.

Жоғарыда айтылғандар негізінде, Берік Ноғайұлы, Сізден:

1. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы мен «Арыс несие», «Наурыз-несие»», «Отырар несие» және «Яссы-несие» кредиттік серіктестіктерінің Түркістан облысының халқына несие беруінің заңдылығын тексеріп, оның қорытындысы бойынша құқықтық баға берулеріңізді;

2. Берілген несие бойынша өз уақытында қарыздарын толықтай өтеген азаматтардың кепілдікке қойған мүлік құжаттарын қайтару мүмкіндіктерін қарастыруларыңызды сұраймын", – деді Мәжіліс депутаты.