Біздің қазіргі қоғамдағы мем­лекет тарапынан қамқорлыққа және сырт көмекке зәру жандарға қамқорлық пен қолдау жасауда жақсы жаңалықтармен бірге жылдар бойы шешімін күткен мәселелер де жетіп артылады.
«Қамқордың» қамқор алаңы
694
оқылды

Мәселен, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды мүмкіндігінше тәрбиелеп, үлкен өмірге қанаттандыратын балалар үйлерінде тәрбиеленушілердің қазынаның қамқорлығынан кейінгі тағдыры көбіне күмәнді болып қалады.

 Бүкіл балалық шағы балалар үйінде өткендер мектеп жасынан асқаннан кейін, айдалада қалғандай күй кешеді. Біреулері үлкен өмірден өз орнын тауып кетсе, кейбіреулері жаман жолға түсіп, болашағына балта шауып алады. Тағы бір өзекті мәселе– сырт көмекке мұқтаж мүгедек жандарға қатысты. Олар да ересек болғанша, мемлекеттің қолдауы арқасында сабақтарын оқып, арнайы жабдықталған орындарда өздері үшін ашылған түрлі үйірмеге барып, ем-домдарын алып , қатарларынан қалыспай өседі де. Жастары есейгенде далада қалғандай күй кешеді. Осыған байланысты Жетісу облысында жақсы жаңалық тіркеліп, балаларының болашағына алаңдаған ата-аналардың облыс әкіміне былтыр жасаған өтініші орындалды. Нақтырақ айтқанда, Талдықорғандағы «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында 18 жастан асқандар үшін 50 төсек-орынға арналған бөлімше ашылды. 

Осы мақсатта орталықтың аумағына қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізіліп,  оған 12,8 млн теңге бөлініп, мақсатты игерілді. Ересектер бос уақытын тиімді өткізуі үшін әңгімелесіп отыратын, тынығатын орындар, серуендейтін жер, сахна, воркаут алаңы жасалды. Көтергіш лифт орнатылды. Бұдан бөлек, алдағы кезде, биыл екінші тоқсанда 16 млн теңгеге жуық қаржыға монша салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 29 млн теңгеге орталық тәрбиеленушілерін кедергісіз тасымалдау мақсатында арнайы  көлік сатып алынбақ. 

Жақында ғана  жаңартылған орталыққа барған тәрбиеленушілердің ата-аналары мен жақын туыстары жасалған жағдайлар­мен танысып, қуанып қайтты. Көңіл­дерін­дегі алаң тарқап, ересектеніп қалған балаларының қатарларынан қалып қой­мауын ойлап жүргендердің жүрегі орнына түсті. 

– Қыздарымыз кәмелетке толғаннан кейін қайда барады деп уайымдап жүрдік. Қазірдің өзінде олардың жастары ересектер санатына жетіп қалды.  Талдықорғанда ересектерге арналған мұндай орталық бар, бірақ жаңа адамдарға, жаңа ортаға үйрену оларға оңай болмайды. Ал мұнда бәрі бұрыннан таныс, жайлы, тіпті үйдегідей жағдай жасалған. Біз облыс әкіміне осы ғимараттан ересек тәрбиеленушілерге арналған орталық ашу туралы өтінішімізді айтқан едік. Бізге аз уақыттың ішінде мәселеміз оң шешілгені жайлы хабарланды. Басында сенбедік, қазір көзіміз жетіп, қуанып тұрмыз. Барлық ата-ананың атынан шын жүректен алғыс айтамыз. Ата-ана үшін бала әрдайым бірінші орында тұрады. Сондықтан сырт көмекке мұқтаж жандарға жасалып отырған қамқорлық пен қолдаудың ешқашанда артықтығы жоқ екені анық, – дейді «Қамқор» орталығының қызметіне жүгінуші Динара Бесбаева мен Кенжегүл Қастарбекова. 

Жетісу облысының орталығында жұмыс істейтін,  стационары бар «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 3 жастан 18 жасқа дейінгі психо­неврологиялық патологиясы бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Жылдар бойы қызмет көрсетіп келе жатқан орталық туралы жұрттың пікірі жақсы. Қызметін тұтынушылардың бағасы да жоғары. Ата-аналар да риза. Енді міне, жаңа жылдан бастап орталықтың көрсетер қызмет ауқымы да барынша кеңейіп, балалары ересектер жасына жеткенде қайда апаратындарын білмей қиналып жүрген жандардың мәселесі оң шешімін тапты.  Осы жылдың қаңтар айынан бастап орталық базасында ересектер бөлімшесі жұмыс істей бастады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және Әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректері бойынша, бүгінде орталықта 104 адам тиісті қызмет алады. Орталық аумағында ойын, спорт, волейбол алаңдары мен жылыжай бар. Сенсорлық, физио­терапиялық, дефектологиялық, стома­тологиялық, егу, процедуралық, лого­педиялық кабинеттер, сондай-ақ психолог, емдік дене шынықтыру, еңбекпен оқыту кабинеттері, мәжіліс залы бар. Тұз шахтасы, релаксация бөлмесі жұмыс істейді, музыка және кәсіптік терапия қолданылады. Қызметкерлердің штаттық саны – 167. Жалпы, облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 13 мекеме жұмыс іс­тей­ді, оның алтауы – стационарлық, жетеуі – жартылай стационарлық мекеме.

Жетісу облысындағы жағымды жаңалық, жаңа бастама еліміздің басқа аймақтарында да қолдау тауып, жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.  Бүгінгі қоғамның қа­йы­рымдылық пен ізгілікке бастар қа­дам­дарының қатары толыға түсіп, бірқатар мәселе шешімін табары сөзсіз. Сонымен бірге балалар үйлерінде тәрбиеленіп, шыққан жастардың да үлкен өмірден өз орнын қиналмай табуын қамтамасыз ету үшін дәл осындай қолдау жасалып жатса, артықтық етпес еді деген ұсыныс та ойға келеді.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы