«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.
Медициналық нысандардың құрылысы сараланды
522
оқылды

Партия Байзақ аудандық филиалында ұйымдастырылған шараға Парламент Мәжі­лісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі және облыс әкімдігі Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай қатысты.

Кеңес отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 30 жаңа меди­цина нысанын ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселе қаралды. Ол бойынша алдымен кеңес төрағасы Махметғали Сарыбеков құрылыс жұмыстарының жай-күйін анықтау мақсатында жүргізілген зерделеу жұмыс­тарының нәтижесін жеткізді. Атап айтқанда, облыс бойынша 2023 жылы 10 нысанның құры­лыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінде оның 8-інің құрылысы аяқталып, тек 4 нысан қолда­нысқа берілген. Қалған 4 нысанның құжаттары мерзіміне сай дайындалмаған. 

Келесі кезекте облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Пери­зат Үмбетәлі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғыр­ту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауыл­дық жерлерде 30 жаңа медицина нысан­ын ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тардың есебін берді. Оның айтуынша, «Ауыл­дық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба­сы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспар­ланған. 2023 жылы құны 1,6 млрд теңгеге 10 нысан­ның құрылысы аяқталса, биыл 20 нысан бой көтермек. 

Өз кезегінде, облыс әкімдігі Құрылыс бас­қар­масы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай да берілген нысандардың сапасы жақсы деген бағасын берді. Дегенмен Парламент Мәжілісінің депу­таты Гүлдара Нұрымова ел игілігіне беріліп жатқан нысандар­дың 80-90 пайызының сапасы сын көтермейтінін ашып айтты. 

Сондай-ақ кеңес мүшелері медициналық мекемелердің құрылысын жоспарлауда бірқатар кемшіліктердің бар екенін жеткізді. Сондықтан құрылысты бақылаушы комиссия мүшелерінің қатарына бас дәрігерлерді, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, өрт сөндіру сала­сының мамандарын тарту туралы ұсыныстарын жеткізді.

Бердібек ҚАБАЙ