Күнделікті тұтынатын судың құрамы туралы көпшілік ойлана бермейді. Пластик бөтелкелерге құйылған судың тазалығын ғалымдар тексеріп, онда қандай бөлшектер болатынын анықтады.
Бір бөтелке суда 240 000 пластик бөлшек бар екені анықталды
Фото kubnews.ru сайтынан алынды
2,013
оқылды

Бөтелкеге құйылған судың құрамында көзге көрінбейтін микропластиктер болатыны белгілі. Бірақ жақында жүргізілген зерттеулер мәселенің ғалымдардың болжамынан да әлдеқайда күрделі екенін көрсеткен. Aikyn.kz бөтелкедегі судың құрамындағы мыңдаған ұсақ бөлшектің зиянды әсерін Grist.org сайтында жарияланған мақалаға сілтеме жасап түсіндіреді.

Фото circular-technology.com сайтынан алынды

Пластик бөтелкеге құйылған судың құрамында бактерия жасушасының көлеміндей микропластиктер болады. Нью-Йорктегі Columbia университеті мен Нью-Джерсидегі Rutgers университетінің зерттеушілер тобы өлшемі небәрі 50-ден 100 нанометрге дейін, яғни вирустың еніне тең пластик түйіршіктерді талдаудың жаңа әдісін қолданған. Бір литр таза судан олар осындай 250 000 микропластик тапқан. Бұл бұрынғы болжамдардан 10-100 есе көп болып шыққан.

«Біз мүлдем жаңа әлемді аштық», – дейді зерттеу тобының мүшесі Колумбия университетінің химия профессоры Вэй Мин. Осы уақытқа дейін ғалымдар нанопластиктерді анықтаудың жылдам және тиімді әдісін таба алмай келген еді. Бұл пластиктердің адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерін зерттеуге үлкен кедергі келтірді.

Адам өмірін өзгерткен пластиктер туралы мәліметтер мына видеода:

Талдау жүргізу үшін Columbia мен Rutgers университеттерінің зерттеушілері ультра жұқа мембрана арқылы үш түрлі өндірушінің бөтелкесіндегі суды сүзген. Кейін олар мембрананы нанопластикалық бөлшектерді байланыстыратын химиялық байланыстарды тану үшін калибрленген екі лазермен жарықтандырды.

Осылайша барлық пластик бөлшектерді санаған. Химик ғалымдар әдеттегі 1 литрлік бөтелкеде 240 000 микропластик бөлшек бар екенін анықтаған.

Фото atis-aqua.ru сайтынан алынды

Микропластиктерді зерттейтін, бірақ бұл зерттеуге қатыспаған Пенсильвания университетінің доцент-зерттеушісі Шерри Мейсон бұл әдісті «жаңашыл» деп бағалаған. «Мен таңғалдым. Бұл өте жақсы», – дейді ол.

Сонымен қатар, зерттеушілер нанопластик түрлерін де ажырата алды. Оларды таңғалдырғаны, пластик бөлшектердің көпшілігі су бөтелкелері жасалатын материал полиэтилентерефталат немесе ПЭТ болмай шыққаны. Керісінше, олар полиамидтің (нейлонның бір түрі) және полистиролдың көп бөлшектерін тапқан. Бұл ластаушы микропластиктер суды тазарту кезінде және бөтелкеге құйған кезде бөтелкеге сумен бірге кіреді деп болжануда.

Полиамид сондай-ақ бөтелкедегі судың екі маркасы үшін салмағы бойынша ластанудың көп бөлігін құрады; үшінші бренд PET жоғары деңгейін көрсетті.

Фото waldwissen.net сайтынан алынды. Авторлығы:  Dan Lewis / Unsplash

Белгілі болған нәтижелер адам денсаулығына маңызды әсер етеді, өйткені нанопластиктер асқазан-ішек жолдары мен өкпе арқылы басқа ағзаларға тарай алатын өте кішкентай бөлшектер. Қанға енгеннен кейін олар жүрек пен мида жиналады, тіпті плацента арқылы туылмаған нәрестелерге де енуі мүмкін.

Бұл бөлшектердің денеге қалай әсер ететіні, әзірше, белгісіз, бірақ токсикологтар олар химиялық заттарды ерітіп жіберуі немесе қоршаған ортада қалқып жүргенде жинаған патогендерді ағзаға шығарып таратуы мүмкін деп қорқады.

Кейбір зерттеулер ДНҚ мен миға, сондай-ақ иммундық, репродуктивті және жүйке жүйелеріне зақым келтіру ықтималдығының жоғары екенін көрсеткен.

Пластиктің зияны туралы мына видеодан көруге болады: Ғалымдар пластиктердің адамға зиянды әсерін болжағанымен оның қаншалықты улы екенін білмейді. Бұл қауіптерді тексеру үшін токсикологтар мен дәрігер мамандар бірлесіп зерттеулер жүргізулері керек. Әзірше мамандар құбырмен келетін тазартылған суда пластиктің аз екенін айтуда.

Фото ixbt.com сайтынан алынды

Америкалық химиктер командасы енді лазерлік микроскоптың көмегімен анықтай алатын пластик полимерлердің түрлерін кеңейтуді ойластыруда.

Олар нанопластиктерді басқа жерлерден, мысалы, оралған тағамдардан немесе кір жуғыш машинаның ағынды суларынан іздеп, одан да кішкентай бөлшектерді анықтау технологиясын жетілдіруді қолға алмақ.

Мұхиттарда тұтастай пластик қоқыстан жиналған аралдар пайда болғаны белгілі. Адамзаттың пластик әлемді қаламайтыны БҰҰ сияқты ұйымдарда жиі айтыла бастады.