Қала салу процесі жаңа қарқынмен жалғаспақ. Әрі жай ғана жалғаспайды: ел Үкіметі тағы бір тұтас жаңа мегаполисті тақырдан тұрғызуға бағытталған мегажобаға кірісті.
Алатау, айбат қала, өр еңселі...
953
оқылды

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 9 қаңтарда «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» №432 тарихи Жарлығына қол қойды. Жаңа шаһардың бас жоспарының жобасын мұқият сүзген сарапшылардың айтуынша, ол тіпті еліміздің қазіргі ең ірі қаласынан да үлкен болады.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, біріншіден, Алматы облысының Іле ауданы одан Жетіген ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылады. Екіншіден, Алматы облысының Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылады. Үшіншіден, Жетіген ауылының орнына «Алатау қаласы» бой көтереді. Жарлық ал­ғашқы ресми жарияланған күнінен, яғни 9 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Жетігеннен неге бас тартты?

Жалпы, бұл жаңа қаланы салу бұ­­­рыннан жоспарланған еді. Бірақ ол Алматының серіктес қаласы мәртебесін иеленеді деп белгіленген. Әрі не­ге екені белгісіз, атауы да шет тілде таң­­­далды. Президенттің Жарлығы бә­­рін өзгертіп отыр. Сондықтан Үкі­меттің 2009 жыл­­­ғы 2 қарашадағы «Ал­маты облысының Golden City се­­­­­рік­­­тес қаласының бас жоспары тура­­­­лы» №1740 қаулысының күші жойылды.

Осылайша, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 90-шы қала пайда болады. Ал ауылдардың саны қазіргі 6 295-тен біреуге азаяды. 

Әйткенмен, болашақта тағы 11  ауыл жойылуы мүмкін. Олардың бәрі жаңа қаланың аумағына қосылады. 

Алматы облысы әкімдігінің мә­ліметінше, жобаланып жатқан жаңа қала аумағының жалпы ауданы 88 мың гектарға созылып жатады. Салыстырсақ, еліміздің ең ірі қаласы – Алматының аумағы 68 мың гек­тар. Тиісінше, Алатаудың территория­сына жалпы ауданы 902,1 мың шар­­­шы метрді құрайтын тұрғын үйлер орналасқан 12 елді мекен енеді. 

Нақтылағанда бұлар: Алматы облысының Іле ауданының 8 елді мекені – Жетіген, Еңбек, Жаңаарна, Құйған, Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ, Қоянқұс ауылдары. Мұның сыртында Талғар ауданының 2 елді мекенін – Дәулет пен Қайрат ауыл­дарын, сондай-ақ Қонаев қалалық әкімшілігіне қарасты 2 елді мекенді – Заречное мен Арна ауылдарын да алда Алатау қаласы өз құрамына алып қояды.

Өз кезегінде Үкімет «Алматы об­лы­­­сының Алатау қаласының бас жоспарының жобасы» дайын екенін, оны таяуда Алматы облыстық мәслихаты қоса берген негізгі ережелерімен бірге бекітеді деп күтіліп отырғанын жеткізді. 

Бұл ретте жаңа қаланың Іле Алатауы таулар жотасынан біршама алыс жатқанын картадан байқауға болады. Сондықтан бірқатар қоғам өкілдері жаңа қаланы да «Жетіген» деп қалдыру дұрыс екенін айтады.

ЕҰУ Қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Мұхит-Ардагер Сыдықназаров ауылдың қала мәртебесін алатынына қуанатынын білдіре келе, оның жаңаша аталуын құптамайтынын мәлімдеді. 

«Jetigen/Жетіген – осы елді мекеннің тарихи атауы. Оның түп-төркіні қазақтардың «Жете» этнонимі мен политонимінен бастау алады. Ол тіпті кезінде Qazaq этноним-политонимінің синонимі болған. Мұны аз десеңіз, XV-XVIII ғасырлардағы көне карталарда Қазақ хандығын Land of Jete, Country of Gete, Pays des Getes, Jete Stati, Royaume des Getes, яғни «Жете мемлекеті», «Жете елі», «Жете патшалығы» деп белгілеген. Ендеше Жетіген дегеніміз – терең мағыналы, символдық топоним. Ол картографиялық бірегей түпнұсқалықтың жоғары дәрежесіне ие. Жетіген, Жетісу, Жетісай, Жетіқара, Жете/Жеті Жарғы және басқа да қасиетті ұғымдар дәл осы Жете этнонимі мен политонимі­мен тамыр тартып жатыр», – деген М.Сыдықназаров Қазақ елінің айқын­дауышысы болған Жете атауын ескі карталардан көрсетті. 

Ғалым Тизенгаузен мен Абрамзонның сөздіктерінде «Жетіген» сөзі «Қазақ» деп аударылатынын алға тартты. Демек, бұл қазақпен егіз киелі ұғым. 

Бірақ шенеуніктер орыс және басқа да шет тілдерінде Жетіген сөзі айтылуға күрделі деп тапқанға ұқсайды. Өйткені жаңа мегаполисті салуға сингапурлық және өзге жатжұрттық инвесторлар тартылатын болады. Алатау олардың айтуына және есте сақтауына жеңілірек болады деп танылыпты. 

«Облыс басшылығы ғалымдармен, сарапшылармен, мамандармен кеңеспей, тарихымыз, тарихи жадымыз үшін терең құндылығы бар Жетіген атауын, яғни көп ғасырлық тарихи топонимді алып тастап, «Алатауға» айналдырды. Мен Алатау сөзіне қарсы емеспін. Тілге жатық, әдемі есті­­ле­ді. Алайда бізде Алатау атымен ата­­латыны аз болды ма? Көп қой. Тек жер-су атауларында ғана емес, ұйымдардың, қонақүйлердің, ансамблдердің және басқасының атауларында бекітілген. Ал Қазақ елінің атымен үндес Жетіген сирек кездеседі. Бұлай бара берсе, 200 жылдан кейін ұрпақ­тар бұл ұғымды ұмытып, орта ғасырлық карталардан заманауи Қазақстанды таба алмай қалады. Ономастикалық-топографиялық сабақтастық үзілгелі тұр», – деп алаңдайды ғалым. 

Бәлкім, билік болашақта бұл пікірге де құлақ асар...

Алатау – қандай шаһар болады?

Үкіметтің ресми түсініктемесі бойынша Алатау – жаңа «ақылды» қала болады. Ол 4 заманауи тақырыптық ауданды – Gate District, Golden District, Growing District және Green District аудандарын қамтиды. 

«Олардың әрқайсысы өз салаларына маманданады. Өз секторын тәуелсіз дамытатын осы төрт мини-қала бір ірі қалаға – Алатауға бірігеді. Алатау – Үкіметтің және инвесторлардың беткеұстар, флагмандық бастамасы. Бұл жоба Қазақстанда іскерлік және экономикалық белсенділіктің орталығына айналуға қабілетті, ақылды, орнықты және инновациялық қала тұрғызуға бағытталған. Жоба отандық және халықаралық компаниялар үшін көптеген биз­нес мүмкіндіктер ашады деп күті­луде», – делінген ресми түсініктемеде.

Алатау қаласын салудағы мақсат бірнешеу: біріншіден, 2050 жылға дейін инновацияларға, экспортқа, туризмге бағдарланған «суперзаманауи қаланы» салу және жан-жақты өркендету көзделген. 

Екіншіден, негізгі мақсаттардың бірі – көші-қонның алапат ағынынан тұншыға бастаған Алматы мегаполисі жанынан жүздеген мың жұмыс орны ашылатын, экономикалық өсім ошағына айналатын жаңа орталықты құру қарастырылған. 

Үшіншіден, елдегі өмір сапасын арттыру және демографиялық ахуалды жақсарту, төртіншіден, адами капиталды қолдау және сол арқылы елді серпінді дамыту жоспарланған. 

Ресми мәліметке жүгінсек, «Алатау қаласының бас жоспары» жобасы өндірістік секторда, ауыл шаруашы­лығында, туризмде, құрылыста, фармацевтикалық препараттар өндірісінде жаңа жоғары технологиялы сегменттерді түзу ұсынады. Мұнда инновациялық өнімдерге, еңбек өнімділігін арттыруға, салалық кластерлерді өрістетуге негізгі екпін түсі­рілмек. Ол ғылыми, білім ордасына айналдырылады. Алматыдағы, өзге өңірлердегі ЖОО-ды, ғылыми-зерттеулер институттарын болашақта Алатауға көшіру ұсынылған. Жаңа қалада кем дегенде 40 мың студент оқиды деген нысаналы көрсеткіш белгіленді. 

Жобаланып отырған жаңа қала территориясында келесі өн­дірістер орналастырылады: агроөнеркәсіптік кешенге – 166,4 гектар, химиялық, өнеркәсіптік кластерлерге, құрылыс материалдары кластеріне – 1431,7 гектар, Ұлы Жібек жолы бойындағы логистикалық кластерге – 225 гектар, агрошаруашылық парк­терін, жылыжайларды орналастыруға – 4 185 гектар бөлінеді. 

Қазіргі уақытта франциялық Rungis компаниясы 242,1 гектар ауданда көтерме-тарату орталығын салып жатыр. Қала орнында көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылуда.

Тұтастай алғанда, ғасыр ортасына дейін Алатаудағы экономиканың барлық саласында 900 мың жұмыс орнын құру ұсынылды. Егер бұл жоспары жүзеге асса, онда сол жұмысшылардың отбасы мүшелерін ескергенде, Қазақстанда тұр­ғындарының саны миллионнан асатын жаңа мегаполис пайда болуы мүмкін. 

Алатау қаласын тұрғызуға тек бюд­­жеттің ғана емес, инвесторлардың да қаражаты мол тартылуға тиіс. Астананы салу тәжірибесін ескере отырып, әрі отандық пен шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы инвестклимат қалыптастыру мақсатында, Алатау қаласының территориясын қамтитын жаңа «арнайы экономикалық аймақ» құрылды. 

Болашақ мегаполистің «арман жобалары»

Әлемде жаңадан бой көтеріп жатқан қалаларды өзгелерінен ерекшелеп, даралап тұрар бірегей, беткеұстар нысандары мен жобалары болады. Алатаудың «визит карточкасы» не болмақ?

Бас жоспарға сәйкес, Алатау казинолар орналасқан курорт кешені болады. 

«Құмар ойындары қызметі Green District ауданы қызметінің негізгі бағыттарының біріне айналуы тиіс. Қазақстан өңірдің орталығында орналасқандықтан және елге ұшақпен 5 сағатта ұшып жететін аумақта шамамен 2 миллиард әлеуетті қонақ тұратындықтан, ол 15-тен астам елден туристерді тарта алады. Green District әлеуетті туристерге әлемдік деңгейдегі құмар ойындар мен ойын-сауық үшін орын ұсынудың тамаша мүмкіндігіне ие», – делінген Бас жоспар жобасында.

Мұның сыртында Алатауда америкалық «Диснейленд» сияқты ойын-сауық  және аттракцион саябақтары кешені тұрғызылмақ. Ресми мәліметке жүгінсек, тақырыптық саябақтар да Алатауды жастар үшін тартымды етеді және Орталық Азия мен ТМД халықтарының барлық тобына арналған әмбебап кешен қызметін атқарады. Еліміздегі, аймақтағы кең ауқымды аудиторияға, соның ішінде шетелдік туристерге тартымды болатын тақырыптық ойын-сауық саябағын құру жоспарлануда.

Үшінші беткеұстар жоба ретінде – «Формула 1» үлгісіндегі жарыс трассасы белгіленген. Алатау қаласының зәкірлік және негізгі туристік орындарының біріне айналатын F1 жарыс трассасын салу жоспарланып отыр. F1 жарыс трассасы жылына бірнеше автокөлік жарысын, сондай-ақ жақын аренада басқа іс-шаралар мен концерттерді өткізуге түрткі болатыны жазылған. 

Әзірге Алатау шаһарының жобасы қиялдай көрінеді. Оның өмір шындығына айналар-айналмасы биліктің өршіл мақсат қойып, оны орындай алу қабілетіне байланысты болмақ.

Айхан ШӘРІП