Ғарыш кемесі Ио бетіне 1500 км қашықтыққа жақындады, бұл 20 жылдан астам уақыт ішінде Юпитердің жұмбақ серігіне ең жақын барған ғарыш кемесі. Оның бетіндегі жанартаулардың атқылауынан пайда болған көптеген жарық ғалымдардың таңданысын туғызуда.
Юпитердің серігі Ионың жақыннан түсірген суреттері ғалымдарды таңғалдырды
Юпитер және оның ең үлкен спутниктері Ганимед, Еуропа, Каллисто мен Ио. Фото spacegid.com сайтынан алынды
1,242
оқылды

2016 жылдан бері Юпитер жүйесін зерттеп келе жатқан және жақында ғана Io серігінің жанартаудан әбден жараланған бетіне жақын ұшқан Juno ғарыш кемесі алып планета жүйесінің суреттерін жіберген. Aikyn.kz бұл оқиғаның маңызын gizmodo.com сайтында жарияланған мақалаға сүйеніп түсіндіреді.

Ионың жанартаулардың үздіксіз атқылауынан жыртылған беті. Фото NASA сайтынан алынды. Өңдеуші автор: Kevin M. Gill

NASA-ның Юпитер зонды 30 желтоқсан күні Иомен 1500 шақырымға жақындасып, оның жанартаулардан жараланған бетінің суреттерін адамзатқа алғаш рет көрсетті.

NASA мәліметтері бойынша, бұл Жерден соңғы 20 жылда жіберілген аппараттардың ішінде Ионың жанынан ең жақын қашықтықта ұшып өткен алғашқы ғарыш кемесі. Осы миссия кезінде Juno барлық үш борттық камераның көмегімен Юпитердің серігінің анық суреттерін түсірді. Жексенбі күні NASA ғарыш кемесінен көрінген спутниктің алты суретін жариялаған.

Ғалымдардың таңданысын туғызған Ионың беті. Фото missionjuno.swri.edu сайтынан алынды

Юпитердің спутнигі – Күн жүйесіндегі жанартаулары ең белсенді дене болып саналады. Жаңа суреттерден көрініп тұрғандай, Ионың бетінде жүздеген жанартаулар мен балқыған лава көлдері бар. Беті әбден жыртылған ландшафт күйік шалған тыртықтарға ұқсайды.

Юпитердің төрт серігінің ең ішкі бөлігі ретінде Ио планетаның орасан зор тартылыс күші мен Еуропа мен Ганимед серіктерінің тартылыс күші арасында қозғалады. Бұл спутниктің вулкандық белсенділігіне ықпал етеді, өйткені Ио өзінің орналасуына байланысты үнемі созылып, қысқарып тұрады.

Ересектер мен балаларға танымды мына анимациялық видеода Юпитердің Ганимед, Еуропа, Каллисто мен Ио спутниктерінің оқиғасы баяндалады: NASA мәліметтері бойынша, Juno миссиясының командасы спутниктің жанартаулық белсенділігінің көзін зерттеу және оның жер қыртысының астында магма мұхиты бар-жоқтығын анықтау үшін Иоға жақын баруға ұмтылуда.

Juno ғылыми тобы Ио жанартауларының қаншалықты жиі атқылайтынын, олардың қаншалықты жарқын және ыстық екенін және лава ағынының пішіні қалай өзгеретінін зерттейді.

3 ақпанда Juno кемесі Иоға екінші рет ұшуды жоспарлап отыр, оның барысында ғарыш кемесі тағы да спутниктің бетінен 1500 шақырым қашықтықта өтіп зерттеулерге қажетті өлшеулер жүргізеді, суреттер түсіреді деп күтілуде.