Ол бұған дейін де бірнеше футбол құрамасын жаттықтырған.
Константин Горовенко футболдан жастар құрамасының бас бапкері болып тағайындалды
1,450
оқылды

Константин Горовенко 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, Константин Горовенко футболшы кезінде «Қайрат», «Қайнар», «Жеңіс», «Алма-Ата», «Сұңқар», «Мегаспорт» сынды клубтарда ойнаған. 2000-2001 жылдары Қазақстан құрамасының намысын қорғап, 6 кездесу өткізіп, 3 гол соққан.

Бапкерлік мансабын «Сұңқар» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі болып бастады. Ол сондай-ақ «Қайрат» ФК жастар командаларында жұмыс істеді. 2017 жылы дебюттік маусымда алматылық клубтың фарм-командасын Қазақстан Бірінші лигасының қола жүлдесіне алып келді.

2018-2020 жылдары «Жетісу» ФК екінші командасын жаттықтырған. Ал 2020 жылы Қарағандының «Шахтерын» баптады. Сол маусымда Константин Горовенконың жетекшілігімен кеншілер Премьер-лигада төртінші орын алып, еурокубок жолдамасын жеңіп алды.

2021 жылы «Мақтаарал» ФК бас бапкері болып тағайындалды. Команда Бірінші лиганың күміс жүлдегері атанып, Премьер-лигаға жолдама алды. Ол сонымен қатар «Атырау» және «Каспий» клубтарын жаттықтырған.

Константин Горовенкоға Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Елдос Ахметов көмектеседі. Толық жаттықтырушылар штабы кейінірек жасақталады.