2 ГИС мобильді қосымшасында байланыс деректері мен жеке қабылдауға жазылу уақыты көрсетілген қалалық және облыстық депутаттардың жеке картасы әзірленіп, іске қосылды.
Павлодар облысының мәслихаты жұмысын жаңғыртуда
877
оқылды

Павлодар облыстық мәслихатының VIII шақырылымында бірнеше партиялардан ("Аманат", "Ақ жол", "Қазақстанның халық партиясы", "Республика", "Ауыл", өзін-өзі ұсынған) сайланған 32 депутат Облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Сергеевич Теренченконың басшылығымен белсенді жұмыс атқарып жатқандығына бір жылға жақындады.

​Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Саяси жаңғырту аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс" деген сөзін орындау мақсатында пилоттық жоба болып табылатын Облыстық мәслихат пен оның аппаратының қызметін жаңғыртуды (модернизация) белсенді түрде жүргізіп жатқандығының куәсі болдық.  

Бұған дейін еліміздің барлық деңгейдегі мәслихат төрағаларымен ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенат депутаттары арасында арнайы кеңес өткен болатын. 

Өңірлерден сайланған Сенат депутаттарының барлық деңгейдегі мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейту және нақты нәтижелер беру басты мақсат болды.

​Өткен жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші республикалық форумын өткізген болатын. Республикалық деңгейде заңнаманы өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарына әріптестерімізді енгізу де қарастырылған.

​Осы айтылған мақсаттардың орындалуында Облыстық мәслихаттың ролінің белсенділігі арта бастағандығын байқап отырмыз. Оның үстіне, тиісті аумақты дамыту жоспары, әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар мен жергілікті бюджет және оның атқарылуы туралы есептерді бекітудегі мәслихаттың ықпалы зор екендігін білеміз.

​Мәслихат төрағасы Илья Сергеевич жеке кездесуде Облыстық мәслихатта құрылымдық өзгерістер болғандығын айтып өтті. Сонымен бірге, мәслихат аппаратында да азаматтарды қабылдайтын жұмыс секторы құрылыпты. Әр жұма сайын «Party Friday» атты бірыңғай қабылдау күні бар. Жұмыстың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштерін талдау, сайлаушыларды толғандырған мәселелер туралы ақпарат алу, сондай-ақ қабылданған шаралардың, жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстардың тиімділігін бақылау мақсатын қойыпты. Сол арқылы халықтың (сайлаушыларды) депутаттық корпусқа деген сенімін арттыру болып табылатындығын айтып өтті.

​"Жергілікті атқарушы органдар шешімдер қабылдау кезінде комиссияларға барлық ақпаратты береді және оның нәтижелері бойынша мәслихат сессиясының қарауына енгізеді. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Мәслихаттың жетінші сессиясында депутаттардың бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, 2024 жылға арналған бюджетті жан-жақты қарау барысында басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқаты екенін, біз бірге өңіріміздің дамуы үшін еңбек ету керек екендігін және атқарушы билік пен депутаттық корпустың өзара іс-қимылын күшейту бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты. Бұл Сенаторлар мен Мәжілісмендердің жұмыс сапарлары аясында өңірге келу форматтарын айтарлықтай өзгертті" - деп Илья Сергеевич өз ойларын толықтыра түсті.

​Жаңғырту аясында бір мандатты депутаттар да, партиялық тізім бойынша сайланған депутаттар да сайлау округтеріне бекітіліп, депутаттардың өзара алмасу қағидасы енгізіліпті. Сонымен қатар, тараптар арасында заңдылықты қамтамасыз етуде, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда, заңсыз әрекеттерді жою бойынша шаралар қабылдауда тиімді нәтиже беру үшін күштік құрылымдармен бірігіп белсенді жұмыс атқаруды алдарына қойыпты.

​Мұның бәрі - жаңа форматтағы тәсілге көшу болып табылады. Соның тағы бір көрінісі - депутаттық корпустың біліктілігін арттыру үшін Мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облыстық филиалында және «Аманат» партиясының Саяси басқару академиясы арқылы заманауи лекторлар мен баяндамашыларды өздеріне тартқан жұмыстар да жүріп жатыр екен. Облыстық мәслихат депутаттары жедел ұйымдастырушылық іс-шараларын жүргізу үшін немесе құрылыс жобаларын бақылау, шалғай ауылдарға бару және т.б. шаралар үшін шағын автобус көлігі бөлініп, мұндай істерге арнайы ақпарат өкілдері де бекітілген.

​Мәслихаттың сайты жаңартылып, әлеуметтік желі арқылы халықпен байланысты күшейту жұмыстары да өз нәтижесін беріп жатқаны, БАҚ өкілдерімен бірлесіп «Депутат мінбері», «Депутаттық бақылау», «Сайлаушы мүддесі» және т.б. айдарлармен телеарна және радио-хабарларда депутаттардың белсенді түрде қатысатындығы айтылды. Сонымен қатар, Павлодар қалалық мәслихатының бастамасымен 2 ГИС мобильді қосымшасында байланыс деректері мен жеке қабылдауға жазылу уақыты көрсетілген қалалық және облыстық депутаттардың жеке картасы әзірленіп, іске қосылыпты. 

Жергілікті халықтың сұранысын шешуде әрі өзінің территориялық округінің депутаты туралы мәлімет және жиі қойылатын сұрақтардың жауабымен алдын-ала танысу мүмкіндігі әрбір тұрғынға қолжетімді болып отыр. Бұдан да басқа бастамалар бар екендігін және олардың рет-ретімен іске асып жатқандығы туралы хабардар болдық. Жалпы, Павлодар облыстық мәслихатында "қайта жүктеу" жүріп жатқандығына күмән қалмады.

​Мұндай пилотты жобаның өз нәтижесін беріп жатқандығы және осы Павлодарлық реформаторлардың үлгісін қолдануды Қостанай облыстық мәслихаты бірден қолдап отырғандығын, жалпы Қазақстанның барлық деңгейдегі мәслихаттары өз жұмыстарында пайдаланып жатқандығы да жасырын емес. Мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айнала бастағандығы қуантады.

​"Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі" Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 2014-2020 жылдары Сенат депутаты болған, мемлекет және қоғам қайраткері, танымал суретші, профессор Төлеубек Мұқашев ағамыздың айтып жүрген ойларының орындалуының да бір көрінісі. Биылғы жылдың наурыз айында Мәслихаттардың алғашқы депуттаттары сайланғанына 30 жыл толады екен. Осы мерейлі датаға барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттары жаңа жаңғыртумен келуін атап айтып өткен дұрыс деп санаймын.

​Сенат депутаттары ретіндегі өңірімізге барғандағы Облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттарымен кездесуде осындай белсенді жұмыстар жасап жатқан және олардың нәтижесін көрсетуде зор ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп жүрген, білікті басшы, Облыстық мәслихат төрағасы Илья Сергеевич Теренченконың еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Соның алғашқы игілігі - 2023 жылдың қорытындысы бойынша Облыстық мәслихат төрағаларының ішінде үздік төраға аталуы болды. 30-да "орда бұзған", 40 жасында "қамал алып" жатқан тәжірибелі әріптесімізге табыстан табысқа жете беруіне тілектестік білдіріп, "Біздің Депутат" Республикалық қоғамдық-саяси газетінің "Үздік Мәслихат төрағасы" төсбелгісін кеудесіне қададық.