Қыздың ата-анасына 36 920 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Ұшақта электронды шылым шеккен жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды
Фото: АТВмедиа
624
оқылды

Ұшақ бортында электронды шылым шеккен кәмелетке толмаған жолаушы қыздың ата-анасына айыппұл салынды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

SCAT әуекомпаниясының Атырау – Тараз бағытындағы рейсі ұшып келгеннен кейін Тараз қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері акт бойынша құқық бұзушыны түсіріп алды.

Полицейлер тексеру барысында ұшақ салонында электронды темекі шеккен жолаушының Атырау қаласының 15 жастағы тұрғыны екенін анықтап, кәмелетке толмаған жолаушымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Сақшылар оған темекі шегудің, алкогольді ішімдік ішудің және басқа да қауіпті психотроптық заттардың денсаулыққа зиян екені туралы айтты. Сондай-ақ ұшақ бортында қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін түсіндірді.

Бұдан бөлек, қыздың ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.