Биыл қаңтар айынан бастап үш ай ішінде банктік шотқа ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударым түскен азаматтар кәсіпкер саналады.
Көлеңкелі бизнеске тосқауыл
1,411
оқылды

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті оны декларациялау қажет екенін жария етті. Ендеше мемлекет қандай ақша аударымнан бақылауға алмақ және тұтынушы заң жүзінде қандай төлем тәсілдерін пайдалануға құқылы екенін анықтап көрелік.

2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі басталды. Енді бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары, заңды тұлға­­лар­дың басшылары, құрылтайшылар (қатысушылар), жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті болады. Бұл өз қызме­тін уақытша тоқтатқан кәсіп­керлерге де қатысты.

Комитеттің хабарлауынша, мо­бильді аударымдарды тексеру заң­сыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кә­сіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді ау­дарым­дар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-код­тарды қолданбай жүргізіледі. Әрине, көп жағдайда кәсіпкер тұтынушыға чек бермейді, осылайша оның құқы­ғын бұзады.

Басты назар аударатын мәселе – мемлекет барлық мобилді аударма­ларды тексермейді. Тек әртүрлі тұлға­дан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді ау­дарымдар алған тұлғалар ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүр­гізіледі.

Азаматтар арасында туысы мен достарына ақша аударуға күмән­дан­ғандар болды. «Жеке тұлғалар бұрын­ғыдай өздерінің жеке мақсат­­тары үшін: туыс­тарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдай­ларға байла­ныс­ты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты еш­қан­дай шектеу жоқ», – делінген хабарламада.

«Төлемдер және төлем жүйелері ту­ра­лы» заңның нормаларына сәйкес банк кар­та­сымен, QR төлемі­­мен немесе қолма-қол ақ­шамен төл­­­­ем тәсілдері қарас­тырылған. Сол себепті қолма-қол ақшасыз тө­лем­­дерді қабыл­­­даудан бас тарту заңсыз. Мем­­ле­кеттік кірістер комитеті кәсіп­кер­лердің төлем карточкаларын пайда­лана отырып төлем­дерді қабыл­даудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкім­шілік жауап­кершілікке тарты­­латы­нын ес­кертеді. Ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40  АЕК) көлемінде айыппұл салынады. 

Егер кәсіпкер тарапынан қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілеріне тап болса, тұтынушылар тұрғылықты жері бо­йынша мемлекеттік кіріс орган­да­рына жүгінуі қажет.

Комитет өкілдері кассалық ап­паратты өздерімен бірге алып жүре алмай­тын жеке тасымалдаушылар да кәсіпкер ретінде тіркелуі қажеттігін ескерте­­ді. «Мұны e-Salyq Business, Egov Mobile және кейбір екінші дең­гейдегі банктердің мобильді қо­сымшалары арқылы жасауға болады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлем­дерді қабылдау үшін онлайн режи­мінде кәсіпкер­­­лік банк шотын аша­ды. Сол арқылы көрсетілген қыз­мет үшін төлем қабыл­­дауға мүмкіндік бар. Ол үшін сізге тек смартфон қа­жет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнесті тек­серуге мораторий аяқталды. Егер са­лық органы сіз тауар немесе қызмет ақысын қолма-қол ақша арқылы алып жатыр, фискалды чек бермейді немесе салық төлемейді деп күдік­тенсе, олар кез келген уақытта ресми түрде тексере ала­ды. Нәтижесінде, қол­ма-қол ақшаны жасыру мүмкін емес. Оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір жұм­сайсыз. Егер шығыныңыз айлық жалақыдан көп болса, ол ақшаның қайдан алғанын түсіндіруге тура келеді. 

Ал егер жеке тұлға ретінде салық ор­гандарына ол ақшаны қайдан алға­ныңызды түсіндіре алмасаңыз, 10% көлеміндегі жеке табыс салығын тө­лей­сіз. Бұл жеңілдетілген режим­дегі жеке кәсіпкер төлейтін 3% са­лық­тан көбі­рек. Сонымен қатар сіз кірісіңізді жасырған болсаңыз, онда сіз жасы­рып қалған салық объектісі бойынша төлеуге жататын салық со­масының 200 па­йызы мөлшерінде және мұндай заңбұзушылық қайта­ланса, 300 пайыз мөлшерінде айып­пұл төлеуге мін­деттелесіз.

«Кәсіпкерлердің, әсіресе микро және шағын бизнестің алдында шын мәнінде өздерін бизнес ретінде тран­с­формациялау мәселесі тұр және бұл таңдауды жақын арада жасау керек, өйткені қай жағынан алып қарасақ та көлеңкелі немесе тіпті «сұр» аймақта жұмыс істеу әлдеқайда қымбатқа тү­се­ді. Бұл ретте салық органдарына да, тұтастай алғанда Үкіметке де біздің бәріміз оларға қайта сене бастауымыз және еліміздің жақсара түсуі мен да­муына күш салуымыз үшін Үкіметке де көп жұмыс істеу керек», – дейді мем­лекеттік органдармен байланыс жөніндегі кеңесші, Парламент Мәжі­лісі қоғамдық палатасының мүшесі Наталья Малярчук.

Оның айтуынша, салық заңнама­­­сындағы өзгерістер, оның ішінде жалпыға ­бірдей декларациялау, мо­бильді және өзге де банктік аударым­дарды бақылау немесе барлық қаржы ағынының ашықтығы секілді трендті кәсіпкерлік қоғамдастық теріс қа­былдайды. Бірақ бұл маңызды және қажетті қадам.

– Ортамерзімді перспективада кәсіпкерлер өз бизнесін одан әрі да­мытуға қатысты шешім қабылдауы тиіс: не «таза» айналымға шығады, не жабы­лады. Себебі кәсіпкерлік ағын­дарды бақылау және қадағалау жүйесі реттеліп, толық жұмыс істей баста­ған­­да кассадан тыс қолма-қол ақша айналымы тиімсіз болып қалмақ. Бизнесті жүргізу процесі тұрғысынан мұндай жағдайда кәсіпорын жұмы­сын басқаруға кететін шығын­дар, әрине артады. Мәселен, бухгалтерлік есеп қызметтері мен көптеген ақпа­раттық жүйеге ақы төленеді. Салық аударымдарының ұлғаюы бұрын ар­за­нырақ сатылған тауарлар мен қыз­меттерге бағаның өсуіне себеп болуы мүмкін, – дейді Наталья Ма­лярчук.

Айта кетейік, Қазақстан қаржы­герлері қауымдастығының мәлімет­тері бойынша, 2023 жылдың 11 айы­ның қорытындысы бойынша қол­­ма-қол ақшасыз төлемдердің үле­­­сі Қазақстанда 86%-ға дейін өс­кен. Сондай-ақ ата-аналардың 41,4%-ы өз баласына карта ресімдеген және 6 жастан асқан балалар қолма-қол ақшасыз төлемдерді жиі пайда­ланады.

Кәмила ЕРКІН