Қостанай облысына жұмыс сапа­рымен барған Парламент Мәжілісінің депутаттары Альберт Рау мен Екатерина Смышляева Руд­ный қаласындағы «Соколовское» кені­шінде болды.
Кеншілермен кездесу
693
оқылды

Олар өнеркәсіп қызметкерлеріне кен­шілер­дің және қауіпті өндірістегі басқа да қыз­меткерлердің 55 жасында зейнетке шығуы­на, сондай-ақ төленетін барлық жеңілдік пен тө­лем­ге қатысты жаңа заң жобасы туралы айтты.

Мәжілісмен Альберт Рау мәлім еткендей, енді зиянды өндірістегі жұмысшылар 55 жасқа толғанда еңбек шартын бұзуға және 63 жаста зей­неткерлікке шыққанға дейін арнайы тө­лем­дер алуға құқылы. Барлығы 4 төлем бар, олар­дың барлығы әртүрлі көзден қаржылан­дыры­лады. Төлемдерге табыс салығы салын­байды.

– Өткен жылы сайлау барысында «AMANAT» партиясының кандидаттары сіздер­мен кез­дескен еді, ол кезде осы сұрақ қозғалған бола­тын. Өнеркәсіптік өндіріс қыз­меткерлерінің зейнеткерлік жасы төмендей ме? Бүгін біз сіздерге жақсы жаңалықпен келдік, 2024 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап зиянды өндіріс қыз­меткерлерінің зейнеткерлік жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң жобасы күшіне енді, егер олар бұдан былай бұл өн­дірісте жұмыс істемесе. Яғни, олар жұмыстан шығуы немесе жеңілірек жұмысқа ауысуы керек. Сондай-ақ 55 жастан зейнетке шыққан­дарға арнайы әлеуметтік төлемдер төленетін болады, олардың саны – 4. Төлемдер төрт көзден: республикалық бюджеттен, жұмыс берушінің қаражатынан, өмірді сақтандыру компания­сының қаражатынан және міндетті жарналар есебінен төленетін болады, – деді Альберт Рау.

55-те лайықты демалысқа шығу және тиісті төлемдерді рәсімдеу үшін, жұмысшының кемінде 7 жыл еңбек өтілі мен  міндетті зей­нетақы жарналары болуы қажет, бұл жағдайда ол 55 жасқа толуына байланысты еңбек шар­тын бұзғаны туралы өтініш берсе болғаны. Жеті күн ішінде жұмыс беруші мен сақтандыру компаниясы мемлекеттік корпорацияның есепшотына бір ең төменгі күнкөріс деңгейін аударуға тиіс. Сол шотқа жинақтаушы зей­нетақы қоры мен МБ төлемдері келеді. Яғни, барлық сома бір күнде бірден ау­дарылады.

Барлығы тікелей «Мемлекеттік корпора­ция» КЕАҚ арқылы төленетін болады.

Қызметкер 63 жасқа толғаннан кейін зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге базалық және ынтымақты зейнетақы қосы­лады, ал республикалық бюджеттен, жұмыс берушілер мен сақтандыру компанияларынан төлемдер тоқтатылады. Айтпақшы, егер қызметкер өзін жақсы сезінсе, ол өндірісте жұмысын жалғастыра алады, оны жұмыстан шығаруға ешкімнің құқығы жоқ. Тек қауіп деңгейі төмен жұмыс болуы шарт.

Қызметкер лайықты демалысына немесе кәсібін өзгертуге – жеңіл жұмысқа ауысуға мүмкіндік алады. Осы жасқа арналған бірнеше әлеуметтік бағдарлама көмектесе алады. Мысалы, «Ұрпақтар келісімі» бағдарламасы, егер оның орнын ауыстыратын болашақ қызметкерді оқыту мүмкін болса және «Күміс ғасыр» (басқа мамандыққа қайта даярлау). Бұл жағдайда мемлекет жұмыс орнын субсидия­лауға көмектеседі, ал әлеуетті қызметкер бар­лық төлемнен басқа ақша таба алады, –  деп атап өтті Екатерина Смышляева.

Сонымен қатар депутат «Еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан мін­детті сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша стандарттар ұсынылды» деп қосты. Атап айт­қанда, сақтандыру ұйымдарының жұмыс беру­шінің алдын алу және оңалту іс-ша­раларын жүр­гізуге жұмсаған шығындарын өтеуі – екі жағ­дайда да сақтандыру сый­лық­ақысы сома­сының 6%-ға дейінгі сомасын құрайтынын атап өтті.

Жалпы, «Соколов» кенішінде барлығы 1 041 адам өндірісте еңбек етеді. Биылғы жылы олардың 127-і  55 жасқа толып, зейнетке шығуы мүмкін жұмысшылар.

Жұмыс сапары барысында Мәжіліс де­путаттары «Качар Руда» АҚ қызметкерлерімен де кездесті.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 3-12 қаңтары аралығында  Парламент Мә­жілісінің депутаттары, «АМАNАТ» пар­тиясы фрак­циясының мүшелері Еркін Әбіл, Екатерина Смышляева, Берік Бей­сенғалиев және Альберт Рау Қостанай облысында жұмыс сапарымен жүр. Олардың қаты­суымен облыс­тың шалғай елді мекендеріне сапарлар, халық­пен кездесулер, азамат­тарды жеке қа­был­­даулар және жергілікті жерлерде партия­ның сай­лауалды бағдар­ламасының орындалу сапасына мониторинг жүргізу жоспарланған.

Бердібек ҚАБАЙ