Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарын жариялап, онда 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу міндетін қойған болатын.
Жаңа жыл – жаңа меже
1,350
оқылды

Осы аптада республикалық белді басылымдардың біріне берген сұхбатында да ол осы мәселеге арнайы тоқталып өтті. Біз көлемді материалдың экономикалық блокқа қатысты тұстарын талқылап көрген едік.

Азаматтардың тұрмыс сапасы әлдеқайда маңыздырақ

Президенттен сұхбат алған журналист Дихан Қамзабекұлы Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің 2023-2024 жыл­дары Қазақстан экономикасы­ның өсімі 3-4%-дан аспайтыны туралы болжамдарын алға тартып, «Мұндай қарқынмен мақсатқа жете аламыз ба?» деп сұрақ қойған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әрине, бұл – жетуге болатын меже!» деп мәлім етті. Президенттің айтуынша, Халықаралық валюта қорының са­рапшылары 2023 жылдың қорытын­дысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есеп­тегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстыр­ғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр екен. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басы­на шаққандағы Ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжам­ды көрсеткіш былтыр 13 мың дол­ларға жуықтады. Оның жыл сайын­ғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Ендеше Халықаралық валюта қорының болжамына сәй­кес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетпек. Әйтсе де, Мемлекет басшысы бұл цифралар­дан гөрі, яки макроэкономикалық көрсеткіштерден бұрын азаматтар­дың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы әлдеқайда маңыздырақ екенін айтып отыр.

«Халқымыз «Жақсы сөз – жа­рым ырыс» дейді. Үкімет экономи­каны басқарудың тың тәсілдерін қол­дана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады. Осы орайда негізгі екі бағытқа тоқта­лайын.

Біріншіден, еліміздің өркендеуі­не жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай мін­деттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыр­күйектегі Жолдауда Үкіметке мұн­дай жобаларды анықтау және Ин­фрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысық­талып, нақты жұмыс істеліп жатыр.

Тағы бір маңызды міндет – ин­вестиция тарту. Бұл міндетті орын­дауға жекешелендіру және актив­терді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе тү­седі және жаңа мүмкіндіктер пай­да болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестиция­лық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген.

Екінші бағыттағы жұмыс эконо­миканың барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі реформаларды жүзеге асыру ша­раларын қамтиды.

Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзір­леп жатыр. Салық жүйесін жетіл­діргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жа­ғынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни, таразы басын тең ұстау қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Журналистің осы тұстағы сұра­ғына жауап бере отырып, Мемлекет басшысы жаңа Бюджет кодексіне, мемлекеттік сатып алу ісінің ашық­тығына, квазимемле­кеттік сек­тордың тиімділігін арт­тыру мәсе­лелеріне де тоқталды. Экономика­ның өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керегін ашып айтты. Сөзбе-сөз келтірсек, «Кәсіпкерлік пен бә­секені дамыту, жекеменшікті қор­ғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз».

Сарапшылар не дейді?

Кез келген мемлекет басшысы жаңа жылда өткен жылды қоры­тындылап, келер жылдағы мақсат­тарын жария ететін дәстүр бар. Ал біздің Президентіміз халыққа Жолдауын 1 қыркүйек күні өткізеді. Себебі ол кезде бюджет қалыптас­тырылады да, онда қандай өзгерістер болатыны айтылады. Кейін Парла­мент пен Үкімет сол бюджетті қа­был­даған кезде Президенттің тап­сыр­маларын енгізеді. Сол себепті күздің алғашқы айының ел өмірін­дегі маңызы бұрыннан солай қа­лып­тасқан. Ал жаңа жылдағы сұхбат­тың арқалар жүгі мен атқарар миссиясы өз алдына бір төбе. Оның бағасын былайғы оқырман, қара­пайым азаматтар да беріп жатқан болар. Ал экономист сарапшыларды қуантқаны – жаңа жылдан бас­талған жаңа меже.

«Президент өкілеттілігі 7 жыл мерзімде, 2023 жылдан 2029 жылға дейін Ішкі жалпы өнімді екі есеге – 250 млрд доллардан 450 млрд долларға өсіру міндетін қойып отыр. Бұл – өте күрделі мақсат. Бірақ Мемлекет басшысының өзі айтқандай, қол жеткізуге болатын меже. Мәселен, Қазақстанда 2001-2007 жылдарда, кейіннен 2009-2014 жылдарда ІЖӨ-ні екі еселеген уақыттарымыз болды. Былайша айтқанда, тәжірибе бар. Ол кезде, әрине мұнайдың бағасы жоғары болды, басқа да индустриалды-инновациялық жоспарларды жүзеге асырдық. Ал 2014-тен 2022 жылға дейін біздің экономикамыздың нақты көлемі өспеді. Себебі 2015 жылғы шикізаттық дағдарыс бар, 2020-да пандемия ушықты, одан кейін Қаңтар оқиғасы болды. Сондықтан да, менің ойымша, соңғы 7 жылда экономикамыздың өспегенінің нәтижесінде белгілі бір потенциалдық энергия пайда бо­лып, өсуге мүмкіндік туды. Әрине, геосаяси жағдай, Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс кедергі жасауы ықтимал. Бірақ бәрібір де ол соншалықты шектеу сала алмайды. Сол себеп Қазақстанда ІЖӨ-ні екі еселеуге мүмкіндік бар деп есептей­мін. Егер де бізде жан басына шақ­қандағы Ішкі жалпы өнім бүгінде 13 мың доллар десек, 2028-2029 жыл­дары оның 16,8 тіпті 17 мың дол­ларға жетуі өте үлкен жетістік болар еді. Ондай жағдайда біз шығыс Еуропа мемлекеттері деңгейіне жетеміз деп айта аламыз», – дейді экономика ғылымдарының канди­даты, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаев.

Әрине, жаңа меже – Еуропа болу емес екені белгілі. Орталық Азия­дағы орнымызды сақтап қала алсақ та, біз үшін үлкен жетістік болмақ. Ал бұл тұрғыда қозғау бар, мақсат – айқын, бағыт – түзу. Тек сүрінбей-жаңылмай жүзеге асыра алсақ болғаны.

«Президенттің сұхбатын біздің ал­дағы 5 жыл көлеміндегі стратегия­лық жоспарымыз деуге болады. Соның ішінде ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың көлемін екі есе өсіру межесін мен толық қостай­мын. Өйткені біздің экономиканың қарқынды түрде өсуіне барлық алғышарт жасалған. Қазақстанның даму ерекшелігінің өзі Орталық Азия мемлекеттерінің ішіндегі ин­вестициялық климаты өте жоғары тартымды әрі тиімді ел екенінде. Біз өзімізді осы тұрғыда көрсете алдық. Былтыр желтоқсан айында заңға өзгерістер енгізіліп, «Инвестиция­лық штаб» құру бастамасының жүзеге асуының өзі бізге келетін инвестициялардың қарқынды болуына бірден-бір әсерін тигізбек. Яки, штабтың құзыреттілігі артып отыр, оның инвестиция тартудағы жұмысының нәтижелілігін қадаға­лауға және реттеуге біз тікелей мүм­кіндік алып отырмыз. Бұл өз ке­зегінде жергілікті жерлерде, аудан­дарда, облыстарда, ірі қалаларда ор­талық атқарушы органдар тара­пынан жүзеге асып жатқан жұмыс­тардың ашықтығына әкелмек. Тіп­ті, олар инвестициялық жоба­лар­­дың жүзеге асуына жағдай жаса­майтын болса, қызметінен кетіруге өкілеттік бар. Мұның өзі облыс әкімдеріне түрткі болатын дүние. Бұл инвестициялық кли­матты қолайлы ете түсуге, инвес­ти­циялық жобалардың қатарын кө­бейтуге себепкер болатын жайт», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Оның айтуынша, тек бір нәрсені ескеруіміз қажет. Инвестициялық саясат дегенде жалпы қазақстандық ортақ ұстаным болғаны дұрыс, бірақ та өңірлердің экономикалық, та­биғи, әлеуметтік өзіне тән ерек­шеліктерін де ескеруіміз керек. Мәселен, солтүстік өңірге астықпен байланысты, шекарамаңы өңірлерге өндіріспен байланысты жобаларды тартқан маңызды. Сол сияқты Шығыс Қазақстанда мал шаруашы­лығымен байланысты инвести­циялық жобаларды шоғырландыр­ған, оның ішінде етті, жүнді тұқым­дарды дамыту, тері илеу өндірісін жолға қойған тиімді. Батыс өңір­лерде венчурлық инвестицияларды, мұнай-газ, химиялық өнеркәсіп саласын дамытқан жөн. Ең басты ба­ғыт, біз тек қана экспортқа шы­ғаратын мемлекет емес, экспортқа шығарған шикізаттарды дайын өнімге айналдыруға мүмкіндігі бар мемлекетке айналуымыз керек. Ол үшін ірі экспорттаушыларға шағын және орта бизнесті байланыстыру керек. Экономиканы әртарап­тан­дырудың бір жолы осы. Оған қоса, Президент айтып отырған жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнімді екі еселеудің де бір жолы осындай тірнектеп жасалатын шаруалар.

«Президент сұхбатында барлы­ғы шынайы жағдайға сай айтылған. Ешқандай да алып-ұшпа ұрандар жоқ, елдегі ахуалға нақты бағасы берілген. Ал ІЖӨ-ні екі еселеуге келер болсақ, оны жүзеге асыруға расында да барлық мүмкіндік бар. Біз ақыры экономиканы әртарап­тандыруға қол жеткізетін болдық. Соңғы бір-екі жылдықта оның нышаны байқала бастаған еді. Бірақ бұл тұста ең бастысы оның айтылға­нында емес, қалай орындалғанында. «Оған ақшаны қайдан аламыз?» деген сұрақта. Оның да жауабын осы сұхбаттан, бұған дейінгі Жол­даулардан көруге болады.

Сондай-ақ сұхбатта бюджеттік-қаржылық тәртіп мәселесінің көтерілгені өте дұрыс болған. Менің ойымша, қазір орталық билікке де, өңірлердегі әкімдіктерге де осы нәрсе жетіспейді. Өйткені көптеген қаражат, жұмсартып айтқанда, өзін-өзі ақтамайтын шығындарға жұм­салып жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, жаңа Бюджет кодексінде қарасты­рылып отырған бюджеттік-қар­жылық тәртіп талабы Үкімет үшін мантраға, яки болмыс-бітіміне ай­налуы керек. Өйткені егер мемлекет экономикадан шынымен де кеткісі келсе, оны қандай да бір аймақтық құрылымдарға әлде жекеменшік бизнеске берер болса, онда оны Бюджет кодексіне тайға таңба басқандай етіп енгізгені дұрыс. Ол үшін меніңше, Жоғарғы аудиторлық палатаға қосымша өкілеттілік беру керек. Иә, аудиторлық палатаның сын-ескертпелерімен мен үнемі келісе бермеймін, бірақ олардың айтып жүргендері негізінен дұрыс.

Сонымен қатар инфрақұры­лымдық жобалар да өте маңызды. Менің ойымша, сауда саласында бізге +С5 жобалары өте қажет. Ор­талық Азия бойынша желілер құру аяқсыз қалмауы керек», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Ұсыныс пен сын

Сарапшылардың бірауыздан сын садағына алғаны қойылған міндеттердің орындалуы болды. Өйткені Үкімет шабан, әкімдіктер үркек. Жауапкершілік алу мәселесі әлі де ақсап тұр. Осындағы кемші­ліктерді сарапшылардың бірі бірнеше бөлікте қарастырады

«Президенттің бұл сұхбатында қозғалып отырған дүниелер оның 2023 жылғы халыққа Жолдауына негізделген. Алайда қазіргі Үкімет­пен экономикадағы алға қойып отырған мақсаттарды, Президент қойып отырған міндеттерді орындай аламыз дегенге күмәнмен қарай­мын. Өйткені біріншіден, қазіргі Үкімет құрамы Мемлекет басшысы­ның тапсырмаларын орындауға қауқарлы емес.Сол себепті Үкіметті толықтай тарату керек және оның орнына түбегейлі жаңа құрам келуі керек. Екіншіден, ел арасындағы мықты білікті эко­номистердің пікірімен санасу керек. Олармен бірлескен бір ко­миссия құрып, бол­маса экономи­калық зерттеу орта­лықтарындағы зерттеулерге тартып, әйтеуір солардың шынайы зерт­теулеріне сүйене отырып, ортақ байламға келіп, жаңа экономикалық модель ұсыну қажет. Осындай көптарапты құрам болмаса, басқаша тұ­жы­рымдар біртарапты болып ке­теді. Үшіншіден, бізде Парламенттің Үкіметке, министрлерге тым жұм­сақ болуы өте дұрыс емес. «Жаңар­ған құрамда құрылғаны биыл ғана ғой, тағы да мүмкіндік берейік» деген ұстанымнан арылу керек. Өйт­кені Әлихан Смайылов Үкіметі­нің қай шаруада да ілгерілеп жатқа­ны шамалы. Баға бұрынғысынша аспандап тұр, инфляцияны жеңдік деп айту қиын, одан да өзге шешіл­мей жатқан проблемалар жетерлік. Бізге, нақты іске көшу керек», – дей­­ді экономист Асылбек Күздеубаев.

Сарапшы маман Президент қойған міндеттердің «жүзеге асыру тетігі қандай?» деген сұраққа жауап іздейді. Өйткені Мемлекет басшысы тарапынан қойылатын міндеттер көп ретте стратегиялық сипатқа ие. Ал оны екшейтін, орындау жол­дарын саралайтын Үкімет. Ол болса Президент Әкімшілігінен келіп түскен тапсырмаларды министр­ліктерге, олар комитеттеріне, одан әрі облыстардағы департамент­теріне, басқармаларына жолдайды. Ең соңында ол келіп аудандық, әлде қалалық маманның мойнына жүк­теледі. Қатардағы маман өз ведом­ство­сының жұмысын нашар етіп көрсетпесі анық. Сол үшін де көпе-көрнеу статистикалар береді. Оны тексеріп саралаудың орнына тиісті инстанциялар, керісінше, сол цифраларды басшылыққа алып, жұмысқа қабылдап, соның негізінде түрлі жоспар мен тұжырымдама жа­салады. Осыдан келіп біздің эко­номикадағы шынайы жағдай мен Үкіметтің қағазындағы айырма­шылық жер мен көктей боп жатады. Ендеше осы қалыптасқан жүйені жоймайынша, Президенттің тап­сырмалары қағаз жүзіндегі есеп беруге айналып кетуі мүмкін.

«Өз сұхбатында Президент әлеуметтік блокқа да үлкен көңіл бөлген екен. Ол ең төменгі жалақы көлеміне де, әлеуметтік қолдауды арттыруға да қатысты. Одан бөлек, Ұлттық қорды үнемдеу және тағы да басқа мәселелер бар. Инфрақұры­лымдарды жаңғырту жайы да аз айтылып жүрген жоқ. Сондай-ақ жерді жалға беруге тыйым салу қажет. Жерге оны тікелей өзі игеріп отырған фермерлер мен диқандар ие болуға тиіс. Бүгінгі жерді қарпып қалғандардың оны жалға беріп, делдал болып отырғаны мүлдем дұрыс емес. Бұлар туралы бұған дейінгі Жолдауларда да айтылды. Тіпті, 2022 жылы сөз болған болатын. Дегенмен Үкімет пе әлде өңірдегі әкімдіктер ме, оны орындай алмай отыр, әйтпесе орындауға асығар емес», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Экономистер Ішкі жалпы өнімді еселеудің негізгі бір бағыттарының бірі экономикада жүйелі рефор­маларды жүзеге асыру екенін айта­ды. Салық кодексін, Бюджет кодек­сін қайтадан қабылдап жатырмыз. Енді мемлекеттік сатып алу заңда­рын жетілдіру керек. Шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Бұл жерде шешілмей отырған мәселе өте көп.

«Мысалы, мен салық бойынша кейбір ұсыныстардың осы күнге дейін неге жүзеге аспай келе жатқа­нына таңғалам. Айталық, 2019 жылғы алғашқы Жолдауында Пре­зидент дәулетті адамдарға, дәулетті компанияларға прогрессивті салық салу мәселесін көтерген еді. Біздің билік осы күнге дейін бұл мәселені бұлтаққа салып, жүзеге асырғысы келмейді. Неге десеңіз, Бюджет кодек­сін өзгерту керек, Салық ко­дексін өзгерту керек деген сылтау­ларды айтады. Ал негізінен ол өз­гер­тулерді тез арада жүзеге асыруға болады. Мәселен, біз басқа заң­дарды былай қойғанда, Конститу­цияның өзін өзгертуге қысқа мер­зімде қол жеткізе алдық. Сондықтан да прогрессивті шкаланы да енгізуге толық мүмкіндік бар, бірақ биліктегі дәулетті топпен мүдделестер оған көнбей отыр. Соның нәтижесінде олар әлі күнге дейін өздерінің 5-10 миллиондық табысынан 10%-ын ғана, яғни еден жуушымен бірдей салық төлеп келеді. Оны 15-20%-ға жоғарылатуға құлықсыз. Бұл біздің биліктің әділетсіз жолмен кетіп бара жатқанын көрсетеді», – дейді эко­номика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаев.

Президент өз сұхбатында эко­но­миканың әлеуметтік қат­парын да салмақтап өткені белгілі. Осы ретте халықтың несиеге батып отырғаны, зейнетақы салымының 50 пайызын сенімгерлік басқаруға беру мүмкін­дігі, «Ұлттық қор – балаларға» жо­басы сөз болды. Бұл біртіндеп орын­­далып келе жатқан жұмыс­тардың бір парасы ғана. Сарапшы­лардың айтуынша, орындалмай жатқандары да аз емес.

«Президенттің тапсырмасымен монополия және олигополиямен күрес жұмыстары басталды. Ше­телден активтерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әрине, бүгінгі Үкімет 1 трлн теңгеге жуық қаражат қайтардық деп мәз, бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды қар­қынды жүргізу қажет деп есеп­теймін, себебі қайтқан ақша елден шығарылған қаражаттың 1 пайызын ғана құрайды.

Бүгінде толық шешімін таппаған тағы бір сала – тұрғын үй- комму­налдық шаруашылық саласы. Өкі­ніштісі – инженерлік инфра­құрылым желілері апаттан көз аш­пай отыр. Тек Екібастұздағы апатты алайық. Бұл түгелге жуық ескіріп кеткен стансалардың бірі еді. Нәтижесінде, бір апаттан соң қала жылусыз қалды. Мұндай объектілер елде аз емес. Арқалықтың жылу стан­сасы да осыған ұқсас. Прези­дент өз сұхбатында бұл проблема көпжылдық салғырттықтың нә­ти­жесі дейді. Өңірлердегі жылу орта­лықтары мен басқа да құрал-жаб­дықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвести­ция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды деп проблеманың ушығып тұрғанын өзі де ашық айтады. Енді не істеуге болады? Елі­міздегі барлық жылу станса­ларын 1-2 жылда жаңартуға бюджеттің мүмкіндіктері шетеулі. Сондықтан Үкімет ЖКХ саласына инвестор тартатын жағдай жасау керек. Бұл салаға келген кәсіпкер шығынын өтеу үшін тарифті бірден көтеруге ұмтылуы мүмкін, ол халыққа ауыр тиеді. Сондықтан бұл салаға жеке инвесторларды тартып, олармен дұрыс келіссөз жүргізіп, олардың ақшасына инфрақұрылымды жаңарту керек. Басқа тиімді жолы жоқ. Президент өткен жылғы Жол­дауында Қазақстан экономи­ка­сының жаңа үлгісін жасауға тап­сырма берген болатын. Ендеше осы бағыттағы жұмыстарды атқаратын бізге іскер Үкімет қажет», – дейді экономист Мақсат Халық.

Түйіндей келгенде, Президент сұхбаты өткен бір жылдың есебі немесе келген бір жылдың жоспары емес,  ұзақмерзімді тарихтың баға­сы, қысқамерзімді болашақтың ме­жесі. Онда бұған дейінгі айтыл­маған тың деректер де кездесті, тол­­ғауы тоқсан түйткілдердің то­бық­­тай түйіні де ағытылды. Ең бастысы, баста­ма­лардың түп төркіні – азаматтардың тұрмыс сапасы әлдеқайда маңыз­дырақ екеніне көз жетті.

Нұрлан ҚОСАЙ