Айға өздерінің миссияларын жіберген, онда кемелерін қондырып зерттеген әлемде 4 мемлекет бар. Солардың қатарына қаңтар айында бесінші болып Жапония кіруі мүмкін.
Бүкіл ел қуануда: Айға ғарыш кемесін қондырады
Иллюстрация ixbt.com сайтынан алынды. Midjourney нейро желісінің көмегімен жасалған
5,220
оқылды

25 желтоқсан дүйсенбіде Айдың орбитасына жапондық SLIM ғарыш зонды шығарылды. Бұл сәтті миссия туралы bgr.com ғылыми-технологиялық жаңалықтар сайты жазды. «Айдың сұрмергені» деп аталатын жапондық аппараттың ерекшелігін Aikyn.kz мақалаға сілтеме жасай отырып түсіндіреді.

Айға қонатын жапондық SLIM модулі. Фото overclockers.ru сайтынан алынды

Айды зерттеуге арналған ақылды қону модулі (Smart Lunar Exploration Lander, SLIM) көздеген объектінің жанына өте үлкен дәлдікпен (100 метр, ғарыштық аппарат үшін бұл өте жақсы көрсеткіш) қонуға арналған. Оның «Айдың сұрмергені» аталуы да сондықтан. Айдың орбитасына сәтті орналасқан SLIM-ді қаңтарда Айдың бетіне қондыру жоспарланған.

Егер модуль Айға сәтті қонса, Жапония Айға ғарыш аппаратын қондырған бесінші ел болмақ. Қазіргі уақытта әлемнің төрт елі өздерінің ғарыш аппараттарын Айға қондырып, зерттеулер жасай алды: АҚШ, Ресей (Кеңестер Одағы кезінде), Қытай және жақында Үндістан өзінің «Чандрайан-3» аппаратын қондырды.

Фото aif.ru, Shutterstock.com сайттарынан алынды

Жапондық модуль ғарышқа қыркүйек айында ұшырылды және Айға сапарын еш қиындықсыз жалғастыруда. Қазір Ай орбитасына шыққаннан модульді Жапония аэроғарыштық барлау агенттігі (JAXA) 20 қаңтарда Жапония уақыты бойынша түн ортасында Жер серігінің бетіне қондыруды жоспарлап отыр. 

SLIM модулін қондыруға небәрі 20 минут кетеді деп күтілуде, сол кезде ол Айға дәл қонудың мүмкін екенін дәлелдейтін болады. Қону аппараты Ай бетін зерттеуге мүмкіндік беретін сфералық зонд сияқты ғылыми құралдармен де жабдықталған.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Kyodo News

SLIM модулінің қону дәлдігі де ерекше. Бұрын Айға қонған аппараттардың ауытқулары 10 шақырымнан асатын. Ал JAXA-ның қону құрылғылары бұрын мүмкін болмаған көздеген жерден 100 метрлік қана ауытқумен қонуға болатынын дәлелдей алады.

Осының өзі ғарыштық бағдарламалардың жылдам прогресін көрсетеді. Атмосфераның болмауына байланысты Айдың бетіне қонудың өзі өте қиын. 20 қаңтарда әлемнің назары жапондық SLIM зерттеуінде болары анық. Жапония сонымен қатар осы онжылдықта Артемида миссияларының бірінде Айға алғашқы астронавтарын жібереді деп күтілуде. Бұл туралы Aikyn.kz арнайы талдау мақаласын жариялаған. Мына сілтемемен өтіп оқуға болады: https://aikyn.kz/260537/aydan-zherge-ote-k-ymbat-gaz-tasymaldanady

Ғарыш саласындағы мұндай үлкен жетістіктерге бүкіл Жапон халқы қуануда. Төмендегі видеода Жапонияның SLIM модулінің ғарышқа ұшырылу сәті: