2023 жылдың басынан бері әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартқан спорттық додалар легі аз болған жоқ.
Саңлақтар бағындырған биіктер
1,624
оқылды

Қысқы Универсиада ойындарымен басталған әлемдік олимпиада Хоккейден әлем чемпионаты сынды ауқымды байрақты бәсекелермен жалғасып, Азиада – 2023 ойындарымен аяқталып отыр. Осы тұста оқырман назарына биылғы жылдағы қазақ спортының бірқатар жетістіктерін ұсынбақпыз.

Жалауымыз желбіреген додалар

Жыл бойы қазақстандық спортшылар бірталай әлемдік жарыстарда жалауы­мыз­ды желбіретіп, әнұранымызды шырқатты. Осы жыл спорт саңлақтары үшін олжалы болды десек қателеспейміз. Ел үмітін ар­қалағандардың жеңіс қоржыны жалпы 600-ден аса медальмен толықты. Оның ішінде олимпиадалық спорт түрлері бойынша қазақстандық спортшылар 373 жүлдеге қол жеткізсе, олимпиадалық емес спорт түрінен 118 медаль иеленді. Жүлдені иеленген спортшылардың 95-і – отандық параспортшылар. 

Әлемдік рейтингте қазақстандық боксшылар озық көрсеткішке ие болды. Әсіресе, Ташкенттегі ерлер арасындағы ХХІІ әлем чемпионатында былғары қолғап шеберлері тарихи жеңіске жетіп, жанкүйер сенімінен шығатын деңгейде ойын көрсетті. Үздік үштіктер қатарына енген боксшылар ел мерейін асырып, ха­лықтың абыройын асқақтатты. Бұлай ай­туымыздың себебі бар. Әлем чемпио­натында 4 бірдей боксшымыз алтын қан­жығалап, Қазақстан құрамасы медальдық есепте екінші орынды иеленді. Үздік үштіктер көшін Өзбекстан бастап, Ресей түйіндеген болатын. Шаршы алаңда қолғап түйістірген қарсыласын бет қаратпай ұтып, әлем чемпионатының алтынына ие болған боксшыларымыз – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, мансабында тұңғыш рет жеңіске жеткен Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай. Қазақстан осы байрақты доданың нәтижесінде әлем чемпионаты тарихында медаль саны бойынша үшінші орынға тұрақтады. 

Қазақстан спорты үшін тағы бір ерек­ше маңызға ие 2024 жылғы Еуропа чем­пионаты іріктеу сайысындағы ойындарды атап өтуге болады. Қазақстан құрамасы Еуро–2024 іріктеуінде 7 рекорд орнатты. Нақтырақ айтсақ, Магомед Адиевтің командасы он іріктеу матчында 18 ұпай жинады. Бұл – рекорд. Бұған дейін команданың ең жоғары көрсеткіші 10 ұпаймен шектелген болатын.

Биылғы жылдың басты жарысы – Азиада–2023 ойындары. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен дүниежүзілік додаға елімізден 525 спортшы қатысты. Спорттың 30 түрінен тартысқа түскен жерлестеріміз 80 медаль (10 алтын, 22 күміс, 48 қола) иеленіп, командалық есепте 11-орыннан көрінді. Олимпиада кезінде Қазақстанның жаңа рекордын жасаған бірнеше оқиғаларды тізіп айтуға болады. 100 метр фристайл қашықтығын 49.18 секундта жүріп өткен Әділбек Мусин финалға 6 орында жолдама алды. Бұл нәтиже Қазақстанның жаңа рекорды болып саналады. Сондай-ақ Аделаида Пчелинцева брассының 50 метр қашық­тықтағы Қазақстан рекордын жаңартты. Алдын ала жүзу кезінде ол 31.28 секунд нә­тиже көрсетіп, финалға 7 орында шықты. Бұған дейін Қазақстан әлемдік турнирлерде бір күнде тоғыз жүлдеден артық ұтқан жоқ. Сонымен қатар қазақ­стандық спортшылар күніне алғаш рет үш алтын медальға ие болды. Сарапқа салын­ған алтын велошабандоз Евгений Фе­доров, каратэші Нұрқанат Ажиканов және джиу-джитсу шебері Нұржан Батыр­бековке бұйырды. 

Қазақ спортының жетістіктеріне ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырза­босынов шолу жасап, спортшылардың еліміз үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті. 

«Біздің спортшылар ел аумағында және шет мемлекеттерде өтетін халық­аралық жарыстарда еліміздің атынан лайықты өнер көрсетіп келеді. Осы ретте, бокстан құрама команданың Ташкентте өткен әлем чемпионатында 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, жалпыкоман­далық 2-орынға ие болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Италияда өткен әлем чемпионатында семсерлесуші Руслан Құрбанов Қазақстан тарихында бірінші болып қола медаль иеленді. Сонымен қатар каратэден Азия чемпионатында жалпыкомандалық бірінші орынды, мер­гендеріміздің рейтингтік әлем кубогінің медальдық есебіндегі бірінші орнын үл­кен мақтанышпен атап өтуге болады», – дейді ол.

«Спорттың бұқаралық сипаты болуы тиіс»

Байрақты бәсекеде сынға түсетін қазақ спортының жетістігінен хабардар болған жанкүйер оның кемшін тұсын біле бермейді. Жанкүйер жаны тек жеңіспен басталған жаңалықты естуге құмар ке­летіні анық. Ал спорттың басы-қасында жүргендер бұл саланың сан қырын бөлісті. Спорт комментаторы Самат Дәрменов бүгінгі қазақ спортының бірқатар күр­меулі мәселелері жайында айтып өтті.

«Биыл қазақ спорты үшін жемісті аяқталды. Қазіргі уақытта бір спортшы олимпиадаларда бірнеше медаль алуға мүмкіндігі бар. Жалпы, елімізде спорт­шыларды әлемдік турнирлерге спорттың бір бағытында ғана жаттықтыру ісі қалып­тасып қалған. Байқасақ, отандық спорт­шыларымыздың жеткен жетістіктері тек Олимпиада, әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында білінеді. Ал жалпы спорттың бұқаралық сипаты білінбейді. Мысалы, хоккей, баскетбол сынды ойындар спортты қарқынды дамытады, бірақ дәл осы спорт түрлерінен ұлттық чемпионаттың насихатталуы аз дер едім. Биыл Швециядағы допты хоккейден өткен әлем чемпионатында жеңіліске ұшы­рағанымен, Финляндия­дағы шай­балы хоккей жарысында мұз айдын иелері жалпыкомандалық есепте алтыншы орынды иемденді. Бұл – әлем елдерімен салыстырғанда әлдеқайда жақ­сы көрсет­кіш. Дүбірлі додаларда, әлемдік спортта табан тіреген орнымыз жақсы, бірақ мұ­нымен тоқмейілсуге болмайды. Отандық спортта менеджменттің әлсіз жақтары да бар. Көптеген ұйымдасты­рылатын спорт­тық іс-шараның басында спорттан хабары жоқ азаматтардың жүретіні де өтірік емес. Мұның себебі – еліміздегі спорт федера­ция­лардың басым бөлігінің тізгіні кә­сіпкерлердің қолында болуында. Олардың белгілі бір спорт түрін дамытуға аянбай күш салатынына еш күмәнім жоқ. Десе де, кәсіби ма­мандардың өз жұмысымен шұ­ғылдануы жақсырақ нәтижеге қол жет­кізуге мүмкіндік берер еді. Кез келген спорт саласы алдағы жылдары бұдан да жо­ғары қарқынмен дамиды деп сенеміз», – дейді С.Дәрменов. 

Бүгінгі қазақ спортының ішінде тен­нисшілердің біліктілік қарқыны артты. Өткен жыл мен биыл отандық теннис­шілер сәтсіздікке ұшыраса да, үлкен серпіліс жасаған спортшылардың же­тістігі әлемдік рейтингте жоғары көте­ріліп тұрғанын айтады Қазақстан теннис феде­рациясының мүшесі Жанболат Жакупов. 

«Былтыр Жазғы Азия ойындарында үш қазақстандық үстел теннисшісі ойын­нан шеттетіліп қалды, ал биыл Денис Евсеев жапондық спортшыдан екі сәтте де жеңіліске ұшырады. Спортта жеңілістің болуы да заңдылық. Биыл бізде Бейбіт Жұқаев үлкен серпіліс жасап, Қазақстан­ның екінші ракеткасы атанды. Ақтау теннис мектебінің түлегі кез келген қап­тал­да тұрақты соққы жасай алады. Қазірдің өзінде ол ТОП-100-ге кіретін бірнеше ойыншыны ұтты, бұл – жақсы көрсеткіш. Енді жас жеткіншектер жө­нінде айтсақ, Әмір Омарханов өсіп келеді. Заңғар Нұрланұлымен бірге жасөспірімдер арасында Дэвис кубогінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Омарханов барлық матчтарын жеңіспен аяқтап, Испания мен Италияның үздік ойыншы­ларын ұтты. Бұл табыстар үміт ұялатып, алдыңғылар­дың орнын басатын ізбасар­лар бар екен­дігін көрсетеді. Биыл ел тарихында алғаш рет жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шыққан Іңкәр Дүйсебай мен Анастасия Крымковалар да бар. Турнир барысында жеңіске де жете білген қыздарымыз қоры­тындысында әлемнің 10 үздік елінің қа­тарына енді. Енді осы қарқынды сақтап, жоғары деңгейден түспеу қажет. Мұның бәрі еліміздің спорттағы жетістігі деуге болады», – дейді сарапшы. 

Келер жылдан үміт көп

Биылғы жарыс нәтижелері қазақ елі үшін жаңа рекордтық көрсеткіштермен толықты. Бұдан бөлек, Қытай Ханчжоу қаласында өткен Азиадада қазақстандық­тар 45 қола жүлдеге ие болып, параазиада тарихында бұрын-соңды болмаған үздік көрсеткішке қол жеткізді. Бұл санға ең жақын отандық спортшылар 2018 жылы Индонезиядағы Джакартада 44 қола медаль жеңіп алған кезде болды. Сонымен қатар сарықұрлық сайыпқырандары сынға түскен бәсекеде спортшыларымыз Азияның үш, Азия пара ойындарының төрт рекордын жаңартты. 

Алдағы жылдың қаңтарында Оңтүстік Кореяның Канын қаласында жасөс­пі­рім­дердің қысқы Олимпиадасының жалауы желбіремек. Туризм және спорт министр­лігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы күнге дейін спортшыларымыз 30 ха­лықаралық турнирлерге жолдама алды. Оған қоса, жуырда Оңтүстік Кореяда спорттық оқ атудан Олимпиадаға жолдама үлестірген Азия чемпионатында жерле­сіміз Арина Алтухова жеңіс шыңын бағындырып, келер жылы Парижде өтетін Олимпиадада ел намысын қорғайды. 

Қазақ спортының даму деңгейі жыл сайын дамып келеді. Оған әлем чемпио­наттарында мемлекеттің жеңіп алған ме­даль­дары дәлел. Алда көптеген жарыс­тар күтіп тұр. Олардың әрбіріне үлкен да­йын­дық керек. Сондықтан сол сайыстарда қа­зақ­стандық спортшылардың жоғары дең­гейде ойын көрсетуіне зор сенім артамыз.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ