Ауыл шаруашылығы саласы – мемлекет дамуының локомотиві. Еліміз Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталық­­тың біріне айналуға тиіс.
«Ауыл аманаты» ырыздыққа бастайды
1,053
оқылды

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында арнайы тоқталып, саланың даму бағдарын анықтап берді.

«Ауыл аманаты» – ілкімді істің бірі

Ауыл еңбеккерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруды көздейтін бұл бағдарлама тиімділігін көрсетіп, халық арасында зор сұранысқа ие болды. 

«Ауыл аманаты» жобасын 2023 жылдағы басты халықтық жоба деп айтуға толық негіз бар. Президенттің сайлауалды бағдарламасында көзделген міндеттерді орындау мақсатында былтыр елімізде 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге аталған жобаны жүзеге асыруда.

«Ауыл аманаты» жобасы еліміздегі әр ауылда, әр отбасында сауалнама жүргізу арқылы статистикалық ақпарат алудан басталды. Ауылдарда жүргізілетін скрининг арқылы әр елді мекеннің география­лық ерекшелігі, жердің, аяқ судың жай-күйі, еңбек және қаржылық, өзге де ре­сурс­тары жөнінде сандық көрсеткіштер жиналды. Бұл статистикалық ақпаратты жобалық кеңсе сараптап, жергілікті әкімдіктерге әдістемелік көмек көрсетуде. 

Бағдарлама өміршеңдігін пилоттық жоба ретінде Жамбыл облысында жүзеге асыру барысында дәлелдеді. 2019 жылдан бері Жамбылда төрт мыңға жуық ауыл азаматы жеңілдетілген несие алған. 

Жобаның шапағатын көрген кәсіпкерлердің бірі – Талғат Сәрсембаев. 

«Қазір кәсіп бастап, оны дамыту оңай шаруа емес. Біз ауыл шаруашылығы жануар­ларына, құстар мен балықтарға арналған құрама жем өндірісін аштық. Өндірістік қуаттылығы жылына 20 тонна ет өнімдерін бере алатын шағын құс фермасын құрдық. Сондай-ақ ірі қара малды бордақылау алаңын ұйымдастырдық. Бізге әрі қарай дамып, кәсібімізді нығайту үшін қолдау керек болды. Қазіргі «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің өңірде пилоттық жоба болып басталғанда мемлекет бізге қолдау көрсетіп, 2,5 пайызбен жеңілдетілген 300 млн теңге несие берді. Осы қолдаудың арқасында 33 әлеуметтік осал отбасы бізден бройлерді өсіруге арналған модульдер сатып ала алады. Бұл олардың кәсіпкерлікпен айналысып, тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіпорнымыздың айналым қаражаты үшін 100 млн теңге жеңілдетілген несие берді», – дейді Талғат Сәрсембаев.

Биыл Үкімет «Ауыл аманаты» жобасына 100 млрд теңге бөлген. Бұл қаржыға 17 мың шағын несие беріп, 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделген. 

Бағдарламаның негізгі операторы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 1 желтоқсанға 69,4 млрд теңгеге 11,3 мың шағын несие берілген. 

«Ауыл аманаты» жобасының талаптары кәсіп бастаймын деген кез келген ауыл азаматына, қарапайым халыққа өте тиімді.

2,5 пайызбен берілетін несиені ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу, өндіруге, егін және мал шаруашылығының, бизнестің өзге де бағыттарына қолдануға болады. 

Кооператив құрып, кәсіп ашқандарға тиімді

Ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы жеке кәсіпкерлер 2,5 мың АЕК-ке (АЕК – айлық есептік көрсеткіш), яғни 8,6 млн теңгеге дейін ала алатын болса, ауыл шаруашылығы кооперативтері 8 мың АЕК-ке немесе 27,6 млн теңгеге дейін несие ала алады. Несие мерзімі мал шаруашылығындағы жобаларға 7 жылға, бизнестің өзге де бағыттары үшін 5 жылға дейін беріледі. «Ауыл аманаты» жобасы елімізде құрылған кооперативтердің жұмысын жандандыруға үлес қосады деп күтілуде. Қазірдің өзінде 400-ден астам кооператив құрылған. 

«AMANAT» партиясы жоба аясында өңірлерге ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға, бағытын анықтауға ұсыныс­тар беріп, әдістемелік көмек көрсетті. 

– Қазір елімізде 820 кооператив жұмыс істейді. Бұл кооперативтер жанына 16 мыңнан астам жеке қосалқы шаруа­шылық біріккен. Өкінішке қарай, олардың барлығы қажетті техникамен, технология­мен қамтамасыз етілмеген. Аймақ басшылары жобаны жүзеге асыру барысында тиісті инфрақұрылымға назар аударғаны жөн», – деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев. 

Бұл – партияның ғана көзқарасы емес, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен жергілікті әкімдердің алдына қойған міндеттердің бірі. 

Президент биылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек», – деген болатын.

Жеңілдетілген несиені жеке адамдарға немесе кооперативтерге беруді жергілікті әкімдіктер өңірдің ерекшеліктеріне қарай өздері белгілейді.

«Бағдарлама ең бастысы – көзделген мақсаттың орындалуымен құнды. «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Несие беру саясатын айқындау кезінде облыс әкімдіктері ауылдардағы жұмыссыз­дар немесе атаулы әлеуметтік көмек алу­шылардың санын ескеруі қажет. Олардың тұрақты табыс көзі болуы керек», – деп есептейді жобаға бастама жасаған «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Жақында Мемлекет басшысының Ақтөбе облысындағы жұмыс сапарында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде баяндалды. Аталған бастама қолға алынғалы бері өңір бойынша 1 471 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында қосымша 12,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Мемлекет басшысына бағдарлама аясында аймақтағы 209,8 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдары егіліп, жалпы аумағы 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынғаны туралы айтылды. Сонымен қатар 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 шағын сүт өңдеу, 65 ет өңдеу жобасы іске қосылған.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында 1 210  жаңа жұмыс орны ашылып, 1 062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бір ғана Мәртөк ауданының өзінде аталған бағдарлама шеңберінде ұсынылған 195 жобаға 902,5 миллион теңге несие берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті.

Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бастамасы қолға алынғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның тиімді тұстарын атап өтіп, мемлекет шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсететініне назар аударды.

Ерекше атап өту керек, «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандары көмек көрсетуде. Олар қаржылық сауаттылық бойынша ауылдық жерлерде семинар-тренингтер өткізуде. Тыңдаушылардың басым бөлігі «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібін бастағандар, сондай-ақ жобаға қызығушылық танытып жүрген ауыл тұрғындары.

Еске салайық, Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын және оны еліміздің барлық аймақтарында кеңейтуді тапсырған болатын.

Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру. Партия биыл 65 мыңға жуық адамды жоба аясында оқытып, біліктілігін жетілдірді.

Берік БЕК