Танымал әнші, ҚР мәдениет қайраткері Қарақат Әбілдина отбасының Жаңа жыл мерекесін қалай қарсы алатынын айтты.
Бізге тән мейрам емес: Қыдырәлі мен Қарақат Жаңа жылды қалай қарсы алады?
21,028
оқылды

Ол алдымен тұңғышы Бекболат туралы да сөз қозғады, деп хабарлайды Аikyn.kz.

Өнер иесі 6 баланы дүниеге әкеліп, “Күміс алқа” иегері атанған. 

“Мен әйелмін, әлемнің анасымын” деп әндетіп жүргенде, ене болатын жасқа жетіппіз. Бекболаттың қазір жасы – 23-те. Өзіміз де отау құратын жасқа жеттің, келіншек ал деп жатырмыз. Уақыттың еншісіндегі дүние болып тұр. Әзірге шаңырақ көтеру туралы ой айтып жүрген жоқ. Өсуім керек, бала-шағамды асырайтын қаржы жинауым керек дейді. Отбасын құру – күрделі қадам, үлкен жауапкершілік екенін түсінгеніне риза болдым. Бірақ әкесі екеуміз қазір үйленемін десе де дайын отырмыз. Ене болуға да, әже болуға да дайынмын. Жан-жақтан қысым көрсетіп, үйленуің керек демейміз”, – деді әнші. 

Сонымен қатар Қарақат жарының жаңа жылды тойлауға қатысты көзқарасын да әңгімеледі. 

“Жаңа жыл – отбасылық мереке. Керемет көтеріңкі көңіл күймен қарсы алуға тырысамыз. Барлық отбасы сияқты түгел жиналамыз, дастарқанды жаямыз, кейде достармен бірге Бурабай сияқты демалыс орнына баратын кезіміз болады. Бірақ осы қыста вирус өршіп тұрғандықтан, алысқа шығуды жөн көрмедік. Үйде, отбасымызбен әдемі көңіл күймен, сыйлықтарымызды табыстап, қарсы алайын деп отырмыз. Басқа отбасылар секілді біз де үйге шырша құрамыз. Бірақ әкемізге ондай тірлігіміз ұнамайды. Ол өте ұлтжанды кісі болғандықтан, "Жаңа жылға қатты мән бермеңдер, бізге тән мейрам емес" деп айтып жатады. Біз енді соншалықты армандар картасын жасап, қандай да бір дәстүр ұстанбаймыз. Ақырындап мерекеге деген көзқарас өзгеріп келеді. Біздің ерекше күтетін мейрамымыз – Наурыз мерекесі. Өзіміздің ұлттық мерекені ерекше тойлаймыз. Желтоқсандағы жаңа жыл тек – күнтізбенің ауысуы, ал негізгі жаңа жылымыз Наурыз мерекесі деп балаларға түсіндіреміз,” – дейді өнер иесі.